Клара ҚАБЫЛҒАЗИНА, журналистика факультетінің профессоры: Бірлігі мықты елдің ырзығы мол

16.09.2021

Көрулер: 1954

«ҚазССР» деп таңбаланатын мемлекетіміздің тәуелсіз Қазақстанға айналғанын естіген күн мәңгі есімде. Қолымда екі жастағы балам бар еді... Іштегі бұлқынған, буырқанған, лақ етіп шығарға саңылау таппай тұрған көп жылдарғы қордаланған жалын көзден тарам-тарам ағылды-ай дерсің... Не болғанын түсінбеген сәби кішкентай саусақтарымен бетімді сүртіп жатыр, «Құлыным-ай, сен азат елдің ұрпағы боласың» деп сөйлеп қоямын.

Бостандық, еркіндік, әлдекімдерге жалтақтамау, өз ана тілін еркін қолдана алу, үстемдік құрушы тілді түсінбегенің үшін қорлық көрмеу деген асыл арманымыз еді. Адам болған соң еркіндікті, бостандықты аңсайды, армандайды, сол үшін әрекет етеді, күреседі. Тәуелсіздік деген бабаларымыздың арманы, аңсауы еді, енді соған қолымыздың жеткеніне отыз жыл болды. 

Ол кездері қазіргідей гаджеттің түр-түрі жоқ, күндіз радиодан шала естіп қалдым ба деген жымысқы ой да жоқ емес, кешкі хабарды күтіп сарсылдым. Толқи отырып халқымыздың тағдырын шешкен жаңалықты диктор да жеткізді-ау... Алдымен құттықтаған түрік ағайындар екенін естіп, марқайып қалдым.

Міне, сол бақытты күннен бері отыз жыл өтіпті. Бұл аралықта Қазақстан шекарасын бекіткен, дербес, зайырлы ел қатарына жетті. Алайда осындай жеңіске қол жеткізген соң, оны сақтап қалу одан да қиын міндет екенін түсіндік қазір. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін ел ішінде алауыздық болмауы керек. Ал ол мақсат жолында халыққа біртұтас идея, жұмылдырушы күш, мақсат-мұрат қажет. Анығырақ айтқанда, ұлттық идеяның мықты болуы алдыңғы кезекте деген сөз. Идея сыртқы дүниені бейнелейтін қоғамдық сананың пішіні болса, енді бірде адамның басты сенімі орнына қолданылады. 

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кезекті жолдауында «Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел» деген пікірді айтты. Әлем елдерімен терезесі тең мемлекет атану, елінің тұрмысы бай, саналы, сауатты ұрпақтары ертеңіне сеніммен қарайтын ел болу еді. Ел ішіндегі тұрақтылық пен тұтастықтың бірқалыпты дамуының негізгі тұтқасы – ұлттық бірлік пен қоғамдық келісім. Ал бұл құндылықтар Елбасының «Мәңгілік ел» атты жалпыхалықтық идеясында көрініс тапқан. Мәңгілік елге айналу үшін тәуелсіздікті сақтап, елдігімізді нығайту – басты мақсат. Өйткені тәуелсіздік ұғымы халқымыздың мұраты, ғасырлар бойғы арманына айналған, сонау Алаш тұлғаларының зердесі мен өнегесімен келген аманат дүние болатын.

Елбасы бес институционалдық реформаны талдау барысында тарихтың жаңа белесінде тұрған ұлттың бірлігін нығайтуды ерекше назарға алды. «Қоғамымыздың көптүрлілігі – біздің әлсіздігіміз емес, күшіміз. Барлық азамат құқықтың бірдей көлемін пайдаланып, жауапкершіліктің бірдей жүгін арқалап және түрлі мүмкіндіктерге бірдей қол жеткізуі тиіс. Біздің қоғамымыз неғұрлым қуатты және біртұтас бола отырып, тарихи тұрғыда көптеген тілдерден және мәдениеттерден қалыптасты. Бүгінде бізді «Мәңгілік ел» құндылықтары: азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, оқымыстылық, толеранттық, шын берілгендік пен патриотизм біріктіреді», – деді. Шындығында, бірлігі мықты, іргесі бүтін елдің қашанда ырзығы мол. Еліміз осындай баға жетпес байлығы – татулығымен мақтана алады. 

«Мәңгілік ел» – жалпықазақстандық ортақ шаңырақтың ұлттық идеясы әрі бабаларымыздың асыл арманын, аманатын жүзеге асыру болып қарастырылғаны абзал. Яғни Мәңгілік ел болу – шектеусіз ғұмыры бар, тәуелсіз, тұғыры биік, ғылым-білімі дамыған, бірлігі жарасқан алдыңғы қатарлы, әлем таныған алпауыт елге айналу. Сондықтан да мәңгілік әрі бәсекеге қабілетті ел болу үшін болашақ ұрпағымыз осы негіздегі мықты идеологияны бойына сіңірген болуы керек.

Отанды сүю – әрбір ұрпағымыздың, азаматтарымыздың міндеті. Өткенді ұмытуға болмайды. Б.Момышұлы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дегендей, ата-бабамыз көзінің қарашығындай сақтап келген жерін солай қастерлеп, еліміздің көк туын биікте ұстап, тәуелсіздігімізді сақтау – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Н.Назарбаев: «Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекетімізді нығайта беру үшін бізге ең әуелі бірлік қажет», – деген болатын. Шынымен де, бірлік жоқ жерде – тірлік жоқ. Сондықтан да қуаныш пен қиыншылықта халқымыз әрдайым бірге болуы қажет деген тәмсіл күн тәртібінде тұруы тиіс. Арысы Қазақ хандығынан бастап, берісі егемен елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы – осы аманатты сақтау. Жәнібек пен Керейдің керген керегесін құлатпау, туған елімізді, жерімізді қастерлеп өту әрбір ұрпақтың міндеті. Қазақта «Отансыз адам – ормансыз құс» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді ортасы жоқ ұлттың өмір сүруі, тірлік кешуі мүмкін емес. Себебі тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің, тапталмаған намыстың күшімен келген ұлы мәртебе. 

Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық», – деген. Жаһандану заманында бүкіл әлем алақандағыдай болып қалды. Талапты ұл-қыздарымыздың жер жүзіндегі кез келген елге барып, білім алуы қалыпты үрдіске айналды. Сонда қалып, қызмет істеп жүргендер де баршылық. Осы орайда, ел ішінде «жастар шетелге кетіп жатыр» деген алаңдаушылық та бар. Мен жастарымыз білімін жетілдіріп, бәрібір елге оралады немесе шетелде жүріп-ақ Қазақстанның мүддесін қорғайды деп сенемін. Өйткені қырық жылдан астам уақыт шәкірт тәрбиесімен айналысып, жастардың ортасында жүргеннен кейін олардың психологиясы маған жақсы таныс.

Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Осы орайда, Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан сөзі ойға оралады. Ол:

«Уақыт қарқыны – зымыран. Күні кеше өткен сияқты уақиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгерді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін», – деген болатын. Міне, осы сенім халқымыздың санасынан берік орын алған сәтте бізді жеңер жау, еңсемізді түсірер құдіретті күштің болмайтыны анық.

Елбасымыздың: «Біз өткен шаққа қарайлай беруді емес, баянды болашаққа ұмтылған елдің ұмытылмас ұстанымын алуымыз керек. Кейде «Томирис қазақ екен», «Шыңғыс хан қазақ екен» дегенде, менің ішім пысып қалады. Басымызды артқа бұрып, алға қарай қалай жүреміз? Алға қарайтын кез келді. Ұлыбританияның экс-премьері Тони Блэрдің парламентте тұрып: «Ұлыбританияның бай тарихы бар. Бірақ біз музейде өмір сүрмейміз ғой», – деп айтқаны бар. Сіздерден, зиялы қауым, білімді, дуалы ауызды адамдардан шығатын сөз дұрыс болуы керек. Болашақты ойлауымыз керек», – деген пікірі отандық бұқаралық ақпарат құралдарының ұстанар негізгі межесі болу керек.

Бүгінгі таңда ұлттық құндылықтарды насихаттауға күш салудың қажеттілігі артып отыр, өйткені жаһандану процестері елімізге тереңдеп енген сайын, демократияны бетперде еткен, «көрінбейтін» қауіптер төне бастады. «Көpiнбeйтiн» қaуiптep дeп – cыpтқы бeлгiлepi бoйыншa зaңды құбылыcқa жaтaтын, aл түп нeгiзiндe aқпapaттық құpaлдap apқылы eлдi apaндaтуды мaқcaт eтeтiн құбылыcтapды aйтaмыз. Coның бipi – бaтыcтық мәдeни экcпaнсия. «Бaтыcтық» cөзi бұл жepдe шapтты ұғым, oл ұлттық құндылықтapымызғa жaт, қaйшы кeлeтiн мәдeни фopмaлapды өpнeктeу үшiн қoлдaнылып тұp. Мұның қaуiптi тұcы мынaдa: дәcтүpлi cыpтқы ынтымaқтac eлдep apacындaғы eлiмiздiң имиджiнe нұқcaн кeлтipу, eлдeгi ұлттық дәcтүpлepдi ұcтaнaтын xaлықтың әдeйi ызacын кeлтipу жәнe ocы apқылы apaндaту cияқты мaқcaттap үшiн icтeлiнiп жaтқaн әpeкeттep жac ұpпaқты пaтpиoттық pуxтa тәpбиeлeугe кepi әcepiн тигiзeдi.

Aқпapaт ғacыpындa бұқapaлық aқпapaт құpaлдapының дaму қapқыны жaңa caтығa көтepiлдi. Coндықтaн қaзaқ бұқаралық ақпарат құралдарының caн aлуaн функцияcын, қoғaмдaғы pөлiн, тeopияcы мeн тәжipибeciн жаңа қарқынмен, бағытпен дамыта түсу қaжeттiлiгi туындaп oтыp. Осы ретте журналист кадрларды даярлау жолында еңбек етіп жүрген педагогтардың мақсат-мүддесіне деген, жауапкершілігіне деген талап та арта береді.

Тәуелсіздігіміздің көк байрағын желбіретіп, еліміздің еңсесін биікте ұстап, тілімізді тұғырынан тайдырмай, байлығымызды талан-таражға түсірмей, болашақ ұрпақтың алдында ата-бабалық парызымызды адал жалғастыру – бәріміздің басты борышымыз.