Жастар беті: Жаһандану жастар көзімен...

22.07.2021

Көрулер: 40838

Жаһандану – күрделі ұғым. Оның әсері мемлекеттегі ұлттық руханияттан экономикаға дейінгі барлық саланы қамтуда. Сондықтан оның ауқымын таразылауда философиялық тұжырым жасаудың маңызы зор. Ал оған дейін оның мәнін барынша түсініп, жан-жақты сараптауымыз ләзім. Бүгінгі ақпараттық қоғам кеңістігінде жаһанданудың ықпалы өте жоғары. Сондықтан біз жалпы тақырыпты заманауи даму жолындағы жастардың өз арасында талқылап алуды жөн көрдік. Олардың пікірлерін қағазға түсірдік. Ендеше ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультеті студенттерінің жаһандану үрдісі туралы пікірлерімен таныс болайық, оқырман!

 

 

  

Бәсекеге қабілетті тіл басым болады

Философияның заңы бойынша екі бір­дей нәрсе құбылыс болмайтыны сияқты, бір тұлғаның екі тілді дәлме-дәл бірдей білуі де мүм­кін емес. Екі немесе одан да көп тіл білетін кез келген адам үшін, әйтеуір, бір тіл үстем бо­лады. Табиғи жағынан алғанда, әдетте адам үшін өзінің ана тілі басым болуы керек, бұл ­– жара­тылыс қағидасы. Ал қазіргі ғаламдық шын­дыққа қарасақ, онда ана тілінің емес, мем­лекеттік тілдің немесе бәсекеге қабі­леті жоғары тілдердің басымдығын айқын аң­ғарамыз.

Айталық, әлемде мыңдаған тіл бар десек, олардың 90-нан астамы ғана мемлекеттік немесе ресми мәртебеге ие. Яғни ана тілінің көпшілігі әлгіндей мәртебеден шет қалғандықтан, олардың ба­сым көпшілігі қоғамдық қатынастарда қолданылмайды. Сондықтан ол тілдерде білім берілмейді, бұқа­ралық ақпарат құралдары жарияланбайды, кітаптар шықпайды.

Жаһандану кезінде әлемдік тілдердің ық­палы артады, терминология халықаралық маз­мұнға ие болады, басым тілдерде жасалған сөз тіркестері қолданылады. Осындай болуға тиісті тілдік-мәдени үдерістер барлық тілдерге тән.

Түйіндей келе айтарым, тіл – ойдың жемісі. Қай тілде ойласаң, сол тілде сөйлейсің. Сол себепті тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, тіл – ұлтты, әлемді, дүниені тану моделі десек, артықтық етпес. Оны отандастарымыздың баршасы сезінсе, түсінсе жаһандану дәуірінде барлық құндылықтарымызды өз деңгейінде сақтай да аламыз, жетілдіре де аламыз.  

 

Ботагөз ҚАЛИЕВА,

2-курс студенті 

 

 

 

Халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор

ХХІ ғасырда Қазақстан әлемдегі жаңа орын үшін күресуге мәжбүр болады, онда ресурстар шешуші фактор емес. Ал бейімделу мүмкіндігі, қаржылық, ақпараттық және тауарлық ағындарда, жоғары технологиялар саласында өз үлесін алу негізгі фактор болып табылады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың пікірі бойынша: «Біздің ел өзгермелі әлемдік экономикалық тәртіпке бейімделу үшін барлық қажетті алғышарттарды жасауы керек».

Жаһандану және оның туындайтын процестері күш пен бейімделушілікті, мінез-құлықтың дәстүрлі модельдерін, өмір салты мен дүниетаным тәсілдерін, сондай-ақ адамдардың құндылықтарын, бағдарларын, алалаушылықтарын сынайды. Жаһандану сын-қатерлеріне тиімді жауап ретінде білім беру жүйесін жетілдіру, тұтыну мен жинақтау заңдылықтарын ұтымды ету, мемлекеттер арасындағы қатынастарды жақсарту және әр адамның жеке-жеке жауапкершіліктерін арттыру кіреді. Қазіргі экономикалық жүйенің жаһандану үдерісі күшейіп жатқан жағдайда ешбір ел өзінің мәселелерін бүкіл әлеммен тығыз үйлестірусіз шеше алмайды. Бұл тығыз халықаралық ынтымақтастықты талап етеді. 

Дәулет БЕЙБІТ,

2-курс студенті 

 

 

 

Жаһандану – қоғам дамуының негізгі факторы

Бүгінгі таңда жаһандану қоғам дамуының негізгі факторларының біріне айналды. Жаһандану процестері елдердің және халықтардың бір-бірімен жақсы араласуына, адамзаттың интеграцияға және оның тіршілік әрекетіне әкеп соқты.

Мәдениет саласында жаһандану процестері дәстүрлі тарих пен мәдениеттің құндылықтары мен элементтерін, сондай-ақ халықтардың тілін елемеу негізі болып табылатын бүкіл әлемде бұқаралық мәдениеттің серпінді таралуына әкеледі. Сонымен бірге ұлттық өзін-өзі танудың жандануы қоғамның жаһандану процестерінің жойқын әсеріне қарсы қорғаныс реакциясы болып табылады. Бұл тенденциялар, менің ойымша, үлкен оң мәнге ие және халықтардың әмбебаптандыру мен стандарттау процестеріне табиғи реакция. Басқаша айтқанда, ұлттық өзін-өзі танудың жандануы, трансформациялық әлем жағдайында түйінді этноконструкциялық белгілердің рөлін күшейту ұлттардың сақталуы мен дамуының, сондай-ақ олардың ұлттық бірегейлігінің өзгеруіне негізгі себептердің бірі болып табылады.

Негізі, ұлтты өзін-өзі тануы ретінде қарастырсақ дұрыс деп ойлаймын, яғни ол мыналарды білдіреді: тарихты, ұлттық мәдениетті, аумақты білу және құрметтеу, халықтың ерекшеліктерін білуі, ұлттық топ мүшелерінің өз мүдделерін, ұмтылыстарын, мақсаттарын, мұраттарын, қажеттіліктерін және т.б. түсінуі.

 

Нұрай НҰРАХМЕТОВА,

2-курс студенті 

 

 

 

 

Ұлттық құндылықтарды құнттау керек

Жаһандану – әлемнің біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі. Қарапайым тілмен айтқанда, жаһандану – елдердің әртүрлі деңгейде біріге отырып дамуы.

Ал осы жаһанданудың мәдениетке әсері қандай? Мен бұл мәселе жайлы екі түрлі көзқараста болар едім. Себебі жаһанданудың мәдениетке жақсы әсері де, жаман әсері де бар. Мәселен, жақсы жағынан, әрине, еліміздің мәдениеті басқа шетелдермен бірдей деңгейде дамуы. Жаһанданудың ерекше жағымды жақтары ең алдымен адам өмірінің мәдени аспектісіне қатысты болуында. Жалпы, мәдени жаһандану – бұл діни және ұлттық шекараларды жоюға бағытталған процесс. Ол өзінің басты мақсаты үшін бүкіл адамзатты бір жаһандық өркениетке біріктіреді. Жаһанданудың мәдени аспектісі қазіргі әлем үшін адамға бүкіл әлемдегі оқиғаларды бақылап отыруға мүмкіндік беретін бұқаралық ақпарат құралдары сияқты ажырамас факторды ұсынады. Ғылыми білім мен технологиямен алмасу прогрестің басты қозғаушысы болып табылады, сондықтан осы саладағы қазіргі жағдай мәдени жаһандануға байланысты деп айтуға болады.

Жаһанданудың теріс әсеріне тоқталсақ: қазақи мәдениетіміздің дамуына біршама кедергілер келтіреді. Яғни қазіргі кезде осы жаһандану мәселесіне байланысты көптеген жастарымыз батыстық мәдениетке қызығушылық танытып, тіпті соларға еліктеуді көп кездестіреміз. Бұл өз кезегінде ана тіліміздің, салт-дәстүріміздің біртіндеп ұмытылуына әкеледі. Бұл жерде бар мəселе ұлттық менталитеттің даму ерекшеліктеріне тікелей байланысты болып отыр. Əрине, ұлттық менталитеттің ішкі мүмкіндіктерін жаһандану үрдісінде дұрыс, тиімді пайдаланудың маңызы өте зор.

 

Нұрсұлу ҚАРЖАУБАЕВА,

2-курс студенті

 

 

Спорт қарым-қатынасты жандандыра түсті

Әлем елдерінде жаһандану дәуірі басталғалы ұлттар мен ұлыстардың экономикасы, тұрмыс-тіршілігі, әлеуеті дамып келеді. Сонымен қатар осы айтылғандармен бірге, спорттың да ерекше қарқынмен дамып келе жатқанын байқап отырмыз. Мәселен, универсиада, олимпиада, Азиада т.б. осы сынды халықтар арасында әртүрлі спорт салаларынан жарыстар өтеді. Бұл жарыстар тек қана орын үшін емес, сонымен қатар халықтар арасында достық қарым-қатынас орнату үшін, мәдениетімен танысу үшін, бір-бірі жайлы көптеген мәлімет білуге өзінің септігін тигізері анық.

Алматы қаласы өзiнiң тамаша спорттық және жапсарлас инфрақұрылымы арқасында және басшылықтың әлеуеттi қолдауымен 2017 жылғы студенттердiң әлемдiк қысқы ойындарын, былайша айтқанда, Қысқы универсиаданы ұтып алды. 1990 жылдардан бастап спорт танымалдылыққа ие бола бастады. Ол бұқаралық, бос уақытты тиімді пайдалану, араласу, бірігу үшін қолайлы мәдениет саласы болды. Бүгінгі таңда халықтың қызығушылығының арқасында кей спорт түрлері өз-өзін асырайтын дәрежеге жетті. Мысалы, футболды алайық. Клубтар өздерінің арасында ойыншылармен келісімшартты сатып, одан қалса, футбол көруші жанкүйерлерге билет сатып, жарнама жасап, өз әлеуетін өздері осылай көтере алуы қуантарлық жағдай.

Дей тұрғанмен жаһандану ұғымының түпкі мақсаты бәрімізге аян. Қай ұлттың тілін, мәдениетін үйреніп, құрметтегенмен, өз елдігімізден айырылмаған жөн.

 

Самат ӘБУОВ,

2-курс студенті

 

Дайындаған Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ