ҚазҰУ-дың Ыстықкөл жағалауындағы спорттық-сауықтыру лагерінде куратор-эдвайзерлерге арналған семинар-тренинг өтті

11.07.2011

Көрулер: 2271

8-10 шілде аралығында ҚазҰУ-дың Ыстықкөл жағалауындағы спорттық-сауықтыру лагерінде куратор-эдвайзерлерге арналған семинар-тренинг өткізілді. ҚазҰУ-дың спорттық-сауықтыру лагеріне ҚазҰУ-дың барлығы 56 куратор-эдвайзер мен 100 студент барып демалды. Бұл демалыс аясында арнайы семинар-тренингтер өткізілді. Семинарды Айгүл Ілясова (психолог) мен Ұлмекен Төлешова жүргізді. Семинар ең бірінші танысудан басталып, студенттерге тек сабақ барысында пайдаланылатын шеберлік сағаттары айтылмай, семинар-тренинг барысында куратор-эдвайзерлердің өздері қызығушылық танытып, студентке өз ойын жеткізу жайында бір-бірімен тәжірибе алмасты.

«Парасат» кәсіподағының қолдауымен «Сұңқар» студенттер кәсіподағы бірлесе 8-10 шілде күндері Ыстықкөл жағасында «Жас көшбасшылар мектебін» ұйымдастырды, бірінші, осы мектепке баратын студенттерді таңдау, жыл бойында үнемі белсенділік танытып, 13 факультеттен ҚазҰУ-дың үздік студенттері таңдап алынды. Осы жұмыстарды реттеу жастар ұйымдарына жүктелді. Жастар ұйымдары комитеті және оның жетекшісі Ишанғалиева Сәуле және студенттер бағдарлама жасап, әртүрлі спорттық ойын түрлерінен жарыстар өтті, 1-2 курс студенттеріне лидерлік семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Жалпы, командада жұмыс істеу, өзін-өзі таныстыру аясында семинар-тренингтері өтті, сонымен қатар, куратор-эдвайзерлер семинары өтіп жатыр, басты мақсат студент пен куратор-эдвайзерлер арасындағы қарым-қатынасты нығайту болып табылады», - дейді жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлім бастығы Меңдігүл Сағатқызы.

Студенттер «Пирамида» ойынын, су патшасы Сүлеймен күнін арнайы атап өтті. Арнайы дайындықпен өткен іс-шараға университет басшылығынан әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева, тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту департаментінің директоры Гүлнәр Сәрсенбекова, «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев және барлық факультеттердің декан орынбасарлары болды.

Жастар «Пирамида» ойынын ұйымдастырып, бірінші орынды «Ферари» командасы, екінші орынды «Қағанат» пен «Елки» командасы иемденсе, үшінші орынды «Береке» мен «Пирамида» командасы алды. Студенттер кемеге отырып, Ыстықкөлді аралап, демалысты қызықты өткізді. Кешкі концерттік бағдарламада студенттер мен оқытушылар арасында жарыс болды. Бірінші сәлемдесу, музыкалық тапсырма және студенттер оқытушы көзқарасымен және оқытушы студенттер көзқарасымен айтты қойылым болып, нәтижеде достық жеңді.

«Бұл демалыс өте қызық өтіп жатыр, куратор-эдвайзерлермен бірге демалып жүрміз. Студенттер пікір-сайысы, студенттік кәсіподақ, барлығы осы жерде бір-бірімен танысып, араласуда, таза ауа, таза су, барлығы тамаша», - дейді жастар ұйымдары комитетінің жетекшісі Сәуле Ишанғалиева.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі