ҚазҰУ-да «Қазақстандық жоғары оқу орындарының интернационализациялануы және университеттердің халықаралық рейтингі» атты Халықаралық семинары өтуде

07.07.2011

Көрулер: 2847

7 шілде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстандық жоғары оқу орындарының интернационализациялануы және университеттердің халықаралық рейтингі» атты халықаралық семинар өтуде. Бұл семинарға ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов, Варшаваның қоғамдық және гуманитарлы ғылымдар мектебінің халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша проректоры, профессор, Бавес-Боляй университетінің еуропатану факультетінің профессоры (Клуж-Напока, Румыния) Ян Садлак, QS, QS Intelligence тобының ғылыми жетекшісі Бен Соутер, Британдық Кеңес, Қазақстандағы Британдық Темпус кеңсесінің, ҚазҰУ мен өзге де ЖОО өкілдері болды. Семинардың басты мақсаты - білім берудің интернационализациялануындағы әлемдік тәжірибеге сараптама жасау және талдап қорыту, халықаралық байланыс саласындағы мамандардың біліктілігін және кәсіби дайындығын арттыру.

Вице-министр Мұрат Орынханов өз сөзінде Қазақстанның ЖОО халықаралық рейтингке қатысуы маңызды міндет екендігін, бұл іске ҚР БжҒМ көп көңіл аударып отырғандығын айтты. Мұндай семинардың өтуі Елбасы Жолдауында қойылған Қазақстан ЖОО-ның әлемдік университтер рейтингісіне енуі бойынша тәжірибелі түрде іске асуы деуге келетіндігіне тоқталды.

«Қазақстанның жоғарғы оқу орындары әлемдік рейтингте жоғары көрсеткіштерге ие болуы ғылым, білім саласында бәсекеге қабілеттіліктерін танытады. Осы тұрғыда университеттердің зерттеумен айналысуы, жасалған инновациялық жобаларды іске асырып, өндіріске енгізуі және еңбек нарығындағы қажет мамандарды даярлау керек», - деп атап айтты вице-министр.

Бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаев өз кезегінде «ҚазҰУ-дың зерттеу университетіне айналудағы стратегиялық жоспарында кешенді жолы қарастырылған, мысалы, QS, Webometric және т.б. халықаралық рейтингтерге ену көрсеткішіміздің жоғарылығын аңғартады, - деді. - Бұл рейтингіге кіру университеттің академиялық танымалдылығын арттыра түседі», - дейді Мұхамбетқали Бүркітбаев.

Семинар барысында университеттердің халықаралық рейтингілеріндегі Қазақстандық және ТМД жоғары оқу орындарының көрсеткіштеріне, рейтінгілерді дайындау және қатысуға қатысты мәселелер мен перспективаларға айрықша көңіл бөлінеді деп күтілуде.

Семинар екі күнге созылады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі