9 мамыр - Жеңіс күні құтты болсын!

09.05.2021

Көрулер: 2873

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері, магистрант, докторанттары!

 

Сіздерді 9 Мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Соғыс ардагерлері біздің бақытты өмірімізге, тәуелсіздігімізге және аспанымыздың ашық болуына жол ашты. Біз бүгін «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоғын қойып, халқымыздың майдандағы және тылдағы қаһармандығы мен еңбегіне деген зор құрметімізді білдіреміз», – деп атап өткен еді. Сондай-ақ «Біздің ардагерлерге деген құрметіміз олардың ұлы ерлігінен кем түспеуге тиіс. Жеңіске ең алдымен еліміздегі барлық халықтың бірлігінің, бауырмалдығының және достығының нәтижесінде қол жетті. Біз қазір де осы ұранмен өмір сүріп келеміз», – деп майдангерлер мен тылдағы еңбеккерлерге зор ілтипатын білдірген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
«Мерейлі мереке қанқұйлы жауды күйрете жеңіп, туған жерін қорғап қалған әкелеріміз бен аталарымыздың өшпес ерлігін дәріптейтінін» айта келе, «Біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз. Олардың қайсарлығы мен төзімділігінің, табандылығы мен  патриоттығының арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол аштық», – деген болатын.

Шындығында, қан майданда қаза тапқан, ортамызда жүрген ержүрек батырлардың ерлігі – елге мұра, ұрпаққа ұран.

Егін алқаптарында бел жазбай еңбек еткен тыл еңбеккерлерінің жеңісті жақындатуға қосқан үлесі де ешқашан ұмытылмақ емес.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бабалар ерлігі дәріптелетін мемлекеттік мерекеге сәйкес, «Ардагерге құрмет» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Іс-шара аясында екі соғыс ардагеріне, 88 тылдағы еңбеккерге, 13 Ауған соғысының жауынгеріне, 20 университет Ақсақалдар кеңесінің мүшелеріне азық-түлік себеттері таратылып, қаржылай көмек көрсетілді.

Құрметті әріптестер, білім алушылар!

 

Жеңіс туы желбіреген қастерлі мереке құтты болсын!

Төрткіл әлемге танылған айбынды елімізде бейбітшілік мәңгі салтанат құрып, абырой-даңқы арта берсін!

Жерімізге тыныштық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!

 

Құрметпен

ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Қансейітұлы ТҮЙМЕБАЕВ