Жас ғалымдар конференциясы өз мәресіне жетті

12.04.2021

Көрулер: 3093

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Фараби әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын еліміздегі ең ірі ғылыми форумға республикалық ЖОО-лар, институттар, ғылыми орталықтар мен алыс-жақын шетелдерден биыл 3 мыңнан астам жас ізденімпаз онлайн қатысты.

Конференция секцияларының пленарлық отырыстары университет факультеттерінде қашықтықтан өткізілді. Филология факультеті қатысушыларына құттықтау сөз арнаған фил.ғ.д., профессор Баян Жолдасбекова: «Биылғы конференция ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Баршаңызды осынау айтулы мерекемен құттықтап, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін» деп жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ студенттер мен жас ғалымдардың заманауи ғылым мәселелерін шешуге деген қызығушылығының жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.

География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы, г.ғ.д., профессор В.Г.Сальников конференцияның ғылыми инновациямен айналысатын жастар үшін өз жобаларын жүзеге асыруға жол ашатын жақсы мүмкіндік екеніне тоқталды. Виталий Григорьевич: «Фараби әлемі» – жас ғалымдар мен студенттердің өз ғылыми жетістіктерін таныстыратын бірегей алаң. Бұл жерде жастар тәжірибелі ғалымдар мен мамандардың сараптамалық пікірлерін тыңдап, өздерінің кәсіби құзыреттіліктерін арттыра алады», деген пікірімен бөлісті.

Алқалы жиында ғылымның әртүрлі саласы бойынша теориялық, эксперименттік және қолданбалы бағыттағы 120 секция бойынша баяндамалар тыңдалды. Келіп түскен жұмыстар жобаның жаңашылдығы мен маңыздылығы, зерттелу дәрежесі, ақпаратты құрылымдаудың анықтығы, қорытындылардың болуы сынды талаптар бойынша бағаланды. Нәтижесінде 48 студент ректордың дипломымен және әрқайсысы 16 орыннан тұратын І, ІІ, ІІІ дәрежелі диплом иелері сәйкесінше 75 000, 50 000, 30 000 қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

География және табиғатты пайдалану факультетінің 2-курс докторанты, І дәрежелі диплом иегері Гаухар Айдарханова: «Фараби әлемі» конференциясы бізге, студенттер, докторанттар мен жас ғалымдар үшін үлкен жауапкершілік әрі жетістік болып табылады. Себебі біз өз зерттеулерімізді талқылап, ғалымдармен тілдесеміз, олардың пікірлерін тыңдаймыз, даму үшін көптеген жаңа және пайдалы дүниелерді үйренеміз», дей келе, жастарды қолдап отырған университет басшылығына ризашылығын жеткізді.

Конференция аясында дәстүрге сай «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» ғылыми инновациялар байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың мақсаты – ғылыми-инновациялық ізденістерімен көзге түсіп жүрген білім алушылар мен жас мамандарды қолдау, олардың жаңашыл жетістіктерін танымал ету, ҒЗЖ нәтижелерін оқу және өндірістік процестерге енгізу болатын.

«Қазіргі таңда жас ғалымдардың ғылым жолына түсіп, бұл бағытта түрлі жаңалықтар ашуы аса маңызды», дейді филология факультетінің 2-курс студенті, студенттік ғылыми инновациялар байқауының жүлделі ІІ орын иегері Қамшыбек Ахмет. Оның айтуынша, студенттердің әлеуетін ашып, шығармашылығын шыңдауда «Фараби әлемі» ғылыми конференциясының орны ерек. «Осындай ғылыми конференциялар ғылым жолының жаңа бағытта түрленуіне өз ықпалын тигізеді деп ойлаймын», дейді ол.

Байқауға университет білім алушыларынан 60-қа жуық өтінім келіп түсіп, байқау комиссиясының шешімімен 9 жоба авторы жеңімпаз атанды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ