Пандемиямен күрестегі радио қызметі

18.02.2021

Көрулер: 4136

Журналистика факультетіне «Qazaq Radiosy» 100 жылдығына және Дүниежүзілік радио күніне орай «Әрбір тұрғынға және бүкіл халыққа қолжетімді радио: COVID-19 пандемиясымен күресте» атты тақырыбында VІІІ Қысқы халықаралық журналистика және коммуникация мектебі онлайн-форматта өтті. Іс-шара әлемнің жеті елінің қатысушысын біріктірді.

Факультет деканы С. Медеубек Қысқы мектеп қатысушыларын құттықтап, «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директоры Ернұр Бураханның радио ұжымын, еліміздің өңірлерінен, Еуропадан, АҚШ-тан, Ресейден, Қытайдан, Ауғанстаннан, Вьетнамнан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан келген практик мамандарды, журналистика факультетінің студенттері мен оқытушы-ғалымдарын радио күнімен құттықтады. Өз сөзінде ол халыққа жедел ақпарат тарату мүмкіндігі бар радионың рөлін ерекше атап өтті.

Қысқы халықаралық журналистика және коммуникация мектебін жыл сайын өткізу жақсы дәстүрге айналды. Дүниежүзілік радио күніне орайластырылған іс-шара Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросының қолдауымен өткізіледі. Шын мәнінде, бұл оқып жатқан жастар мен кәсіби журналистер үшін керекті медиа-алаң.

Қысқы мектептің негізгі тақырыбы «Жаңа әлем. Жаңа радио. Эволюция. Инновация. Жол қиылысы» мектеп жұмысының даму, инновация, өзара байланыс сияқты негізгі бағыттарын анықтады.

Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросының маманы Сергей Карпов радионың мүмкіндіктері арқылы төтенше жағдайлар кезінде адам өмірін сақтап қалу және қауіп-қатерлерге қарсы тұруға болатынын атап өтті.

ҚР БҰҰ жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек журналистердің локдаун күндеріндегі қызметін ерлік деп атады. Вируспен күресте радио жедел және сенімді ақпарат құралына айналды. Осыған байланысты ол COVID-19 пандемиясы кезінде жалған ақпаратпен күресте «Қазақ радиолары» ЖШС толқындарындағы ақпараттық күресті ерекше атап өтті.

Медиа-шара спикерлері арасында Колумбия университетінің профессоры Гүлнар Кендірбай, Комениус университетінің профессоры Владимир Бацисин, Мемлекеттік Алтай университетінің журналистика теориясы мен практикасы бөлімінің меңгерушісі, профессор Елена Лукашевич, Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің журналистика факультетінің деканы Айна Дүйшекеева, Өзбекстан мемлекеттік әлем тілдері университетінің халықаралық журналистика факультетінің деканы Амрулло Кәрімов, Тәжікстан Славян университетінің доценті Шаходат Сайбназарова ұлттық радионы дамыту туралы өз пікірлерімен бөлісті.

Өткізілген іс-шараның нәтижелері бойынша Орталық Азия университеттерінің тілшілері ұлттық даму моделін және медиа нарықтағы жалпы үрдістерді зерттейтін ғылыми-талдау жорналын шығаруды ұсынды. Оның негізгі бағыты Еуразиялық медиакеңістіктегі өзекті проблемаларды, озық кейстерді, қоғамдық пікірталастарды талдау.

www.kaznu.kz