Халықаралық қатынастар факультетінің студенттері ректормен кездесті

26.03.2011

Көрулер: 3031

2011 жылдың 25 наурызында «Талейран» дипломатиялық клубының қызметі аясында халықаралық қатынастар факультетінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановпен кездесу өтті.

Кездесудің бас кезінде Клуб президенті – Андрей Рылов «Талейран» клубының мақсаты мен мүдделерін айқындайтын таныстырылымын алға тартты. Ұйымның алдағы іс-шаралары мен даму перспективалары айрықша атап өтілді.

Сондай-ақ, Клубтың мерзімді басылымы – «Премьер» журналының бас редакторы Тоғжан Келтенова ректорға басылымның соңғы шығарылымын көрсетті, әрі оның құрылымын, мазмұны мен мақсат-мүдделерін бейнелеп берді. Студенттер атап өткендей, аталған журнал кең қауымға арналған әрі үлкен әлеуетке ие, бірақ қаржылық қиындықтар салдарынан ол өзінің мақсаттарын толық мөлшерде жүзеге асыра алмай жатыр. Өз кезегінде Ғалымқайыр Мұтанұлы бұл журналдың тек халықаралық қатынастар факультетінде ғана емес, сондай-ақ бүкіл университет үшін шығарылып-таратылуына қолынан келгенше көмек беруге уәде берді.

Қазіргі уақытта студенттер мен оқытушылар үшін корпоративтік кодекс жобасы жүзеге асырылып жатқандықтан кездесу барысында Дипломатиялық клубтың экс-президенті Ильяс Ещановтың «корпоративтік этикет» атты баяндамасы ректордың аса қызығушылығын тудырды. Шығыстану факультетінің магистратура бөлімінің 1-курс студенті Жәнібек Қоныспаев «Жапониядағы Корпоративтік кодекс» атты баяндамасында осы елдегі Корпоративтік этикет жайлы мағлұматтармен бөлісті. Аталған тақырыпты студенттердің ден қойып тыңдауы баяндама тізбегінен кейін өткен дискуссиялық талдауда көрінді.

Осы кездесуде Халықаралық бизнес университетінің өкіл студенті Алима Адымова клубқа деген қызығушылын танытып, екі жоғарғы оқу орны – UIB ХҚФ мен «Талейран» Дипломатиялық клубы арасындағы серіктестікті дамытуды ұсынды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі