ҚазҰУ-дың спорт саласы клубтық жүйеге көшпек

17.01.2011

Көрулер: 3010

Салауатты өмір салтын насихаттау үшін әр студент пен әр оқытушы спортпен шұғылдануды саналы түрде жүзеге асыру керек. Оған университеттің дене шынықтыру және спорт кафедрасын клубтық пішінде дамыту арқылы қол жеткізуге болады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бүгінгі өткен Ректорат мәжілісі осындай ұйғарымды мақұлдады.

Қазақстан ЖОО білім беру саласына кредиттік жүйе енгізілгелі бері дене шынықтыру пәні студенттердің білім дәрежесін нақтылайтын межеден түсіп қалып, оның беделіне әжептәуір нұқсан келіп отыр. Бұл олқылықтың орнын толтыруды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті алғашқы болып қолға алды. Бұған университет жетекшілігінің шетелдік іс-тәжірибені жан-жақты зерттегені себеп болды. Жаңа жоба бойынша, әр студент пен әр оқытушы спортпен шұғылдануды саналы түрде жүзеге асыру керек. Бұл университеттің дене шынықтыру және спорт кафедрасын клубтық пішінде дамыту арқылы жүзеге асырылмақ. Осы орайда, дене шынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі А.И.Арещенко университеттің спорттық қызметін клубтық түрде дамыту тұжырымдамасының жобасын ректорат мәжілісі мүшелеріне таныстырды. Ректорат оны әрі қарай толықтыру қажет деп шешіп, тұжырымданы дайындау үшін арнайы жұмыс тобын құрды. Бірінші проректор басқаратын жұмыс тобы осы оқу жылының соңына дейін тұжырымдаманы аяқтап, онда шетелдік тәжірибені жан-жақты зерттеу керек. Бұл тұжырымдама Ұлттық зерттеу университеті деңгейіне лайық түрде сапалы жасалу қажет. Бұған қатысты ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов кредиттік жүйедегі оқыту үдерісінде спорт және дене шынықтыру мәселелерін оңтайлы шешуді назарда ұстауды тапсырды.

Дене шынықтыру және спорт кафедрасында бүгінде 28 спорт түрінен секциялар жұмыс істейді. Клубтық түрде даму тұжырымдамасы осы секцияларда мүше санын көбейтіп, студенттердің саналы түрде спортпен шұғылдануына үлес қоспақ. Ең бастысы, бұл жаңашылдық университет қызметкерлері мен студенттерінің арасында бұқаралық спорт, дене тәрбиесі және сауықтыру жұмыстарының сапасын жақсартуға себеп болмақ.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі