Арулар байқауы мәресіне жетіп, «Ана тілі» аруы» анықталды

25.10.2010

Көрулер: 5826

24 қазанда ҚазҰУ қалашығындағы Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Ана тілі» аруы» байқауы қортындыланды. Университеттің Тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен өтіп отырған байқауға ЛОРЕАЛЬ МЕЙБЕЛАЙН НЬЮ-ЙОРК компаниясы, «БАЙ ТЕРЕК» фото салоны, «ЕРКЕ НҰР» сән салоны және «АРЛАН» дзюдо клубы, Ғ.Мүсірепов атындағы жас өспірімдер және балалар театры т.б. мекемелер демеушілік жасаған.

Жалпы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ана тілі» аруы» байқауына іріктеу кезеңі өз жұмысын 21 қыркүйектен бастап кеткен болатын. ҚазҰУ-да білім алып жатқан мыңдаған аруларымыздың арасынан 700-ге жуық қыздарымыз іріктеу кезеңіне қатысты. Солардың 50-і 2-ші турға сүрінбей өтсе, ҚазҰУ-дың Тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен жүзеге асып отырған «Ана тілі» аруының» ақтық сайысына 14 арумыз бақ сынауға келді.

Бұл ақтық сайысқа дейін аруларымыз бірнеше асулардан асып, талай сын сағаттарда сыналған болатын. Мәселен, «Ана тілі» аруы» байқауының алғашқы кезеңі «Ұлттық тағамдар жәрмеңкесіне» арналған болатын. «Ұлттық тағамдар жәрмеңкесінен» түскен қаржыны арулар қайырымды іске жұмсап, №1 балалар үйіне барып қайтты.

Бұдан кейін аруларымызды рухани демалыс орны Ғ.Мүсірепов атындағы жас өспірімдер мен балалар театры «Тұншыққан сезім» атты спектаклмен қарсы алды. Байқау барысында арулармен бірге өткен белестерді Студенттер сарайына жиналған көрермендер бейне көріністен тамашалады.

Сайыстың алғашқы сәтінде «Ерке нұр» сән үйінің киім үлгісімен сахна төріне шыққан аруларымыз Қыз Жібек пен Баянды, Еңлік пен Ақжұністі елестеткендей болды. Ұлттық киімдер мен әшекей бұйымдар аруларымызды хор қызындай үкілей түскен. Көздің жауын алған сұлулық «Пай-пай, қазақтың арулары-ай» дегізеді.

Бойжеткендермен ере шыққан бозбалалар ерте заманның сал-серілерін көз алдыға келтіріп, сыңғырлай шыққан күлкі мен дамбыра асынған жарасымды жастар сахнаға көрік берді. Қыздарымыздың байқаудың таныстыру кезеңін қыз-жігіт айтысымен ұластырып, жөн сұрасуы өтті сәтті шықты.

Таныстырудан белгілі болғандай ақтық сынға журналистика факультетінің 1 курс студенті Ирина Тен, журналистика факультетінің 3 курс студенті Елдана Рахимова, физика факультетінің 1 курс студенті Әсем Шойбекова, география факультетінің 2 курс студенті Арай Тоян, химия факультетінің 1 курс студенті Меруерт Жақсығали, шығыстану факультетінің 2 курс студенті Толқын Мырзакимова, филология факультетінің 1 курс студенті Әйгерім Әшірәлі, экономика және бизнес факультетінің 1 курс студенті Арайлым Нұрханова, заң факультетінің 3 курс студенті Ардақ Алтынбекова, биология факультетінің 1 курс магистранты Меруерт Донбаева, философия және саясаттану факультетінің 3 курс студенті Меруерт Шабден, механика және математика факультетінің 1 курс студенті Ақмарал Тубетова, халықаралық қатынастар факультетінің 1 курс студенті Іңкәр Аманкелді, тарих факультетінің 2 курс студенті Әйгерім Баянова сияқты аруларымыз келген екен. Осылайша таныстыру сәті де өтті.

Ендігі кезек ана тілдің керемет көркемдік ерекшелігін көрсететін поэзиялық композиция жасау бөліміне жетті.

Бұл бөлімде арулар ақындарымыздың ана тілі жайындағы толғауларын көркем шеберлікпен орындап, қазақ тілінің мәртебесін асқақтата түсті. Ана тілінің қасиетін ұлықтаған сайын аруларымызға деген көрермен ықыласы да қалыңдай түсті. Әрине, ана тілін бір серпілтіп, бір сілкінтіп тастады бойжеткендер. Ана тілін адам бойына ана сүтімен дариды дейміз. Ендеше болашақ аналарымыздың ана тілін жетік біліп, құрметтеуі ару болу үшін бірінші меңгерер қасиеті болу керек. Бұл тұрғыдан байқау онды бастаманы қолға алғанын пайымдадық.

Одан кейін аруларымыз ұсынған «Ерке нұр» сән үйінің әсем көйлектерін тамашаладық. Көздің жауын алған ұлттық киімдер көрерменді тамсантты. Байқау арулары көркемдіктерімен көз тұндырып, жанкүйерді «әй, керім, керім-ай» деп Абайша таң қалдырды.

Содан кейінгі кезек сұрақ-жауапқа жетті. Мұнда аруларымыздың тапқырлығы мен білімі, әлеуеті сараланды. Бұл кезеңді ұтымды деп айтуымыздың себебі, сұрақтар қазақ әдебиеті және тарихындағы әйел бейнесі мен қыздардың ерлігі саласында қойылған. Мәселен, бір аруымыз Томиристің, Ұлпанның бейнесін суреттесе, енді бірі Қыз Жібектің көркемдігін, енді бірі Еңліктің, енді бірі Баян сұлудың инабаттылығын баяндаса, тағы бір қатысушылар Домалақ ананың қайраткерлігін, Зере мен Ұлжанның, Маншүк пен Әлияның ерлігін насихаттап, өздері де сол алдыңғы буынның қайсарлығы мен қазақ қызы деген атауын үлгі тұтатындықтарын жеткізіп жатты. Көркем әдебиет пен тарихтан, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрден, мәдениет пен әдептен аруларымыз кенде емес екендігін байқап, риза болыстық. Расымен де «Ана тілдің» аруы» атану тұнған инабат пен көркем мінез, алғырлық пен тапқырлықты қажет етеді.

Қазақ халқы іңгәләп өмірге келген сәбиін әнмен әлдилеп, жырмен жұбатып, өлеңмен өсіреді. Талбесігін тербетіп, бесік жырын айтады. Дана Абай: «Өлеңмен дүние есігін ашар денең, өлеңмен жер қойнына кірер денең», - дейді. Ендеше бұл байқау «Өнерім – өмірім» сайысын да назардан тыс қалдырмапты. Бұл сайыста әсем қыздарымыз тербетіле билеп, сызылта ән салды. Міне, «Ана тілі»аруы» байқауының қортынды кезеңі осындай 5 айналымды қамтыды.

Ендігі кезекте нағыз қобалжытар сәт туды. Бір-бірінен оқ бойы озық тұрған сұлулардың ішінен аруды таңдау сәт келді. Әрине, әділдігін төрешілер шешеді.. Арулар сайысына төрелік еткен қазылардың ұйғарымы бойынша, әрбір қатысушы ару арнайы аталымдармен марапатталды. «Ана тілі» аруы 2010» байқауында «Сымбатты ару» номинациясын журналистика факультетінің 1 курс студенті Тен Ирина, «Қайсар ару» номинациясын журналистика факультетінің 3 курс студенті Елдана Рахимова, «Ақылды ару» номинациясын физика факультетінің 1 курс студенті Әсем Шойбекова, «Байсалды ару» номинациясын химия факультетінің 1 курс студенті Меруерт Жаксығали, «Көрікті ару» номинациясын шығыстану факультетінің 2 курс студенті Толқын Мырзакимова, «Парасатты ару» номинациясын филология факультетінің 1 курс студенті Әйгерім Әшірәлі, «Өнерлі ару» номинациясын экономика және бизнес факультетінің 1 курс студенті Арайлым Нұрханова, «Дарынды ару» номинациясын заң факультетінің 3 курс студенті Ардақ Алтынбекова, «Қылықты ару» номинациясын биология факультетінің 1 курс магистранты Меруерт Донбаева, «Мейірімді ару» номинациясын механика және математика факультетінің 1 курс студенті Ақмарал Тубетова, «Жалынды ару» номинациясын халықаралық қатынастар факультетінің 1 курс студенті Іңкәр Аманкелді, «Ерке ару» номинациясын тарих факультетінің 2 курс студенті Әйгерім Баянова иеленді.

Құттықтау сөз сөйлеген «Атамұра» баспасының жетекші қызметкері, ақын Серік Қалиев: «Бүгін біз ару қыздарымыздың көркем мінезіне, сұлулығына, ақылына көркі сай болмысына куә болдық. Әрі аруларымыз шетінен өнерлі, әрі суретші, әрі спорт шебері, әрі көркем сөз оқу шебері екендігін де дәлелдеді. Өте әсерлі кеш өтті», -деген ризашылығын жеткізді. Содан кейін байқауыда бас жүлдені жеңіп алып, нәзіктігімен, қызға тән қылығымен , өжет алғырлығымен «Ана тілі» аруы» атанған ару филология факультетінің 1 курс студенті Әйгерім Әшірәлі екендігін жариялады. Әйгерімге «Ана тілі» аруы» байқауының 2009 жылғы жеңімпазы Сандуғаш Қартаева ару тәжін кигізді. Көрерменнің де таңдауы сәйкес келіп, қошемет күші қалыңдай берді. Сонымен қатар, жеңімпаз Әйгерім Әшірәліге «Нұр Отан» ХДП атынан тұрлі түсті теледидар сыйға тартылды. Ал Меруерт Шабден мен Әйгерім Баяноваға Beautimaniya салонының сертификаты ұсынылып, «АРЛАН» дзюдо клубы Іңкәр Аманкелді мен Елдана Рахимоваға клубтың шақыруын табыс етті. Сондай-ақ бұл сайысқа демеушілік танытқандардың бірі Ғ.Мүсірепов атындағы Жас өспірімдер және балалар театры 14 аруға жұбымен бірге тамашалау үшін шақыру билетін және жеңімпаз аруға жұбымен театр қойылымын көруге бір апталық шақыру қағазын және «Атамұра» баспасы аруларымызға кітаптар сыйлады. Ел болашағы алдымен болашақ ана болмысымен байланысты екендігін ескерсек, «Ана тілі» аруы» байқауы арулардың бойына инабаттылық пен мәдениеттілікті, әдеп пен тәрбиені сіңіретін үлкен шара болмақ.

Сонымен жанкүйерді толғантып, үміткерді толқытып байқау да басталды. Қолпаштай соғылған жанкүйер алақанының дауысынан сарай ішін меркелік күй кернеп кетті.

Алғашқы құттықтау сөз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Жаманбалаева Шолпан Ерболқызына берілді. Өзінің құттықтау сөзінде проректор:

- Құрметті көрермен қауым және байқауға қатысушы арулар! Адам тәрбиесінде, әсіресе, қыз бала тәрбиесі өте маңызды. Сонымен қатар бүгінгі «Ана тілі» байқауы» ұлттық салт-дәстүрімізді, мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттаудың бір үлгісі десек болады,- деп атап өтті.

Бойжеткендеріміздің өнерлерін бағалар әділ-қазылар құрамын «Ана тілі» газеті бас редакторының 1-ші орынбасары, ақын, Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының лауреаты Нұрперзент Домбай, «Заң» газетінің бас редакторы, ақын Бекжан Әшірбаев, ақын-сазгер, «Атамұра» баспасының жетекші қызметкері Серік Қалиев, Әнші-сазгер, ҚазҰУ түлегі Роза Әлқожа, Бостандық ауданы «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Әділ Төлегенов, «Қазақ радиосының «Қайырлы таң, қазақ елі» таңғы бағдарламасының жүргізушісі, журналист Гүлнұр Омарханқызы, ҚазҰУ «Ана тілі» аруы 2009» байқауының жеңімпазы Сандуғаш Қартаева және «Ана тілі» аруы» байқауының ұйымдастырушысы – ҚазҰУ-дың Тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту департаменті толықтырды.

Байқаудан көрермен көтеріңкі көңіл күймен және «қазақтың қыздарына қайран қалам» деген қимастықпен тарасып жатты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі