Ғылым мен инновация арасындағы көпір

22.10.2010

Көрулер: 3031

22 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Болашақтың ғылымы» атты халықаралық ғылым және білім конгресі өтті. Конгресті Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов алғы сөзімен бастап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқыды. Және конгресс қатысушыларына сәтті нәтиже мен жеміс тіледі.

Конгреске Еуразиялық Одақтың Қазақстандағы басшысы, елші Норберт Жюстен, Сенатор, Қаржы Комиссиясының вице-президенті, Франция Республикасы Президентінің Франция мен Орталық Азия арасындағы саяси және экономикалық қатынастарды дамыту жөніндегі арнайы өкілі Эмери де Монтескью Ферензака, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов және қазақстандық жоғары оқу орындарының ректорлары, Ұлттық Ғылым академияларының президенттері, Еуразиялық университеттер қауымдастығына мүше басқа да оқу орындары мен ТМД мемлекеттерінің белгілі ғалымдары қатысты.

Университеттердің Еуразиялық қауымдастығы аясында өткен конгресте жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту, инновациялық серпілісті қамтамасыз ету, интеграциялық үдерістегі интеллектуалдық элитаның қызметін біріктіру, нық экономикалық өсуді қамтамасыз етуге арналған ғылым және білім бағдарламалары мен технологияларын жетілдіру мәселелері қарастырылды. Осы орайда ҚазҰУ ректоры Мұтанов Ғалымқайыр Мұтанұлы: «Конгреске қызығушылық өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Себебі, 25 елден 300 делегат келді. Конгресте қоғамдағы ғылымның рөлі барынша қарастырылуда. Сонымен бірге білім мен ғылымның байланысы, қарым-қатынасы және осы екі жақты байланысты әрі қарай дамыту мәселелері басты назарға алынды. Конгресте көтеріліп отырған жаңа бағыттардың бірі зерттеу университеттерін құру және оны әрі қарай дамыту. Бұл конгресс үлкен деңгейде бірінші рет өтіп отыр. Халықаралық конгреске қатысушылардың құрамын және баяндамашылардың көтеріп отырған маңызды мәселелерін ескеретін болсақ, «Болашақтың ғылымы» атты халықаралық ғылым және білім конгресін осы уақытқа керек үлкен маңызы бар мәселе деп санаймын. Конгрестің негізгі мақсаты ғылымға серпін беру, жаңа ой тудырумен қатар халықаралық ғалымдармен үлкен жобалар жасауға себеп болу екендігін назарға алатын болсақ, бұл мақсаттар нәтижесін беруде”- деген пікірін жеткізді.

Ал Франция Республикасы Президентінің Франция мен Орталық Азия арасындағы саяси және экономикалық қатынастарды дамыту жөніндегі арнайы өкілі Эмери де Монтескью Ферензака: “Бүгінде экономиканың дамуы жаңа технология мен жаңа білім орталықтарына байланысты. Сол себептен бұл конгресті Қазақстан білімі мен ғылымының дамуына инвестиция деп айтуға болады. Мен Сорбонна университетінде сабақ беремін. Байқағанымдай ол жерде қазақ студенттерінің саны көбейіп келеді. Бұл жақсы нәтиже. Қазақстандық студенттердің франциялық ғалымдармен тығыз байланыста болуын қалаймын. Және Франциядағы университеттерден білім алуға, алмасып оқуға шақырамын. Мен қазақстадық профессорлармен араласу арқылы және сіздердің жоғары оқу орындарыңызбен танысу нәтижесінде қазақстан білімі мен ғылымын жоғары бағалаймын. ҚазҰУ - Қазақстан қоғамындағы саясаткерлер мен бірнеше сауатты мамандарды қалыптастырып отырған бірінші университет”, - деген пікірін ортаға салды.

Бұл ғылыми конгресте, сондай-ақ, алыс-жақыннан келген ғалымдар білім мен ғылым кеңістігіндегі көкейкесті мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын ұсынды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі