ҚазҰУ-дың «Үздік жатақханасы» анықталды

15.10.2010

Көрулер: 2816

15 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Үздік жатақхана» фестивалі қорытындыланып, «Үздік жатақхана» анықталды. Аталмыш байқау ҚазҰУ мен «Нұр Отан» ХДП ұйымдастыруы негізінде жүзеге асты.

Студенттің оқу үдерісінен кейінгі уақыт бөлігі екінші үйі –жатақханада өтетіндігін ескерсек мұндай байқау өте маңызды болып табылады. Себебі үздіктер бәсекелесетін жерде сапа да болмақ. Осы орайда «Үздік жатақхана» фестивалі «Үздік қабат», «Үздік бөлме», «Үздік староста», «Үздік студенттер кеңесі» және «Үздік жатақхана меңгерушісі» сияқты кезеңдерді қамтыған. Студенттік өмірдің үздіктері атану үшін ҚазҰУ қалашығының 13 жатақханасы өзара жеңісті бәсекеге түсті. «Үздік бөлме» номинациясында 1540 бөлме бақ сынасса, «Үздік староста» сайысына 77 староста сайысқа түсіп, 77 қабаттың «Үздік қабаты» анықталды. Сонымен қатар «Үздік жатақхана меңгерушісі», «Үздік студенттер кеңесінің төрайымы» да осы фестиваль аясында нақтыланды. Арнайы аталымдар бойынша талапқа сай келген үміткерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бұл фестивалдің негізгі жеңісі «Үздік жатақхананы» жариялау болатын. Осы кезекте:

«Сездірген саялайтын пана барын,

Жетеді аялайтын анаға кім?

Жатақхана ұямда бір ана бар

Баптаған балапандай балаларын» дейді студенттер қауымы. Бұл жыр шумақтары білімгерлер өміріндегі жатақхана маңызының зор екендігін сездіреді. Еліміздегі көп салалы университеттер арасында бірінші рейтингіні жеңіп алған білім ордасының «Үздік жатақханасы» атану оңай шаруа емес. Осы зор сенімді фестиваль барысында заң факультетінің №18 жатақханасы жеңіп алып, «Үздік жатақхана» атанды. Ал №4 жатақхана меңгерушісі Қайыпбаева Жұмагүл Иманғалиқызы "Үздік жатақхана меңгерушісі" атанып, жеңімпазға Бостандық ауданы «Нұр Отан» ХДП төрайымының бірінші орынбасары Төлегенова Әділ Жапарұлы диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Фестиваль соңында ҚазҰУ-дың белсенді студенттеріне «Жас Отан» Жастар қанатының партиялық билеттері табыс етілді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі