ҚазҰУ-да «Хабар» телеарнасының оқу аудиториясы ашылды

08.10.2010

Көрулер: 3140

Бұқаралық ақпарат құралдарын төртінші билік өкілдері дейміз. Осы орайда журналистика факультетінде даярланып жатқан болашақ мамандардың «төртінші билік» ұғымына сай болуы үшін, әрине мол тәжірибе мен терең білім студент кезден-ақ қажет. Аталмыш құнды қажеттілікті өтеу үшін 7 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде «Хабар» оқу аудиториясының тұсауы кесілді.

Аудиторияның ашылуына «Хабар» Агенттігі» АҚ Бас продюсерінің орынбасары Арман Сқабылұлы, «Хабар» Агенттігі» АҚ АФ креативті директоры Ержан Қазисұлы Сүлейменов, спорт комментаторы Амангелді Сейітханов және ҚазҰУ басшылығы мен журналистика факультетінің ұжымы қатысты. Журналистика факультетінде Марат Барманқұлов, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев сияқты профессорлар атындағы аудиториялар бар. Жақында ғалым Серік Әбдірайымов атындағы оқу залының тұсауы кесілген еді. Бүгін міне, «Хабар» оқу аудиториясы ашылып отыр. Бұл аудиторияның ашылуы студенттердің теориялық білімдерімен қатар, көкейлерінде жүрген шығармашылық жоспарларын іс жүзіне асыруға бағытталған үлкен талпыныстардың бастамасы болып отыр. Осы орайда Арман Сқабылұлы: «Біздің студенттік кезімізде тәжірибе жинақтауға деген жағдайлар көп емес еді. Біз тәжірибе кезінде бұқарлық ақпарат құралдарына микрафон ұстауды да меңгермей баратын едік. Ал қазір жағдай мүлде өзгерген. Бүгінде төртінші билік мамандарын дайындау барысында жасалынып жатқан игі істер қуантады. Бұл аудитория студент шығармашылығын шындауға үлкен көмек болады»,- деп атап өтіп, журналистика факультеті ұжымына «Хабар», «Ел арна» және «CospioNet» телеарналарындағы деректі бағдарламалардың электронды нұсқасын сыйға тарту етті. Ал спорт комментаторы Амангелді Сейітханов «Хабар» аудиториясының ашылуына қолдау болып отырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне алғыс айтып, студенттерге «сен маған журналистикаңды көрсет, мен сенің мемлекетіңді айтайын» деген пікірді алға тартып, астарлы ұғымның қадырын зеделеуге шақырды.

Тұсаукесер барысында «Хабар» Агенттігі» Акцоинерлік Қоғамы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасындағы екі жақты әріптестік меморандумына қол қойылды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі