«Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазАқпарат)» Ұлттық компаниясы

08.10.2010

Көрулер: 3661

ҚР Білім және ғылым министрі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымына жаңа ректорды таныстырды

АЛМАТЫ. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымына, жақында Мемлекет басшысының Өкімімен жаңа ректор болып тағайындалған Ғалымқайыр Мұтановты таныстырды.

"Еліміздегі ең ірі университетті басқару - ол ең алдымен Елбасының үлкен сенімі және Мемлекет басшысының еліміздің білім жүйесі алдында қойған міндеттерді жауапкершілікпен атқару", деді Бақытжан Жұмағұлов.

Министр жиынға қатысқандарды Ғалымқайыр Мұтановтың еңбек жолымен таныстырды. Ол - техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инженерлік академиясының, Халықаралық жоғары мектеп академиясының, Еуразия Халықаралық экономикалық академиясының, Халықаралық шығармашылық академиясының, Халықаралық кадрлар академиясының мүшесі. Қазақстан Республикасының ғылым және техника саласына еңбек сіңірген қайраткері. Ғалымқайыр Мұтанов бұған дейін Петропавл қаласындағы Жоғарғы техникалық колледжді, Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетін, сонымен қатар, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университетін басқарған.

Жиында оқу орынының ардагерлері, академиктер Сұлтан Сартае пен Мейірхан Әбділдин сөз сөйледі.

Өз кезегінде Ғалымқайыр Мұтанов: «Мен оқу орында басталған модернизацияны жалғастырып, ғылыми және педагогикалық әлеуетті орынды және тиімді қолдану үшін бар мүмкіншілікті жасаймын», деді.