Президент ҚазҰУ-дың жаңа ректорын тағайындады

08.10.2010

Көрулер: 3185

Мемлекет басшысының Өкімімен Ғалымқайыр Мұтанов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры қызметіне тағайындалды.

Бүгін Білім және ғылым министрі Б.Т.Жұмағұлов ҚазҰУ-дың жаңа ректорын университеттің Ғылыми кеңесі мүшелерімен және оқу орнының ұжымымен таныстырды.

Тәжірибелі топ-менеджер, ғылым мен білім жүйесінің жетік маманы, жаңа ректор Ғалым Мұтановты таныстыру барысында:

– Еліміздегі ірі жоғары оқу орнына басшылық ету – бұл ең алдымен Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үлкен сенімі және мемлекет басшысының еліміздегі жетекші жоғары оқу орны ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті алдына жүктейтін тапсырмаларды шешудегі үлкен жауапкершілік, – деді министр.

Университетіміздің ақсақал академиктері Сартаев Сұлтан Сартайұлы мен Әбділдин Мейірхан Мүбаракұлы жаңа басшыны өздерінің баталы сөздерімен қарсы алды. Бас университеттегі соңғы екі жарым жыл ішінде жасалынған игі істерді жалғастыра отырып, оқу орнын жоғары жетістіктерге жетелеуде еңбегіне жеміс тілеп, «келісіп пішкен тон келте болмас» деген пікірді алға тартты.

Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов Елбасының үлкен сеніміне алғысын жеткізіп, министр мен университет ұжымына ҚазҰУ-ды әлемдік университеттер қатарына еңгізуде аянбай еңбек етіп, игі бастамаларды жалғастыратындығын айтты.

Қысқаша анықтама. Мұтанов Ғалымқайыр Мұтанұлы –IGIP Халықаралық инженерлік педагогика қоғамының Қазақстан ұлттық мониторинг комитетінің Президенті, IGIP Халықаралық мониторинг комитетінің мүшесі, Қазақстан инженерлік білім қоғамының Президенті, ЮНЕСКО Білімдегі ақпараттық технологиялар институтының Құрылтайшылар кеңесінің мүшесі (Париж). ҚР-ның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері. 2002-2003 жылдары ҚР-ның Бірінші білім және ғылым Вице-Министрі лауазымында жұмыс істеді. 2003 жылдың шілде айынан Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры болды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі