Қазақстан – Жапония: халықаралық ғылыми диалог 18-19.02.2017

20.02.2017

Көрулер: 2336

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жапонияға мемлекеттік іссапары екі елдің жан-жақты қарым-қатынасының бұрынғыдан да жандана түсуіне зор үлес қосты. Екі ел басшылары «Азияның өркендеуі дәуіріндегі ерекше стратегиялық әріптестік туралы» бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Күншығыс елі университеттерімен ғылыми, мәдени, білім саласындағы жүйелі байланыстары да өзінің жалғасын тауып, нақты іс-шаралар негізінде көрініп келеді.

     Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қиыр Шығыс кафедрасы Тошиба Халықаралық қорының (Жапония) демеушілігімен 2017 жылғы 18-19 ақпанда «Орталық Азиядағы жапонтану: бүгіні мен болашақтағы даму бағыттары» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.

    Конференция екі ел арасындағы ғылыми зерттеулер мен білім беру саласында түрлі шаралар өткізу, жас ғалымдардың жапон мәдениетіне, әдебиетіне, тіліне, тарихына, экономикасына қызығушылығын арттыру мақсатын жүзеге асыруға бағытталған.

     Конференцияда негізгі екі бағыт бойынша секциялар жұмыс атқарды: «Қазіргі жапонтану зерттеулерінің әдіснамалық аспектілері» және «Қазақстандағы жапонтанудың академиялық зерттеу нәтижелері». Конференция «Жапония мен жапон тілі» тақырыбы аясында жасалған еңбектердің, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің тілі, әдебиеті, мәдениетін зерттеуші жапон ғалымдарының ғылыми жұмыстарының нәтижелерімен танысуға арналды. Конференция жұмысы барысында Орталық Азияда жапон мәдениеті, әдебиеті, тілі, тарихы, экономикасы және т.б. салалар бойынша білім беру ісі мен ғылыми зерттеулерді дамытып, жетілдіру туралы ұсыныстар мен пікірлер айтылды.

    Конференцияға Қазақстандағы Жапония елшісінің кеңесшісі Иидзима Ясумаса, Хоккайдо университетінің славян зерттеу орталығының профессоры, «Алаш» тарихын зерттеуші ғалым Уяма Томохико, Цукуба университетінің профессоры Оно Масаки, Цукуба университетінің ассоц.профессоры Руз Ванбэлен, Халықаралық Жапон Қорының Қырғыз-жапон адам ресурстарын дамыту орталығының сарапшысы Мунаката Минами, Жүсіп Баласағұни атындағы Қырғыз ұлттық универсиетінің оқытушысы Воробьева Г., Ташкент мемлекеттік шығыстану институтының оқытушысы Курбанова Г., Өзбекстан ұлттық әлем тілдері университетінің оқытушысы Турапова Н., Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушылары – Қуанышбек Ж. және Утеулиева Г., ҚР БҒМ ҒК Р.Б.Сүлейменов атындағы шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері Шаймарданова Н., Цукуба университетінің магистранттары мен докторантары, Қиыр Шығыс кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы мен жас ғалымдар қатысты.