Менің Жапониядағы оқу тәжірибесінен алған әсерім

28.01.2018

Көрулер: 2715

Жапон тілін игеру үшін және Жапонияның дәстүрлі және қазіргі заманғы мәдениетінің ерекшеліктерін зерттеу мақсатымен Шығыстану факультетіне оқуға түстім. Сондықтан да, бірінші курста Жапонияның университеттерімен ынтымақтастығымыздың арқасында Жапонияда оқуға мүмкіндік бар екенін біліп, өте қуандым. Күншығыс еліне барғанда алған білім мен дағдылар сол саяхатты ұмытылмас саяхатқа айналдыруға көмектеседі деген оймен бәрін қызығушылықпен оқыдым.

Жапониядағы оқу тәжірибесі бір жыл бойы созылды. Емтихандардан сәтті өткеннен кейін мен Жапониядағы үздік университеттердің бірі - Васедаға түстім. Алдымен бәрі бейтаныс болып көрінді және біртүрлі сезімге бөлендім. Бірақ, сапарға шықпас бұрын біз үш жыл бойы жапон тілін оқып, тарихы және мәдениетімен жақсы танысқандықтан, мен бәріне тез үйрендім. Қонақжайлылығымен ерекшеленетін жапондықтардың өздері де маған көмектесті.

Оқу үдерісі өте қызықты болды. Әр түрлі пәндер мен жоғары білікті оқытушылар - университеттің жағымды аспектілерінің бірі болып табылады деп ойлаймын. Кейде маған Жапонияда емес, ғарышта дәріс алғанымдай болып көрінді. Дәрістерді тыңдап, топтық жұмысқа қатысу өте қызықты болды. Ең бастысы - үндемеу емес, жауап беру. Сонда жауап дұрыс болады.

Васедада біздің факультетіміздегідей сабақтардан тыс көптеген мәдени шаралар өткізіледі. Біз көбінесе қаладан шығып, табиғатқа бардық. Түндерді дәстүрлі рёкан деген қонақ үйлерде өткізіп, ол жерде татамидің үстінде футондарда ұйықтадық. Жапондықтармен бірге қазақ және жапон тағамдарын дайындап, мәдени тәжірибемен алмастық. Біз тіпті Наурызды бірге тойладық.

Мен Жапонияның әдемі және ерекше жерлерін көрдім. Ескі жібек зауыттары– «Дүниежүзілік мұра Томиока Жібек зауыты» сақталған Томиока қаласына бардым. Емдік суларымен танымал «Кусацу Онсен» деген ыстық бұлақ көздеріне бардым; көптеген ежелгі Будда мен Синто храмдарында болдым, үлкен Будданың мүсінін де көрдім. Жабайы табиғат туралы деректі фильмге қатысқандай сезімге бөлейтін «Джигокудани қар маймылдар паркіне» шеккен сапарым көптеген әсер қалдырды.

Бірнеше ұлы сарайлар, әдемі ботаникалық бақтар мен мұражайларға бардым. Достарымен Фуджикю Хайленд және Токио Диснейленд саябақтарында жақсы уақыт өткіздім. Көктемнің басында сакураның гүлдегенін тамашаладым. Жапонияда сакура гүлдеген кезде барлығы қызғылт түске боялады, тіпті сакураның дәмімен тәттілер де сатылады. Жылдың әр маусымында Жапониядағы табиғат өздігінше ерекше және әдемі. Жазда достарыммен бірге әйгілі Фуджияма тауына шығып, оның шыңында таңды қарсы алдық. Бірақ бұл әлі соңы емес!

Жапониядағы оқу тәжірибесі кезінде, мен Танегашима аралына бардым. Сол жерде өмірімде алғаш рет сноркелингпен айналыстым (су астындағы балықтарды, маржандарды және моллюскаларды тамашалау). Бұл шынында да өте таңқаларлық болды. Барлық эмоцияларды қысқаша сипаттау мүмкін емес деп ойлаймын.

Бұл расымен де керемет жыл болды. Мен көптеген қызықты адамдарды кездестірдім. Жапонияда Қазақстанда айналысып көремін деп ойламаған істермен де айналысып, түрлі пайдалы тәжірибе жинадым. Қазіргі уақытта басқа елдерге оқуға барып, армандарымызды іске асырып, өз мақсаттарымызға қол жеткізуге болады. Бұл өте тамаша мүмкіндік деп ойлаймын. 

Мен ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетіне жаңа мүмкіндіктер әлемін ашқаны үшін өте ризамын. Өзіңе сенсең, армандарың да орындалады.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Шығыстану факультеті
мамандығы: шетел филологиясы, 4 курс
О
сманова Мухаббат