Қазақстандағы университеттердің рөлі артуда

31.05.2018

Көрулер: 3547

Қазақстандағы университеттердің рөлі артуда 

Мәскеу қаласында Ресей халықтар достығы университетінде әлемнің 400-ге жуық жетекші университеттері өкілдерінің басын қосқан «QS Worldwide» атты екінші халықаралық форум-көрмесі болып өтті. Қазақстандық ЖОО-ның ғаламдық ғылыми және білім беру кеңістігінде өсіп келе жатқан рөлін ескере отырып, QS атқарушы кеңесі кезекті форумды Қазақстанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың негізінде өткізу туралы шешім қабылдады.

 

«QS Worldwide» - британдық «QS» рейтингілік агенттігімен өткізілетін беделді халықаралық іс-шаралардың бірі болып табылады. Форум жоғары білім беруді дамыту перспективалары, әлемдік деңгейдегі университеттердің қалыптасуы, интернационалдандыру және білім беру сапасын арттыру мәселелерін талқылап тәжірибе алмасуға арналған жаһандық алаң.

«QS» консалтингтік компаниясының негізін қалаушысы Нунцио Квакварелли конференцияда сөйлеген сөзінде Қазақстан ең мықты білім жүйелері бар елдердің рейтингісінде 37-ші орынды иеленіп, халықаралық рейтингтерде жақсы прогреске қол жеткізуде деп атап өтті.

«Соңғы жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «QS» халықаралық рейтингісінде қарқынды ілгерілеуді көрсетіп келеді. Университеттің осы бағыттағы табысты тәжірибесін әлемнің жоғары оқу орындары өздеріне енгізуде, бұл бірегей және өзекті болып табылады», - деп атап өтті «QS»-тің аймақтық менеджері Зоя Зайцева.

«QS»-тің әлемдік форумын өткізу алауын ресми табыстау рәсімінде ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов ішкі ресурстардың тиімділігін арттыру және инновациялық менеджмент негізінде әлемдік деңгейдегі университетті құру тәжірибесімен бөлісті, сондай-ақ «Университет 4.0» атты жоғары оқу орындарын дамытудың жаңа үлгісін ұсынды.

2019 жылдың қыркүйегінде Алматыда өткізілетін «Жаһандық биіктікке жету жолдары: адамзат мұрасы мен озық технологиялардың үйлесімі» атты «QS»-тың алдағы үшінші форумы ғылыми-техникалық және рухани-адамгершілік ұғымдардың бірлігі негізінде әлемдік азаматтарды қалыптастыру мәселелеріне арналады. Осындай ауқымды іс-шараны өткізу Қазақстанның жоғары білім жүйесінің халықаралық аренадағы беделін айғақтайды.