Ардагерлерге құрмет көрсетілді

04.05.2018

Көрулер: 3437

Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күні қарсаңында ҚазҰУ-да Ұлы Отан соғысына қатысушылар, еңбек майданы ардагерлері мен Ақсақалдар кеңесі мүшелеріне арнайы құрмет көрсетілді. 

Сөз алған бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаев ҚазҰУ-дың әлемдік аренадағы көшбасшылық орнының нығайа түскендігі жайлы айтып, «ҚазҰУ 2020 жылға дейін БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасының ғаламдық хабына жетекшілік ететін болды. Бұл шешім университеттің тұрақты даму саласындағы табысты басшылық қызметінің қорытындысы негізінде Біріккен ұлттар ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде қабылданды. 2014 жылдан бері ғаламдық хабты басқарып келе жатқан ҚазҰУ жұмысына БҰҰ жоғары баға берді»,- деді проректор.

Жалпы Қаз­ҰУ-дың Ақсақалдар ке­ңе­сі­не зияткерлік және біл­ім беру деңгейін арттыруға айрық­ша ең­бек сіңірген, оқу орнының ғылым, мәдениет және рухани мүмкіндігінің дамуына зор үлес қосқан тәжірибесі мол бе­де­лді ғалым­дар кіреді. Оқу орнындағы әр кезгі басқосуда ақсақалдар кеңесі бі­­лім мен ғылыми-зерттеу қыз­­ме­тінің жетілдіру жолдары, инфра­­құрылымдық дамудың ин­вес­­тициялық жобалары жайлы арнайы кеңестер өткізіп тұрады.

Шара аясында ғылымға еңбек сіңір­ген қайраткерлер – ҚР ҰҒА академиктері Сұлтан Сартаев, Арықбай Ағыбаев, Мем­ле­кет­тік сыйлықтың лауреаты Зұлхайыр Мансұров, тарих ғы­лым­дарының докторы Уахит Шәл­екенов, ҚазКСР-інің еңбек сіңір­ген жаттықтырушысы Анатолий Арещенко және басқа да ақсақалдар оқу орнындағы жа­ғымды өзгерістерді тілге тиек етіп, университеттің даму стра­тегиясын қолдап, батасын берді. Ақсақалдар, әсіресе, QS рейтингінде ҚазҰУ-дің әлемнің үздік 200-топ университеті қа­тарына енуін жоғары бағалап, уни­верситеттің Орталық Азия мен ТМД-дағы алдыңғы қатарда тұрғандығын атап өтті. «Әл-Фараби атындағы Қаз­ҰУ мой­ын­далған халық­ара­­лық беделге ие, әлемнің мың­­даған уни­вер­ситеттері рей­тингіндегі оның жоғары көрсеткіші еліміз үшін үлкен же­тістік болып саналады. Бұл – Мемлекет басшысы алға қой­ған Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елі қатарына ену мақсатын жүзеге асыруға жә­не «Мәңгілік Ел» құруға қосқан университеттің нақты үлесі», – деді академик Сұлтан Сартаев.

Ізгі ниет пен жылы лебізге толы өткен мерекелік шара барысында ардагерлер мен қонақтардың құрметіне жақсы сөздер айтылды, ыстық ықылас-ниетін білдіргендер көп болды. Сондай-ақ, студенттік көркемөнерпаздар ұжымы мерекелік концерт ұйымдастырып, меймандардың мерейін еселей түсті. Жиын соңында ардагерлер естелік суретке түсіп, оларға арнайы сый-сияпаттар тарту етілді. 

Баспасөз қызметі