Иран-Тұран

18.04.2018

Көрулер: 3317

ҚазҰУ ректоры Иран мемлекеті Шахида Бехешти университетінің президенті Сеид Хассан Саду бастаған делегация құрамымен кездесті.

Делегация құрамында халықаралық академиялық ынтымақтастық департаментінің директоры Амир Саид Ширани, ғылым және технология вице-министрі Бабак Шокри, Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының мәдени өкілдігі директоры Сейд Джавад Жалали Киасари мен Шахида Бехешти университетінің профессоры Амир Ченари болды.

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «Екі ел арасындағы мәдениет пен әдеп-ғұрыптардың ұқсас екендігін ерекше атап өткім келеді. Осыған байланысты университетіміз «Иран-Тұран» жобасын қолға алып жатыр, аты айтып тұрғандай аталмыш жоба білім мен ғылымды мәдениетті қамтумен қатар, екі ел қарым-қатынасын тағы да бір жаңа сатыға көтеретін үлкен жоба болатынына сенімдіміз. Аталмыш жоба бойынша қазіргі таңда бірнеше нақты нәтижелер бар. Атап айтар болсақ «Экологиялық этика», «Ирандағы түрік этностары», «Шахнама әлемі» сынды жобалар бізді өте қатты қызықтырады, оған қоса «Иран-Тұран» болашақта Фараби әлемін зерттеу барысында ортақ жобалардың бірі болады деп ойлаймыз»,-деді.

Өз кезегінде Сеид Хассан Саду кез-келген адам әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға аяқ басқан сәттен-ақ, үлкен бір ғылым мен білімнің ортасына келгенін ерекше сезінетінін атап өтті. «Қазақстан мен Иран мемлекетінің арасындағы жақсы қарым-қатынасты білім беру саласында жақсы пайдалануымыз керек. Сол себепті екі университет арасындағы байланыстардың бірі ретінде алдағы уақытта қазақ тілі мен әдебиетін және де мәдениетін өзіміздің университетте оқытуды мақсат етіп отырмыз. Сонымен қатар ҚазҰУ қалашығын аралау барысында ғылыми орталықтарыңыздың мүмкіндігінің зор екенін көрдім. Сондықтан да алдағы уақытта біздің PhD доктаранттарымыздың алты айлық іс-тәжірибесін ҚазҰУ-да өткізсе студенттеріміздің жан-жақты дамуына үлкен себепші болар еді. Ал сіздердің PhD доктаранттарыңызды біздің Шахида Бехешти университетінде тәжірбиеден өтуіне қуана-қуана келісемін»,-деді Сеид Хассан Саду. ҚазҰУ ректоры аталмыш ұсынысты қабыл алып, қазақ халқының тілі мен мәдениетіне деген ерекше құрмет үшін делегация құрамына шексіз алғысын білдірді.

Кездесу барысында тараптар Бехешти Шахида университетінің базасында әл-Фараби орталығын ашу туралы келісімге қол қойды. Сонымен қатар, 2020 жылы ЮНЕСКО көлемінде тойлауды мақсат етіп отырған әл-Фарабидің 1150 жылдығына байланысты әңгіме өрбітті. Және де делегация құрамы сапар барысында ҚазҰУ қалашығы мен "Керемет" Студенттерге қызмет көрсету орталығын, әл-Фараби мұражайы мен кітапханасын аралап шықты.

 

Баспасөз қызметі