«Qazaqstan» ұлттық арнасы- бұл ұлттың айнасы!

15.02.2018

Көрулер: 1679

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Qazaqstan» телеарнасының 60 жылдығына арналған «Qazaqstan» еліміздің телеэпопеясы: ұлттық арнаның даму моделі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

«Qazaqstan» телеарнасының 60 жылдық мерейтойына арналған ғылыми шара аясында журналистика факультетінде заманауи техникамен жабдықталған «Qazaqstan» оқу-шығармашылық зертханасы салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, «Qazaqstan» телеарнасының Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Ляззат Олжабайқызы мен ұлттық арнада әр жылдары қызмет еткен Сұлтан Оразалин, Ласкер Сеитов, Құсман Игісіновтер бастаған алдыңғы буын ардагер журналситер мен бүгінгі таңда көгілдір экраннан көрерменнің көңілінен шығып жүрген Бейсен Құранбек, Нартай Аралбайұлы мен Мейіржан Әлібекұлы секілді тұлғалар және де БАҚ болды. Аталмыш ұстахананың ашылу салтанатында журналистика факультетінің студентеріне арналған байқау жеңімпаздарына арнайы шәкіртақы табысталды. Ал алдыңғы буын ақсақал журналистер жиналған барша қауымды осынау бір мерекемен құттықтай отырып, ақ батасын берді.

ҚазҰУ кітапханасында жалғасын тапқан «Qazaqstan» еліміздің телеэпопеясы: ұлттық арнаның даму моделі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, ұлттық телеарнаның Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Ляззат Олжабайқызы, ҚР БҰҰ ақпарат бюро басшысы Властимил Самек, ЮНЕСКО Кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімінің маманы Серге Карпов  қатысты.

Аталмыш конференцияда сөз алған ҚазҰУ ректоры « Сонау 1958 жылдан бері «Qazaqstan» телеарнасы көптеген хабарлармен естігеннің құлақ-құрышын қандырып, көрген жанның көңіліне ой салып, мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосып келеді. Тәуелсіз Қазақстандағы демократиялық жаңғыруларды, экномикадағы, әлеуметтік- мәдени салалардағы алға басуларды көрерменнің көкейіне жеткізу арқылы «Qazaqstan» телеарнасы бүгінде әрбір қазақстандықтың айнымас досына айналды. Еліміздегі ұлтаралық татулық, ақпараттық қауіпсіздік, мәдени рухани келісімнің салтанат құруында ұлттық телеарнаның еңбегі зор екенін айтып өту керек. Бүгін де аталмыш телеарнаның еліміздегі барлық аймақтық арналарында ҚазҰУ түлектері еңбек етеді. Алдағы уақыта да кәсіби мамандарды даярлауда бірлесе қызмет жасайтынымызға сеніміміз мол»,- деді Ғалым Мұтанов.

Жиналған көпшілік қауымға «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы туралы танымдық деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ ұлттық арнаға еңбегі сіңген тұлғаларға ҚазҰУ мерейтойлық төсбелгісін табыстады. Сонымен қатар қонақтар ҚазҰУ тарихи мұражайын, жағдаяттық орталығымен танысып, «Qazaqstan» ұлттық арнасына арналған фотокөрмені тамашалады. Конференция жұмысы журналистика факультетіне арналған шеберлік сабақтармен ұштасты.

 

 Баспасөз қызметі