Радио және спорт

27.01.2018

Көрулер: 3468

Журналистика факультетінің ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өтетін Бүкіләлемдік радио күніне арналған «Радио және спорт: білім қоғамын дамыту жолында» атты Халықаралық журналистика және коммуникация қысқы мектебі биыл бесінші рет шымылдығын ашты.

Алматы облысындағы Іле Алатау мемлекеттік ұлттық саябағы «Тау-Тұран» білім беру-сауықтыру кешенінде табиғат аясында өткен дәрістердің жас журналистерге берері көп болды. Қазақстанның барлық аймағынан жиналған жеткіншектермен қатар, көршілес қырғыз, ауған азаматтары да шараға үлкен қызығушылық танытты. Сонымен қатар, қысқы мектеп цифрлық радио технология, интернет және цифрлық сауаттылық бойынша жаңа дағдылар мен құзыреттілікті үйрену, радиожурналистикадағы спорт саласы білімін кеңейту мақсаттарын алға тартты.

Шараның ашылу салтанатында Алматы қалалық ЮНЕСКО Кластерлік бюросының Байланыс және ақпарат мәселелері жөніндегі маманы Сергей Карпов, «Қазақ радиосы» Алматы студиясының бас редакторы Бақыт Құтпанбаев, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі Мәншүк Мұқашева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаева және өзге де білікті мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті.

«Біз тек олимпиадалық ойындар жайлы айтып, жергілікті спортқа көңіл бөлмей келеміз. Мәселен, мектептерді шақырып, кішігірім матч өткізіп, сол туралы репортаж жасасақ, мәдени-халықтық құрамалар құрып, оларды насихаттасақ бұл халыққа да, журналистерге де қызық болар еді. Қарапайым насихатталмай жатқан қысқы ойын түрлері арқылы елдің қызығушылығын арттыру қажет. Бүгінгі қысқы мектеп келушілері осындай кенжелеп қалған спорт түрлері мен радионың кемшін тұстарын қадағалап, соны қолға алатынына сенемін», – деді Сергей Карпов. Ол, әлемдік статистика бойынша, спортшылар жайында шығатын бағдарламалардың төрт пайызы ғана әйелдерге тиесілі екендігіне назар аударды. Ұлттық спорт түрлеріне ерекше мән беруді ұсынған Сергей Карповтың сөзін белгілі журналист Бақыт Жағыппарұлы жалғады. «Қазақстанда радиоқұрылымын алғаш болып жасаған жалғыз радио бар. Ол – «Қазақ радиосы». Ал кейінгі шыққандары ізбасарлар. Биыл 97 жыл толып отырған ұлттық радиомыздың негізін қалаған Алаштың көсемі Ахмет Байтұрсынов болды. 1921 жылы 1 қазанда Орынбор қаласында республикалық «Қазақ радиосының» тұңғыш хабары шыққан. Бүгінде біз тәулігіне 24 сағат хабар таратамыз. Қос тілде жүргізілетін сан алуан жанрларды қамтитын хабарлар тыңдарман жүрегінен орын табуда», – деп радионың кешегісі мен бүгінгісінен сыр шертіп, тың ақпараттарды ұсынды. Радионың өзге ақпарат құралдарынан өзгешелігі, оның жұмыс істеу қарқыны, ақпарат таратудағы жылдамдығын да сөз етіп, шеберлік сағатын жоғары деңгейде өткізді.

Бұл күн ерекше мерекелік көңіл-күймен ерекшеленді. Қатысушылар арасында кол күрестіруден, гір тасын көтеруден шағын жарыс ұйымдастырылып, жүйріктер анықталды. Сонымен қатар әйелдердің спортқа, спорт журналистикасына келуі кеңінен сөз етілді. БҰҰ Моделі – Жаңа Жібек жолы Тұрақты даму мақсаттарын Ауғанстанда дамыту жайында ауған студенттер мен «Сандық және ақпараттық сауаттылықты арттыру» жайында қазақ студенттерінің таныстырылымы көпшілік назарына ұсынылды.

Қысқы мектеп аясында «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы» ҚҚ президенті, С.Демирел атындағы университеттің журналистика кафедрасының доценті Есенгүл Кәпқызы, спорт журналисі Рауан Оқас және «SportPortal» сайтының редакторы Мейіржан Жылқыбайдың шеберлік сыныбы қатысушылардың білімін толықтыра түсті. Журналистің этикалық нормасы, ақпаратқа сілтеме жасау, шынайылығын тексеру, спорт журналистиканың ерекшеліктері мен қиындықтары, сайттағы спорт журналистикасы жайында әңгіме болды. Сондай-ақ «31» арнаның «ИнформБюро» жүргізушісі Ерқанат Көпжасар мен «Азаттық радиосының» тілшісі, Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері Руслан Меделбектің дәрістері де қатысушылар үшін өте қызықты болды.

Қазақстан жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттар, РҺD докторанттар, оқытушылар, республикалық және аймақтық БАҚ журналистері, онлайн медианың веб-редакторлары мен контент-редакторлары бас қосқан тәжірибе алаңы жоғары деңгейінде өтті. Болашақ журналистерге бағыт берген курс соңында 72 сағаттық біліктілікті арттыру жөніндегі куәліктер табысталып, қатысушылар өз шеберліктерін шыңдай түсті.