Елбасы сыныптасымен кездесу

16.01.2018

Көрулер: 2189

Елбасымыздың ұлтына сіңірген ұшан теңіз еңбегін жастарға дәріптеу арқылы отансүйгіштік тәрбие беру мақсатында жақында филология және әлем тілдері факультетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Алматы қаласы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен Елбасымыздың замандасы, сыныптасы, аудандық арадагерлер ұйымының төрағасы Сайлаубек Қасенбайұлы Қыдырәлиевпен «Елбасы замандастарымен бірге» атты кездесу кеші болып өтті.

Қазақ тіл білімі кафедрасының жанындағы «Сөз маржаны» клубы мен қазақ тіл білімі кафедрасының доценті Ғ.Қ. Иманалиеваның ұйымдастыруымен өткізілген шара көпшіліктің көңілінен шықты. Кездесу барысында қонағымыз Елбасымен өткен қызықты сәттерін баяндаумен қатар, көшбасшымыздың ең керемет қасиеттерін дәріптеп, студент жастарды осы қасиеттерді сіңіруге шақырды. Кешімізде 1-курс студенттері Елбасыға арнау өлеңдер оқып, қонақты өнерлерімен тәнті етіп, батасын алды.

Сондай-ақ кеште «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасының маңызды тұстары, соның ішінде «ұлттық код» мәселесі қызу талқыға түсті. Шара Елбасының лидерлік бейнесін таныту арқылы жастарға патриоттық тәрбие беру. Елбасымыздың сардарлы саясатының бағытымен жарқын болашаққа нық қадам басу. Біздің жастар қашан да Елбасымыздың ұстанған саясаты мен қабылдаған қарарларын құптайды әрі қолдайды. Бір ел, бір тағдыр, бір Елбасы!

Көшбасшы болу – әркімнің басына бұйыра бермейтін бақ. Ал әр көшбасшы Елбасы бола ала ма? Ешкімде байқалмайтын даналық, ешкімде жоқ парасат, ешкімде кездеспейтін ізденімпаздық, ерекше талап, сарқылмайтын күш-жігер – нағыз көшбасшының асыл қасиеттері. Халықты бірлікте ұстау, тәуелсіздікті ту етіп, елдікті сақтау басты міндет болып саналады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық бейнесінен осы аталған қасиеттердің бәрін де кездестіре аламыз десек қателеспейміз. Оның дипломатия мен саясатқа келгенде бүркіттей қырағылық танытатыны, елдің басына күн туса, белін бекем буатыны, мәселеге келгенде білек сыбанып қашан да іске дайын тұратыны, Бұқар жырау айтқандай, «шаршы топта сөз бастау қиын» сол қиындықты да жеңе білуі – нағыз басшыға тән дарын. Елбасымыз – біртуар биік тұлға, халық жанашыры, іргелі реформалардың қайнар көзі.

К.К.КҮРКЕБАЕВ,

филология және әлем тілдері факультеті деканының орынбасары;

Ғ.Қ.ИМАНАЛИЕВА,

қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, ф.ғ.к.