Ректор COMSATS делегациясымен кездесті

20.12.2017

Көрулер: 4312

ҚазҰУ-да «Интернет-қауіпсіздік: ақпарат алмасу қауіпсіздігін күшейту» атты жетінші халықаралық семинар өтіп жатыр. Ректор Ғалым Мұтанов семинарға келген COMSATS делегациясы құрамымен кездесті.

 Кездесу барысында ректор 2017 жылдың 10-11 қыркүйегінде Астана қаласында өткен Ислам Ынтымақтастық Ұйымы саммиті аясында жарияланған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындау барысында жаңа технологияларды енгізу, ғылыми-зерттеу университеттерінің базасында құзыреттілік орталықтарын дамыту, «Сандық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру сынды шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ Ғ.Мұтанов ақпаратты қорғау бойынша жұмыстардың және қазақстандық ғалымдарға ақпарат алмасуға арналған киберқауіпсіздікті арттыру үшін нано-технологияларды пайдалануға, озық зерттеулер жүргізуге, күрделі процестердің неғұрлым нақты модельдерін жасауға, эксперименттер нәтижесінде алынған көптеген деректер санына талдау жасауға мүмкіндік беретін қазіргі заманғы ақпараттық технологиялармен жұмыс істеудің жаңа әдістерін зерттеу мен оқудың ерекшеліктеріне тоқталды. Әсіресе, суперкомпьютер және бұлтты есептеулер орталығын құру арқылы ҚазҰУ негізінде Жаңа Жібек жолы университеттер альянсы шеңберінде халықаралық IT-технопарктің қалыптасуы ерекше маңызды екенін тілге тиек етті.

Өз кезегінде Оңтүстікте тұрақты дамуды қамтамасыз ету мақсатындағы ғылым мен технология бойынша комиссиясы (COMSATS) директорының аға көмекшісі Фархан Ансари және Ішкі исламдық ақпараттық технологиялар желісімен (INIT) ҒЗТКЖ бойынша директораттың аға қызметкері Мухаммад Атик-ур-Рахман семинарды ұйымдастырғандары үшін алғыс білдіріп, ҚазҰУ-дың келесі жылы сәуір айында COMSATS үйлестіру кеңесін өткізу бойынша жоспарланған іс-шараларды талқыға салды.

 

Баспасөз қызметі