Ғасырлар тоғысындағы Алаш идеялары

30.10.2017

Көрулер: 8000

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді орындау мақсатында «Ғасырлар тоғысындағы Алаш идеялары» атты «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Шараны республикалық «Ақжол» демократиялық партиясының қолдауымен ҚазҰУ-мен Түркия Республикасының Гази университеті және Түркі тарихы қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.

Ауқымды деңгейдегі шараға Түркиядан арнайы делегация – Тürk tarih kurumu президенті доктор Рефик Туран (Refik Turan) бастаған ұйым өкілдері, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Монғолияның және еліміздің ғалымдары, архивтер мен  мемлекеттік мекеме  басшылары, ЖОО өкілдері қатысты. 

Конференция жұмысы қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күрестеріне жол бастаған «Алаш» идеясы тарихы мен сол бағытқа өмірін арнаған Алаш қайраткерлері және оның мұрагерлерінің тартысқа толы тағдырының тәуелсіздік тұрғысынан маңызын ашып көрсетуге бағытталды.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың  ұлттық идея жасау міндетін өз мойнына алды. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал», - деп көрсеткен болатын. Президиумда сөз сөйлеген ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Елбасы кітабына шолу жасап, тарих қойнауынан сыр шертті. Ғ.Мұтанов «Қазақтың алғашқы саяси партиясы «Алаш» пен Алашорда үкіметінің пайда болуы кездейсоқ құбылыс болған жоқ. Бұл қазақ халқының тәуелсіздігі үшін көп ғасырлық күресінің заңды кезеңі болды. «Алаштың» бұрынғы қайраткерлері және ғылыми, шығармашылық интеллигенциясы қазақтың басқарушы таңдаулы тобының өкілдері қазақ мемлекеттілігінің іргетасын қалады»,- деп атап өтті.

Алаш партиясының қызметі белгілі бір шамада Қазақстан тәуелсіздігінің идеялық көзі болып табылды. 100 жыл бұрынғы «Алаш» идеясы қазіргі кезеңде қазақ елінің «Мәңгілік ел» идеясымен тарихи сабақтастықпен үндесіп, рухани жаңғыруға бастама болды. Бұл тұста Елбасының «Болашаққа бағдар-рухани жаңғыру» мақаласы ұлт санасының сілкінісі мен рухани жаңғыруға тың серпін береді.

Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтың айтуынша, Елбасы мақаласына негізделген рухани жаңғыру қатпарлы қазақ тарихынан басталады. Ол үшін ең алдымен алаш қайраткерлерін дәріптеу аса маңызды. Осы орайда Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Зиябек  Кабулдинов тарихымызды жаңғырту керектігін алға тартып, өз кезегінде ұлт көсемдерін ұлықтаудың маңыздылығына басымдық берді.

Шара барысында алаш қайраткерлерінің ел үшін жасаған қызметтері, олардың ұлттық идеяға адалдығы, «Алаш» идеясы мен «Мәңгілік Ел» идеясы арасындағы тарихи әрі рухани сабақтастықтар мәселелері көтерілді. Қазақ тілінде жасаған баяндамасында Гази Университетіндегі Түркітану ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Хүлия Касапоғлу Ченгел ішкі жан тебіренісін жеткізіп, алаш ардақтылары туралы «Ұлт зиялыларының қайта ояну кезеңінде еткен еңбегі өлшеусіз. Адам құқығынан бастап әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді шығармаларына өзек етті» , -деп пікір білдірді. Ол М.Жұмабаев, М.Дулатовтың рухты жырларын оқып, жалынды жастарды жігерлендіре түсті.

Алаш қайраткерлері ұлт-азаттық күрес көсемдері ғана емес, олар ұлттық зиялы қауымның жарқын өкілдері болды. Олардың әрқайсысының қазақ ұлттық сана-сезімін дамытуға, оның білім беру мәдениетін арттыруға қосқан орасан зор үлесін шараға жиналған алаштанушылар  мен мемлекет және қоғам қайраткерлері жарыса айтты. Халқы үшін ғұмырларын құрбандыққа шалған ер азаматтар өз заманында қазақтың тарихы мен мәдениетін зерделеп, халқының әлеуетін көтере білді. Ұлтының болашағы үшін адал қызмет ету алаштың асыл азаматтарының өмірлік ұстанымы еді. Конференцияға қатысушылар «Күллі түркі жұртының темірқазықтай жұлдыздарын дәріптеп, ақ жолдарына кір келтірмеу– міндетіміз» деп жастарға үндеу білдірді. Себебі, арда туған алаш ардақтыларына ұлты мен ұрпағы қарыздар.

 

Баспасөз қызметі