АӨСШК құрылғанына 25 жыл

20.10.2017

Көрулер: 3847

ҚазҰУ-да «Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес: 25 жыл серіктестік пен қауіпсіздік жолымен» атты АӨСШК құрылуының 25 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.   

Шараны Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасының сыртқы істер Министрлігі, АӨСШК хатшылығы, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Өкілдігі және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырды. Конференция жұмысына Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялардың өкілдері, мемлекеттік құрылымдардың, академиялық және эксперттік қоғамдастықтың өкілдерімен қатар жас ғалымдар қатысты.

Қазақстан сыртқы саяси басымдықтары жүйесінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру идеясын Қазақстан Президенті Н.Назарбаев алғаш рет 1992 жылы 5 қазанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында жариялаған болатын. Негізгі мақсат Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиімді және қолайлы құрылымды құру болды.

Конференция барысында сөз алған Қытай Халық Республикасының Алматыдағы бас консулы Чжан Вэй: «АӨСШК-нің құрылуы егемендікті, теңдік пен аумақтық тұтастықты сақтау, ішкі саясатты құрметтеу және халықаралық қатынастардың негізгі нормалары ретінде жанжалдарды бейбіт жолмен реттеу сынды бейбітшілік пен ынтымақтастықтың негізгі мақсаттарын анықтап берді. Ұлттық құрамы, діни көзқарасы, саяси жүйелері, тарихы мен мәдениеті, географиялық ортасы және басқа да аспектілер бойынша үлкен айырмашылықтары бар елдер үшін ұйым  болашақта Азияның қауіпсіздігі мен дамуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын болады»,-деді бас консул. Конференция шеңберінде АӨСШК халықаралық бірден-бір форум ретіндегі рөлі мен Азиядағы қауіпсіздік пен серіктестік жөніндегі сұрақтар, жаһандану талаптарына сай жаңа сын-тегеуріндердің өзекті мәселелерін шешу мен оларға жауап іздеу жолында мемлекеттердің бірігіп әрекет етуіндегі халықаралық институттардың маңыздылығын арттыру мәселелері қарастырылады. Сондай-ақ шарада АӨСШК Хатшылығының Атқарушы директоры Гун Цзяньвэй, ЮНЕСКО бюросының директоры Криста Пиккат және басқа да БҰҰ тұрақты өкілдерінің баядамалары тыңдалып, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың арнайы құттықтау хаты оқылды. 

Сөз орайы келгенде айта кетерлігі,  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан университеттерінің арасында Біріккен Ұлттар Ұйымының «академиялық ықпалдық» бағдарламасының жалғыз қатысушысы болып табылады. Бұл адам құқықтары, сауаттылық, орнықты даму, қақтығыстарды реттеу және бейбітшілікпен, мәдениетаралық диалогты сақтауға қатысты әлемге әйгілі он қағидатты белсенді түрде қолдауға бағытталған, әлемнің 90-нан астам елдерінің 500-ден астам университетін біріктіретін Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық бастамасы.

ҚазҰУ ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жасыл көпір» және «G-Global» бастамаларын қолдау үшін «РИО + 20» жаһандық саммитінде секцияны ашқан ТМД-ның жалғыз мекемесі. Университет Тұрақты даму бойынша Азиялық университеттер ректорларының ІІІ форумының ұйымдастырушысы болды. Университет Колумбия университетімен (АҚШ) бірлесіп «MDP Global Classroom» тұрақты даму бойынша оқу бағдарламасын табысты жүзеге асыра отырып, «БҰҰ үлгісі - Жаңа Жібек жолы» әлемдік студенттік ойынның бөлігі болып табылады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ екі халықаралық желі - Шанхай ынтымақтастық ұйымының (USOS) университеті және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД)  ашық желі университеттерінің консорциумы аясында белсенді қызмет атқарады.

Әрине бұл аталған іс-шаралар мен бастамалар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атқарып жатқан шаралардың бір парасы ғана. Аталған шаралардың барлығы мақаламызға арқау болып отырған «сенім шараларын» күшейту бағытындағы көзге көріне бермейтін, жемісін де мәуелі ағаш тәрізді бірнеше жылдардан кейін, ұзақ та сапалы беретін бастамалар екендігін атап айтқымыз келеді.

 

 

Баспасөз қызметі