Қазақстанның шығыстану ғылымы және рухани жаңғыру мәселелері

19.09.2017

Көрулер: 5202

2017 жылдың 22 қыркүйегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі және Жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі – Әбсаттар Дербісәлінің 70 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстанның шығыстану ғылымы және рухани жаңғыру мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізеді.

Қазіргі шығыстану – тұтас Шығысты және оның жеке аймақтарын зерделейтін ғылымдар кешені. Оған филология, тарих, философия, мәдениеттану, археология, саяси, экономикалық, сонымен қатар, ауқымы неғұрлым кең қосалқы пәндер деп аталатын басқа да ғылымдар кіреді.

Қазіргі шығыстану ғылымында біршама өзгерістер орын алды. Оң өзгерістер қатарына шығыстану зерттеулерінің ауқымының кеңеюі қосылды. Сондықтан, бүгінгі күні Шығысқа қатысты бірқатар тәсілдердің әдіснамалық осалдығын, сондай-ақ, Батыстағы Шығыстың бұрмаланған бейнесін түбегейлі өзгерту және Шығысқа қатысты идеологиялық батыс бейнесін ашуда шығыстану тарихы мен оның әдістеріне ғылыми баға беру қажеттілігі бар.

Шынтуайтқа келсек, бүгінде шығыстанудың міндетіне әртүрлі өркениеттер арасындағы диалогты қалыпты арнаға түсіріп, қазіргі әлемдегі бірқатар маңызды рухани, саяси және ұлттық проблемалардың әділ шешімін табуы кіріп отыр.

Осыған байланысты, конференцияда Қазақстан мен Орталық Азия тарихының деректеметану және тарихнамасы; Қазақстанның шығыстану ғылымындағы шығыс филологиясының рөлі; Қазақстан мен Орталық Азияның ортағасырлық көрнекті ойшылдары мен тұлғалары: мәні мен мaңызы; Қазақстандағы дін және қоғам: ынтымақ пен бірлік мәселелері, Қазақстанның рухани жаңғыруы және қазіргі заманның жаһандық сын-тегеуріндері және т.б. мәселелер қарастырылады.

Конференцияның жұмысына белгілі шығыстанушы ғалымдар, филологтар, тарихшылар, дипломаттар, мәдениеттанушылар, дінтанушылар, саясаттанушылар, мемлекеттік билік органдары, бизнес, сонымен қатар, Қазақстан мен шет елдердің қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысады.

Өткізілетін орны: Алматы қаласы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, әл-Фараби Ғылыми кітапханасы, 4 қабат, Конференц-зал 3, басталуы: 11.00.

Байланыс телефоны: 8(727) 261-26-13, 8 701 152 98 48; 261-16-01; 261-46-00 (факс), orientalstudies.kz@gmail.com