Ғалым әрі қайраткер

29.06.2017

Көрулер: 2456

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Өнегелі өмір» сериясымен академик, мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымының докторы, профессор Асқар Алтынбекұлы Құлыбаевтың өмірі мен қызметі, ғылыми шығармашылық жолына арналған кітаптың тұсаукесері өтті. 

Салтанатты шараны университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов құттықтау сөзімен ашып, мерейтой иесіне зор денсаулық, жемісті еңбек тілей отырып, аталған жинақтың тұсауын кесті.
– Бүгін біз өмірі өнегеге толы көрнекті ғалыммен кездесу кешін өткізіп отырмыз. Құрметті Асқар Алтынбекұлы! Сіздің ел үшін атқарған әрбір игілікті ісіңіз көпке үлгі. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Ғылыми Кеңесі сіздің еліміздің жоғары білім, ғылым саласына сіңірген еңбегіңізді ескере отырып, мерейлі 80 жасқа толуыңызға орай «әл-Фарабидің үлкен Алтын медалімен» марапаттап, «Құрметті докторы» мәртебелі атағын беру туралы шешім шығарды. Сонымен қатар «Өнегелі өмір» сериясымен сіз жайында кітап шығаруды жөн санадық. Еңбегіңіз еленіп, халықтың ыстық ықыласына бөлене бергейсіз, — деді университет ректоры Ғ.Мұтанұлы.
Салтанатты шара аясында уни­верситеттің Бас ғылыми хатшысы Ләззат Шайкенова тәуелсіз еліміздің игілігін арттыру жолында ғылым, білім беру, қоғамдық және халықаралық мәндеттерді атқарып келе жатқан еңбегі мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін техника ғылымының докторы, ҚР Ұлттық инженер акадмиясының академигі және Халықаралық инженерлік академиясының академиясының академигі Асқар Құлыбаевты алтын медальмен марапаттады. Сонымен қатар Асқар Алтынбекұлына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрметті докторы атағы берілді.
Шараға қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері Кеңес Аухадиев, «КазГор» жобалау академиясының президенті, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдісағит Тәтіғұлов, «Алматы­құрылыс» Ұлттық холдинг компания­сының директоры Амангелді Ермегияев, Қазақ сәулет құрылыс академиясының президенті Әмірлан Құсайынов, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, педагогика ғылымының докторы, профессор Дина Жүсіпалиева және т.б. мерейтой иесін мерейлі 80 жасымен құттықтап, көрнекті ғалымға сый-құрмет көрсетті.
Кеш соңында мерейтой иесі жиналған жұртшылыққа рақметін айтып, университет жастарына ақ батасын берді.
Айта кетейік, аталған жинақ 3 бөлімнен және арнайы мұрағат құжатта­ры­нан жинақталған. Жинақта Асқар Алтынбекұлының «Сотвори себе имя» кітабынан ықшамдалып алынған өмірінің қызықты сәттерінен үзінділер, балалық, жастық шағы, ата-анасы, туып-өскен жері, отбасы, балалары мен немерелері туралы жүрекжарды естеліктері және өз қаламынан туған «Шүкір өлең» атты жүрекжарды жыры берілген. Сондай-ақ, бұл кітаптағы «Тау баласы тауға қарап өседі…» бөлімінде Асқар Құлыбаевпен кезінде бірге қызметтес болған, елге танымал тұлғалардың, қоғам қайраткерлерінің жылы лебіздері топтастырылған.
Ал, «Жыр-шашу» бөліміне балалық шағынан бірге өскен досы Ошақбай Рысбекұлының «Асыл досым – Асқарым», Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевтің «Сен нағыз азаматсың, биік туың», ақын Абдрахман Асылбектің «Алатаудың Асқары» және Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің «Қарсы бұтақ тәрізді қайсар аға» атты өлеңдері енген.