Университетпен қауышу

01.06.2017

Көрулер: 2348

Әрбір жоғары оқу орнының өз түлектері болады. Олар еліміздің дамуына үлес қосып, әртүрлі салада еңбек етіп келеді. Түлектердің білім алған оқу орындарында бас қосып, кейінгі толқынға ақ жол тілеп, ықылас-ниеттерін білдіруі, білім саласында атқарылып жатқан шаруалардың талқыланып, кеңінен пікір алмасуы да өнегелі әрі жақсы үрдіс деп айтуымызға болады. Осы орайда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Түлектер күні жыл сайын өткізіліп, ол бүгінде дәстүрге айналғаны белгілі.

Биылғы түлектер күніне де осы университеттің қабырғасында білім алып, бүгінде елге танылған азаматтар, өз ісінің білгір мамандары салтанатты жағдайда жиналып, басқосу өткізді. Мұндай тағылымы мол кездесудің ерекше мәні бар. Өйткені жоғары оқу орнының биылғы түлектері алдыңғы буын өкілдерін көріп, үлгі-өнеге алаты­ны анық. Болашаққа деген бағдарды айқындауға да тигізер септігі аз емес. Шара аясында университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов бастаған бір топ түлектер «Мәңгілік ел» студенттер мен түлектер қақпасының алдында жиналып, шығыстың ұлы ғалымы Әбу Насыр әл-Фараби ескерткішіне және академик Өмірбек ­Жолдасбеков монументіне гүл шоқтарын қойды. Түлектер мен қонақтар Жасыл технологиялар орталығын аралап, ҚазҰУ-дың ғалымдары мен студенттерінің инновациялық жобаларымен ­танысты.
Салтанатты шараны құттықтау сөзімен ашқан университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов аталған білім ордасының тың жетістіктерін баяндай келе, университет өміріне белсене араласқан барлық түлектер мен қонақтарға алғысын білдірді.
– Баршаңызды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Әр жоғары оқу орнының атқарып жатқан жұмысының айқын көр­сеткіші – түлектері және олардың жеткен жетістіктері. Біздің университет әрқашан өз түлектерімен мақтанады. Қасиетті қара шаңырақ қабырғасында алған білімін ел игілігіне жұмсау – әрбір түлектің басты міндетіне айналғай, – деді университет ректоры. Кеште түлектер атынан үздік студенттерге және кафедраларға бағалы сыйлықтар тапсырылып, көпшілік назарына Альма-Матер жетістіктері туралы арнайы фильм ұсынылды. Жиынның ресми бөлімі аяқталған соң, шараға қатысушылар ҚазҰУ студенттері дайындаған мерекелік гала-концертті тамашалады. Әрі қарай дәстүр бойынша университеттің әр жылғы түлектерімен кездесу факультеттерде жалғасын тапты. Түлектер өз факультеттерін аралап, оқытушылармен, студенттермен кездесті. Бір күнге созылған мерекелік кеш әл-Фараби атын­дағы кітапханада университет түлек­терінің би кешімен аяқталды.