Швейцария делегациясымен кездесу

11.07.2017

Көрулер: 4901

ҚазҰУ-дың бірінші проректоры М.М. Бүркітбаев Швейцариядағы елші, білім беру, ғылыми зерттеулер және инновация жөніндегі мемлекеттік хатшылықтың халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Мауро Моруцци бастаған швейцария делегациясымен кездесуі өтті. Аталған кездесуге ЭКСПО-2017 Астана қаласындағы Швейцария көрмесінің менеджері Филип Ресле, академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Таңсұлу Мухитденова, ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департамент директоры Серік Мұхамбетжанов, халықаралық қатынастар және философия және саясаттану факультетінің декандары қатысты.

Кездесуді алғысөзімен ашқан бірінші проректор М. Бүркітбаев ҚазҰУ-дың классикалық білім беру үлгісінен, ғылыми зерттеу университет үлгісіне көшкендігін атап өтті. Өз сөзінде ол білім мен ғылым саласында ҚазҰУ мен Швейцария университеттері арасында қарқынды ынтымақтастық орнату мен нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Университет жұмысымен толық танысқан Швейцария елшісі Мауро Моруции ҚазҰУ-дың ғылым мен инновация саласының даму деңгейіне жоғары баға беріп, университет кампусында студенттерге барлық жағдай жасалғандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, елші Швейцариядағы жоғары білім беру жүйесі мен оны қаржыландырудың ерекшеліктерімен таныстырды. Кездесу барысында тек білім беру бағытында ғана емес, тараптар ғылыми саладағы ынтымақтастықтың қарқынын жетілдіру, экономика, экология, химия, физика және т.б. бағыттар студенттер алмасу, академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша қарым-қатынас орнатып, бірлесіп мамандар дайындау жайын сөз етті. Екі жақты келіссөздердің нәтижесінде тараптар келешекте халықаралық ынтымақтастық шеңберін кеңейту мақсатында бірлескен кездесулер мен жиындар өткізу туралы шешімге келіп, Қазақстан мен Швейцарияның білім жүйесін, ғылыми зерттеу және инновация бағыттарының басымдықтары мен ерекшеліктерін атап өтті.  

 

Баспасөз қызметі