Жанғыштығы төмендетілген полимерлі материалдар

07.06.2017

Көрулер: 3717

2017 жылдың 6-8 маусымында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми кітапханасында көрнекті ғалым, ҚР ҰҒА академигі Болат Ахметұлы Жұбановқа арналған VIII Халықаралық «Жанғыштығы төмендетілген полимерлі материалдар» атты конференция өтті. Аталмыш шараны университетпен бірге РҒА Н.Н. Семенов атындағы Химиялық физика институты, Ресей ТЖМ Өртке қарсы мемлекеттік қызмет академиясы,  Волгоград мемлекеттік техникалық университеті, Ұлттық зерттеу Мәскеу мемлекеттік құрылыс университеті, ҚР ІІМ Көкшетау техникалық университеті ұйымдастырды.

Академик Болат Ахметұлы Жұбанов Қазақстандағы полимерлік ғылымның негізін салушылардың бірі, полимерлер химиясы мен технологиясы саласында кадрлар даярлау ісіне зор үлес қосты. Білікті ұйымдастырушы ретінде Б.А. Жұбанов Қазақстанда белгілі ғылыми мектеп құрды, ол жоғары молекулалық қосылыстар химиясы саласында іргелі зерттеулерімен халықаралық дәрежеде мойындалған. 1963 жылы университетте жоғары молекулалық қосылыстар химиясы кафедрасы құрылды, сол кездегі декан Б.А. Бірімжановтың  шақыруымен оны химия ғылымдарының кандидаты Б.А. Жұбанов басқарды.

Б.А. Жұбановтың ғылыми қызметінде термотұрақты полимерлер мен отқа төзімді қаптамалар алуға арналған жұмыстар маңызды орын алды, конференция тақырыбы осы мәселеге арналды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары химиялық физика және материалтану, органикалық заттар, табиғи қосылыстар мен полимерлер химиясы мен технологиясы кафедраларының базасында Жану мәселелері институтымен бірге жаңа оттан қорғайтын композициялық полимерлі материалдар алу мақсатында зерттеулер жүргізеді.

Ғылыми конференцияның негізгі бағыттары: полимерлердің термототықтырғыш деструкциясы мен пиролизі, полимерлі материалдардың жану теориясы, полимерлердің жануының жаңа ингибиторларын синтездеу және әсер ету механизмі, материалдар мен конструкциялардың экологиялық және өртке қарсы қауіпсіздігі, полимерлі материалдардың өрт қауіптілігін бағалау әдістері, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды талдау.

Конференция барысында жаңа композициялық материалдар өндірісі, құрылыс, ғимараттар мен конструкциялардың қауіпсіздігін қамтамасыз  ету сияқты тақырыптарына жасалған баяндамалардың мамандар үшін  маңыздылығы аса жоғары болды.

Баспасөз қызметі