ҚазҰУ-да II Халықаралық РR жазғы мектебі өтті

10.06.2017

Көрулер: 4092

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросының қолдауымен «Медиа және PR-коммуникациялар: тұрақты даму стратегиясы» атты ІІ Халықаралық PR Жазғы мектебін өткізді.

Жазғы мектепке Қырғызстан (М.Қашқари ат. Шығыс университеті), Астана, Атырау, Ақтау, Қарағанды, Түркістан, Тараз, Қостанай өңірлерінен студенттер, ЖОО оқытушылары, жас  журналистер мен PR-мамандары қатысып, Public Relations және журналистикадағы қазіргі технологиялар мен инновациялық әдістерді практикалық қолдану, дағдарыс және даулы, қақтығыс жағдайларын басқару, коммуникация және PR, медиа-контент түзу, абырой-беделді басқару, копирайтинг және digital PR, желілік коммуникациялардың және отандық БАҚ тұрақты дамуының мүмкіндіктері туралы кейстермен танысып, дәрістер тыңдады. Сабақтарды коммуникация және PR саласының сарапшылары мен медиа-тренерлер, жетекші БАҚ бас редакторлары мен тәжірибелі журналистер, шетелдік және отандық профессорлар жүргізді. Атап айтқанда «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Ж. Кенжалин, «Заң» газетінің бас редакторы Б. Әшірбаев, «Ұлан» газетінің бас редакторы Ж. Әбділда, Коммуникациялар бойынша ҚҚА Басқарушы директоры Қ.Домбай, «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ Президенті Н.Жоямергенқызы, «Мінбер» Журналистерді қолдау орталығының Президенті Е.Кәпқызы, «Әділ сөз» Сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы Ғ.Аженова, Қазақ радиосы Алматы студиясының бас редакторы М. Мұқаш және банктер мен компаниялардың қоғаммен байланыс мамандары қатысты.

Жазғы мектептің ашылу салтанатында «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Жұмабек Кенжалин құттықтау сөз сөйлеп, әртүрлі өңірлерден келген жастарға, Жазғы мектеп жұмысына сәттілік тіледі. Спикердің «Редакция менеджменті мен маркетингі. Жоспарлау. Ұйымдастыру» тақырыбындағы мазмұнды дәрісін қатысушылар асқан қызығушылықпен тыңдады. 

БҰҰ-ның Қазақстандағы Қоғамдық ақпарат департаментінің басшысы Властимил Самек тұрақты даму мақсаттарына табысты жетудегі БАҚ-тың рөлін ерекше атап өтті. Адамзаттың дамуындағы тұрақты дамудың 17-ші мақсатына терең тоқталып, қазіргідей цифрлық технологиялар дамыған кезеңде бұқараға тұрақты даму мақсаттарын түсінікті жеткізу үшін ақпарат берудің түрлерін тиімді таңдап, дәстүрлі және онлайн платформалар арқылы берудің қажеттілігін айтты.

«Қазақстандағы 19 журналистік білім беру орындарының ЮНЕСКО кафедрасының қызметіне араласып отыруының өзі ұлттық университеттің академиялық ықпалын көрсетеді. «Тұран» университетінің Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күніне арналған іс-шарасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен бастау алған», - деді ЮНЕСКО Кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімінің басшысы Сергей Карпов, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының Халықаралық журналистиканы оқыту стандарттарына арналған Халықаралық ғылыми конференциясын тілге тиек ете отырып. Тұрақты даму мақсаттарына жетудегі коммуникацияның рөлі, коммуникация дамуының халықаралық бағдарламасы С. Карпов баяндамасының өзегіне айналды. Тұрақты дамудың барлық мақсаттарына тоқталып, атқарылған жұмыстарды шолып шыққан маман БАҚ-тың ерекше рөлі көрсетілген 16-шы мақсатын терең талдай келе, ақпаратқа қолжетімділік, мәдени және тілдік әртүрлілікті сақтау, ақпараттық сауаттылық, цифрлық ресурстар мен қызметтерге қолжетімділікті арттыру мәселелерін қозғады.

Осы орайда ЮНЕСКО-ның 10 жылдан астам уақыт бойы журналистік білім берудің модельдерін насихаттап келгендігін айту қажет. ЮНЕСКО әзірлеген көп тілді мобильдік қосымшалар, оқу-әдістемелік материалдар, өткізілген тренинг-семинарлар да тыңдаушылардың назарынан тыс қалмады.

ЮНЕСКО Кластерлік бюросы өкілінің тұрғындардың біртұтас ақпараттық сауаттылығына қатысты «Интернетті блоктап, ақпаратты шектегеннен ештеңе өнбейді. Ғаламторды пайдалануды балаларға да, ата-аналарға да үйретуіміз керек. Сандық, ойындық, интернет сауаттылық болуы тиіс», - деген пікірі ұтымды.

С. Карпов кафедраға сандық дәуірдегі баспасөз еркіндігінің жаңа мүмкіндіктері, журналистік ақпарат көздерін сақтау мәселелері сарапталған «Пікір еркіндігін білдіру саласындағы жаһандық тенденциялар және бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы» атты Францияда жарық көрген кітапты сыйға тартты.  

Ресми бөлімнен кейін Жазғы мектеп жұмысы әртүрлі секциялар бойынша өрбіді. «Мемлекеттік ұйымдардағы PR-қызметі», «Қаржылық капитал – абырой-беделді басқару», «Медиабренд және БАҚ имиджі», «Дағдарыс жағдайындағы PR. Коммуникацияны басқару», «Ақпаратты реттеу және БАҚ заңнамасы», «Әлеуметтік желімен жұмыс жасаудың тиімділігі» тақырыптары бойынша дәріс тыңдаған қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, ризашылықтарын жасырмады.

«PR-менеджер жұмысындағы нетворкинг», «PR-мамандардың қызметіне интернет-маркетинг қалай көмектесе алады?», «PR стартапты кешеден бастау керек», «Дағдарыс коммуникациялары және PR-жобалардағы өзгерістерді басқару», «Онлайн-жобаны қалай дамытуға болады» тақырыптары да «PR 360º»,  «Digital PR» секцияларының тыңдаушыларына өте қызықты болды.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев қазақстандық ЖОО-ның алдына жаңа міндеттер қойды. Әлемдік үздік университеттердің рейтингісінде 2020 жылға қарай кемінде қазақстандық екі университет болуы тиіс. Осыған байланысты университет қызметінің басым бағыттары айқындалды. Оның ең бастылары оқыту-білім беру қызметінің сапасын арттыру және Инфрақұрылымды дамыту,  жаңа ақпараттық технологияларды  енгізу.

Қазақ ұлттық университеті жетекші шетелдік оқу орындарымен 50-ден астам қос дипломдық білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын бірден-бір университет. Осындай білім беру бағдарламаларының сапасын арттырумен қатар, университет біліктілікті жетілдіру бағытында мақсатты жұмыс істеп келеді. Міне, соның бір көрінісі осы Жазғы мектеп.

Тұрақты даму мақсатының басым бағыттарының ішіндегі 4, 8, 16, 17 мақсаттар бойынша болашақта Жазғы, Қысқы мектептер жалғасын табады.

 

 

Баспасөз қызметі