Түркиялық журналист-ғалымдар мейман болды

28.02.2017

Көрулер: 2593

 

 Зымыран заман талабы ақпарат нарығына білікті мамандар даярлайтын журналистика факультетінің ұжымы алдына асқаралы міндеттер қойып отыр. Солардың ең бастысы-оқулық-әдістемелік қызмет сапасын арттыру және әлемнің үздік білім ордаларымен баянды байланыстарды жолға қою болып табылады. Бұл орайда қол жеткізген жетістіктер аз емес. Атап айтқанда Американың Колумбия университетімен, Польшаның Адам Мицкевич атындағы және Николай Коперник атындағы университеттерімен арадағы қарым-қатынастар жылдан-жылға нығайып келеді. Енді міне, осынау тиімді өзара іліктестіктер қоржыны тағы бір тарту-таралғымен толықты. Өткен аптада университетімізге айшылық алыс Түркиядан келген мәртебелі меймандардың жолы түсті. Түрік дүниесінің ең көне жоғары оқу орны, қабырғасы 1453 жылы қаланған Ыстамбұл университетінің журналистика факультетінің деканы, профессор, ғылым докторы Ергүн Иолджу мен осы факультеттің кафедра меңгерушісі, доцент, ғылым докторы Өнур Акиол ұжымымыздың ұстаздарымен, шәкірттерімен жүздесті, М.Барманқұлов атындағы оқулық телестудия мен радиостудияны аралап көрді, «Айқап» журналының редакциясында болды.

Жылы жүзді кездесуде түркиялық журналист-ғалымдар «Түркі әлемінің медиаорталығын» ашу мәселесін көтеріп, бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейлеріндегі білім беру бағдарламаларын дамытуды және ғылыми байланыстарды жолға қою қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ академиялық ұтқырлық бойынша студенттер алмасу да маңызды. Түркия Республикасының «Мевлана» бағдарламасы бойынша қаржыландырылатын жобаларға қазақстандық әріптестердің де қатысуы күн тәртібінде тұр. Бұл орайда Ыстамбұл университетінде «Әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығы» ашылса, Қазақ ұлттық университетінде «Түріксой» кафедрасы шаңырақ көтерді. Басқосуда сөз алған факультет деканы Сағатбек Медеубек және кафедра меңгерушілері Жетпісбай Бекболатұлы, Гүлмира Сұлтанбаева, Назгүл Шыңғысова өз ойларын ортаға салды, көзделіп отырған шаралардың келешегіне көз жіберді, ұсыныс-тілектерін білдірді.

Шетелдік әріптестер сондай-ақ «Қазақ газеттері» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Қазақ Радиосы ұжымдарында болды. Кездесуде «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры-редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин серіктестік құрамындағы басылымдардың өткені мен бүгіні, көтеріп келе жатқан көкейтесті тақырыптары турасында егжей-тегжейлі әңгімелеп берсе, Қазақ Радиосының қонақжай шаңырағында меймандар журналистерге сұхбат беріп, кеңінен пікір алмасты.

 

Баспа ісі және дизайн кафедрасы