Рахметқажы Берсімбай кітаптарының тұсаукесері

24.02.2017

Көрулер: 3277

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да академик Рахметқажы Берсімбайдың «Өнегелi өмір» сериясы бойынша кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.

Ірі ғалым, дарынды зерттеуші еңбегінің тұсаукесеріне республиканың түкпір-түкпірінен білікті профессорлар мен білімді академиктер жиналды. Салтанатты шараның алғысөзін университет ректоры, «Өнегелi өмір» сериясының бас редакторы Ғалым Мұтанұлы алып, «Есімі Қазақстанға ғана емес, шетелге танымал ғалым Рахметқажы Іскендірұлының өмір жолы, ғылыми мұрасы өскелең ұрпаққа өнеге болар деген ниетпен осы кітаптың ресми тұсаукесерін өткізіп отырмыз»,- деп атап өтті.

ҚазҰУ ректоры баяндамасында Р.Іскендірұлының білім мен ғылымдағы сара жолын саралап жеткізді. Ғ.Мұтанұлының айтуынша, профессор әр жылдары Ұлыбритания, Ресей, Германия, Жапония және т.б. елдердің үздік ғылыми-зерттеу орталықтарында білімін жетілдіріп, тәжірибесімен бөлісіп, зерттеулер жүргізеді. «Р. Берсімбай басқарған генетика және молекулалық био­логия кафедрасы Қазақстан Республикасының алдыңғы қатарлы білім беру орталығына айналды. Бүгінгі күні де бұл ұжым білгір ма­мандар дайындауда университетте алдыңғы қатарда»,- деді ол.

Сондай-ақ, «Рахметқажы Іскендірұлы 1993 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан «Биология және биотех­нология мәселелері ғылыми-зерттеу институтын», 1995 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрамындағы «Жалпы генетика және цитология институтын», 2011 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанынан «Клеткалық биология және биотехнология» ғылыми-зерттеу институттарының ашылуына ықпал ете отырып, Қазақстанда биология ғылымының молекулалық генетика саласының дамуына айтарлықтай үлес қосты. Оның айғағы ретінде шетелдік және отандық ғылыми журналдарда жарияланған 500-ден астам мақаласын, генетика және молекулалық биология саласындағы оқулықтарын және басқа да еңбектерін айтуға болады»,- деді ректор.

Шара барысында академиктің ғылымдағы өресі жөнінде өзге де деректер келтіріліп деректі фильм мен өмір жолы жайлы слайд көрсетілді.

Рахметқажы Берсімбайдың қазақ ғылымына қосқан үлесі мен генетика саласынадағы рөлін айшықтап көрсете отырып, ғалымдар өткенге көз жүгіртіп, өзінше өрнектеді. Президиумда сөз сөйлеген ҚР ҰҒА академигі, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Серік Қасқабасов Ресей елінде туылған академиктің жаратылыстану ғылымын қазақша сөйлеткеніне ризашылық таныттты. Осы тұрғыда ғалымның қазақ деп соққан жүрегін, патриоттығы және ғылым мен білімге деген айрықша құштарлығын ҚР ҰҒА академигі, профессор Хабдрахман Дюсембин да айтып өтті.

ҚР ҰҒА академигі, профессор Тұрганбай Досжанов Р. Іскендірұлының генетика және молекулалық био­логия саласындағы ерен еңбегіне ерекше тоқталды. Өз сөзінде ол академикпен мақтанатынын айтып, «Қазақ ұлттық университетін ғана емес, қазақ халқын жоғары дәрежеге көтеріп жүрген ғалым» деп атап өтті. Жану проблемалары Институтының бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, профессор Зулхаир Мансуров, биология және биотехнология факультетінің деканы, профессор Болатхан Заядан, биология ғылымдарының докторы Рүстем Омаров жүрекжарды тілектерін білдірді. Р. Омаров құттықтау сөзінде ғалымның адами қасиеттерін жоғары бағалайтынын тілге тиек етті. Оның айтуынша, Рахметхажы Берсімбай зерделі зерттеуші ғана емес, өте қамқор, мейлінше мейірімді жан. Құттықтап тілек білдірушілер академикке қазақтың ата дәстүрімен шапан жауып, құрметтеп құнды сыйлықтар берді. Биология және биотехнология факультетінің деканы бастаған біртоп зиялы азаматтар кітаптың тұсауын кесіп, ізгі мереке жүрек тебірентер жылы тілектермен жалғасын тапты.

Баспасөз қызметі