Қазақстанның БҰҰ-мен игілікті ынтымақтастығының 25 жылы

17.02.2017

Көрулер: 4428

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстанның БҰҰ-ға кіргеніне 25 жыл толуын салтанатты түрде атап өтті. Ресми жиын Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранымен басталды. Шараға ҚР Сыртқы істер Министрлігі, БҰҰ қоғамдық ақпарат Департаменті, әкімдік, дипломаттық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері және Алматы қаласының жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты. Атаулы күнге орай ҚР Сыртқы істер Министрі Қайрат Абдрахманов жиын қатысушыларына арнайы құттықтау хатын жолдады.

ҚазҰУ проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев алғашқы болып сөз сөйлеп, университет үшін айтулы жиынның маңыздылығын атап өтті. Өз сөзінде ол: «ҚазҰУ бүгінде БҰҰ білім және ғылым саласының барлық құрылымындағы бөлімдерімен тығыз байланыс жасап келеді. Қазіргі уақытта біздің университетеміз «Академиялық ықпал» бағдарламасының тұрақты дамуы үшін жұмыс жасайтын Жаһандық хаб. Сонымен қатар, бүгінгі күні ҚазҰУ-да екі ЮНЕСКО кафедрасы қызмет атқарып жатыр. Оның бірі бұқарамен қатынас орнату салалары бойынша журналистика факультетінде болса, екіншісі география және табиғатты пайдалану факультетіндегі тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасы», - деді.  

ҚР Сыртқы істер Министрлігінің айрықша елшісі Майнұр Мұрзамадиева баяндамасында еліміздің жоғары саяси деңгейі мен халықаралық дәрежесіне тоқталып кетті. «Республика тәуелсіздігінің 25 жылы – бұл Қазақстанның БҰҰ-мен игілікті ынтымақтастығының 25 жылы. Қазақстанның БҰҰ-ға тұрақты емес мүше болып енуі мемлекет үшін аса маңызды тарихи жетістіктердің бірі болып табылады. БҰҰ даму бағдарламасы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысатынын ресми мәлімдеп, БҰҰ бастамасымен «жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту бойынша халықаралық орталық ашуға дайын екендігін жеткізді», - деді М.Мұрзамедиева

Салтанатты жиында Қазақстанның әлемдік ұйымға басқан ең алғашқы қадамы, яғни тарих қойнауындағы құжаттар мен естелік суреттер бейнеден көрсетілді. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы тұңғыш Тұрақты өкілі Ақмарал Арыстанбекова шараға қатысып, Қазақстан мен ұйымның 25 жылдық хронологиясына тоқталды. «Қазақстанның жаңа тәуелсіз мемлекет болып, халықаралық ұйымға мүшелікке кірген тарихи күніне ширек ғасыр өтіпті. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының нәтижесінде еліміз 25 жыл ішінде халықаралық қатынастар саласында үлкен жолдан өтіп, бүгінде БҰҰ-ның беделді мүшесіне айналды. БҰҰ-мен игілікті ынтымақтастық аясында Қазақстан халықаралық аренада лайықты орынға ие», -деді А.Арыстанбекова. Баяндамасында елші Қазақстанның ғаламдық ядролық қарусыздандыруға қосқан үлесін ерекше айтып өтті. Сондай-ақ, сөз соңында елші Қазақстанның БҰҰ-ға кіргеніне 25 жыл толуына арналған кітабын көпшілікке таныстырды.

Қазақстанда БҰҰ-мен ынтымақтастық аясында экономика, экология, әлеуметтік даму саласындағы халықаралық құқықтың ілгерінді дамуы, адам құқығының сақталуы, лаңкестікпен күрес, ұйымдастырылған қылмыстылық және есірткі бизнесі саласына ерекше назар аударылуда.

Қазақстан бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының өткен сессиясының резолюциясы 2013-2022 жылдарды Мәдениеттердің жақындасуының халықаралық онжылдығы деп жариялап, ресми ұлықтау рәсімін Астанада өткізді. Бүгінде Қазақстан әлемдік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қарастырып, шешімін табуда өзінің дипломатиялық мүмкіндіктерін көрсетіп келеді. Астанада Иран ядролық мәселесі бойынша және Сирия шиеленісі жөнінде келіссөздер жүргізілді.

Айтулы шара барысында ҚХР, АҚШ, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзірбайжан Республикасы және Ресей Федерациясының ҚР-дағы бас Консулдары сөз сөйлеп, қазақ еліне деген жүрекжарды ниет - тілектерін білдірді. Баяндамасын қазақша бастаған АҚШ-тың ҚР бас Консулы Марк Мудидың айтуынша, Қазақстан мен АҚШ халқының ұқсастығы бар. Олар өздеріне сенімді және алдына қойған мақсатына қалай да жетеді. Сондай-ақ, баяндамасында «Қазақстан 25 жылдың ішінде көптеген жетістіктерге жетті. Менің байқағаным, Қазақстан дипломаттары өз елдерін, тарихы мен мәдениетін, әдебиеті мен ұлттық құндылықтарын жоғары дәрежеде көрсете біледі», - дейді М.Муди.

ҚР БҰҰ-ға кіргеніне 25 жыл толуына арналған салтанатты жиынды ҚазҰУ студенттері тәмамдады. Өз кезегінде оқу ордасының білімгерлері қазақ және БҰҰ-ның ресми бес тілінде ұйымның қағидалары мен міндеттерін сақтап, әлемді қорғай отырып, оны тамаша етуге уәде берді.

                                                                                                                                                                                         Баспасөз қызметі