Келелі кездесу

14.02.2017

Көрулер: 3013

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев пен Франция "Зерттеулер мен технологиялар" ұлттық агенттігінің Бас өкілі Кларис Анжельенің кездесуі өтті.

ҚазҰУ проректоры М.Бүркітбаев алғашқы болып сөз сөйлеп, ҚазҰУ оқу үдерісі, оқыту-әдістемелік, ғылыми-зерттеу қызметі жайлы баяндап өтті. Өз сөзінде ол: «ҚазҰУ осыдан 5 жыл бұрын әлемнің үздік университеттерінің ішінде 650 орында болса, Орталық Азиядағы ЖОО-лар арасында алғашқы болып 236 орыннан көрініп отыр. Біз ғылыми қызметімізге өзгертулер енгізудің жаңа форматын ойластырдық, ғылыми зерттеулер жүргізіп, стартап компаниялар аштық» деп атап өтті. Сондай-ақ, проректор алда жүзеге асырар жоспарлар көп екендігін айтып, бірлесіп қызмет етуге сенім білдірді. Кларис Анжелье зерттеулер жүргізуді назарға алып, арнайы бағдарламалар мен университеттер жайына тоқталды. Франция Бас консулдығының университеттер ынтымақтастығы бойынша атташесі Сэверин Гастель аталмыш мазмұндағы кездесудің маңыздылығын тілге тиек етті. С. Гастель: «Бүгінгі кездесуде университеттер туралы ғана емес, зерттеулер жайында сөз қозғайтынымызға қуаныштымын. Өйткені, зерттеулер университетті алға жылжытып, ілгері дамытады» деді.

Сонымен қатар, шараға ҚазҰУ химия және химиялық технология, физика-техникалық, география және табиғатты пайдалану, механика-математика факультетінің декандары атсалысып, өз пікірлерін ортаға салды.