ҚазҰУ-да «Нутрициология» кафедрасы ашылмақ

07.02.2017

Көрулер: 5297

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақстан тағамтану академиясы (ҚТА) ынтымақтастық келісімін орнатты. Ынтымақтастық аясында университеттегі Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінде (ҚДЖМ) нутрициология кафедрасы (тамақтану туралы ғылым) ашылатыны жөнінде ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов пен ҚТА президенті Төрегелді Шарманов меморандумға қол қойды.

ҚазҰУ мен ҚТА ынтымақтастығы ғылым мен тәжірибе, білім беру интеграциясы жолында медициналық білім беру сапасын арттыру үшін ресурстардың интеллектуалдық және техникалық қабілетін біріктіруге бағытталады. ҚазҰУ-дың нутрициология кафедрасы өз жұмысын медицина ғылымдарының докторы, академик Т.Ш. Шармановтың жетекшілігімен бастайтын болады.

Әлемдік медициналық ғылым саласына қосқан үлесі үшін Леон Бернард атындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау қорының лауреаты, профессор Т.Шарманов өз сөзінде «Еліміздің жетекші оқу ордасында кафедра басқару - мен үшін үлкен мәртебе. ҚазҰУ мен Академияның бірлескен қызметі нутрициология, диетология, микронутриент тапшылығы профилактикасы саласындағы оқу-білім, ғылыми-зерттеу, консалтингтік және сарапшылық ынтымақтастығына негізделіп отыр», - деп атап өтті.

Сондай-ақ, Т.Шарманов нутрициология кафедрасының ашылуы халықтың дұрыс тамақтану мәдениеті мен дұрыс өмір салтын қалыптастыруда маңызға ие екенін тілге тиек етті. Бұл жұмыстар дәстүрлі технологияны жүзеге асыруға, тамақтану индустриясына инновациялар енгізіп, тағам өнімдерін өндірудің жаңа технологияларын құрастыруға бағытталатын болады.

Ұлттық оқу орны мен Академия әріптестігі күрделі және қолданбалы медицина-биологиялық зерттеулер жүргізуді, мемлекеттік және халықаралық қоғамдық ұйымдар мен қорлардың грант байқауларына қатысуды, сондай-ақ, нутрициология саласында әлемнің жетекші мамандарының қатысуымен білімгерлер мен мамандарға арнап білім беру және ғылыми мектептерін өткізу тәрізді ортақ қызметтерді жоспарлап отыр.

Сонымен бірге, аталмыш ынтымақтастық тамақтану мәселелері бойынша отандық қоғамдық денсаулық сақтаудың таңдаулы дәстүрлері мен әлем тәжірибесін пайдалануға мүмкіндік бермек. Келелі кездесу барысында Төрегелді Шарманов бие сүті мен жылқы майынан әзірленген өнімдермен таныстырып өтті. Академик олардың иммундық-биологиялық және емдік-профилактикалық жоғары қасиетін сақтай отырып, өндірудің инновациялық технологиясын баяндап берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дені сау ұлтты дамытуда алға қойған маңызды міндеттерін жүзеге асыруды мақсат етіп отыр. Айта кету керек, ҚазҰУ ҚДЖМ-ның ғылыми қызметі эпидемология, гигиена, терапия, спорттық медицинадағы мәселелерде көпжоспарлы зерттеулер жүргізумен тікелей байланысты. Бүгінде медицина факультеті спорттық медицинаны дамытуда халықаралық алаңға айналып келеді. Оның айқын мысалы ретінде 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада өткізу кезеңінде ҚазҰУ «Халықаралық жарыстарды ұйымдастыру кезінде спортшыларды қолдаудың медициналық-биологиялық аспектілері» тақырыбында конференция ұйымдастырғанын атап өтпеске болмас. Аталмыш шара аясында ҚР мәдениет және спорт министрлігі, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан тағамтану Академиясы, FISU халықаралық спорт федерациясы мен «Бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиада – 2017» медициналық қамтамасыз ету және допинг бақылау Департаменті университетке қолдау білдірді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметі

8 (727) 377 31 48