«Мәңгілік ел» Салтанат қақпасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мұраты мен ұраны

03.02.2017

Көрулер: 9222

Жаңа оқу жылы басталысымен Қазақ ұлттық университетінің 1934 жылдан бергі тарихында тағы бір маңызды оқиға орын алды. Бұл – университетке кірер аумаққа сән берген, мағына үстеген Түлектердің «Мәңгілік ел» Салтанат қақпасының ашылуы.

«Мәңгілік Ел» атауының мағынасы менің ұғымымда осы елде тұрып, оның тарихын, бүгіні мен болашағын қалыптастырған халық деген түсінік береді. «Мәңгілік Ел» идеясы туралы бұл ой Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа жылдық құттықтау сөзінде де айтылды. Ол көпұлтты Қазақстан халықтарының бірлігінің айғағы, тәуелсіз мемлекеттің мақтанышы мен үйлесімдігін танытады.  

Ашылу салтанаты күздің мамыражай кешінде өтті. Күз айы Алматыға ерекше көрік беретін жыл мезгілдерінің бірі. Салтанатты шараға құрметті қонақтар келді: Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Рио олимпияда жеңімпазы Дмитрий Баландин, Университет түлектері Ассоциациясының президиумы мүшелері, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, БАҚ өкілдері және ҚР өзге де қоғам қайраткерлері келді, олардың қатарында танымал ақын Олжас Сүлейменов те болды.

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Салтанат қақпасының ашылуымен құттықтап, былай деді: «ҚазҰУ қалашығында Салтанат қақпасын салу ісі университет түлектерінің қалауымен, олардың жеке қаржысымен орындалды. Салтанат қақпасы отаншылдықтың, тәуелсіз елдің гүлденуі мен нығаюының сипатын айқындайды. Ол Қазақстан тәуелсіздігінің 25-жылдығына, Алматы қаласының 1000-жылдығына және ҚазҰУ-дың халықаралық жоғары деңгейлі жетістіктеріне арналып тұрғызылды».

Университет ректоры Ғ.Мұтанов университетті әлемдік деңгейге жетелеп отырған реформатор. «Мәңгілік Ел» Салтанат қақпасын тұрғызу туралы Жарғыға қол қойылған соң, небәрі бір жарым – екі ай ішінде дайын болды! Жаз айында қабылдау комиссиясында жұмыс істеген едім, басшылықтың жылдам әрі жинақы жұмысына өзім куә болдым.

Ақын Олжас Сүлейменов өз әсерімен бөлісе келе: «Мен сіздерді осындай керемет архитектуралық туындының ашылуымен құттықтаймын, өз басым ҚазҰУ келбетіне көрік беріп тұрған Салтанат қақпасының көркемдігіне тәнті болып тұрмын. Бұл көркем дүние жастарды білім әлеміне бастайтын алтын қақпа болады деп сенемін».

Қалалықтардың тағатсыздана күткені – қала әкімінің сөзі еді. «Алматы – біздің тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Бұл қала еліміздің қарқынды дамуының алғышарттарын, бағыттарын айқындаған, маңызды мемлекеттік шешімдер қабылданған қала. Алма Ата – алма қаласы әрбір тұрғынның тұрмысына жайлы болуы үшін салынған, жастар жалыны мен инновациялық жетістіктер қаласы болып табылады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ осы қаланың дамуында ерекше орын алады, себебі бұл қаладағы әрбір үшінші студент осы университеттің шәкірті. Олар Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге қуатты Қазақстанның жасампаздығы жолында еңбек етеді. Салтанатты қақпа – қала бойынша біз жарықтандыратын 33-ші нысан. Бұл күн тарихта қалады, ал біз түлектеріміздің жетістіктерімен мақтанатын боламыз», - деді  Бауыржан Байбек. 

2015 жылы 30 жастан асқан Бауыржан Байбек Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды. Менменшіл және мақсатқа талпынушы, реформалау жүйесін жүргізуге бейім адам. Б. Байбек қала бастығы болғаннан кейін, жолдар мен үйлерді, ғимараттарды, қаланы жаңартуда түрлендіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, белсенді түрде студенттер мен магистранттарды шәкіртақы бағдарламаларымен қолдап, жас мамандарды даярлауда қолынан келгеннің бәрін жасап жатыр.  

Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 80-жылдық тарихы бар, сонымен қатар Қазақстандағы ғылым мен білім бесігі және жетекші оқу орыныдарының біріп болып табылады. 2011 жылы Ғ.Мұтанов ректор болып тағайындалғаннан кейін, ҚазҰУ жаһандану үдерісіне үздіксіз еніп отыр. Қазіргі уақытта университетте 15 факультет, соның ішінде 2016 жылы ашылған медицина факультеті, сондай-ақ шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасындағы корейтану бөлімі де жұмыс істейді.

Корей сериалдары мен музыкасының танымалдығымен қатар, енді Корей толқыны медицинаны да қамтып отыр. Корей ұйымдары ақырындап Қазақстандағы медицина саласына да еніп, осы салада жоғары сапалы қызметтер көрсетуде. Осы трендке еріп, ҚазҰУ медицина факультеті Оңтүстік Кореядағы үздік медицина орталықтарымен үздіксіз алмасу процесін жүргізуде өз ықпалын тигізіп отыр. Кампус аумағындағы ынтымақтастық аясында диагностикалық орталық жұмыс істейді.

Реформалау және оңтайландыру нәтижесінде университет әлемдік университеттер QS  рейтингінде 275 орыннан 236 орынға көтерілді! Бұл жетістікке шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының корейтану бөлімі де өз үлесін қосты. Қазіргі уақытта кафедрада 20 адам жұмыс істейді, 110 бакалавриат студенттері, 9 магистратура және докторантура  студенттері оқиды. Қиыр Шығыс кафедрасының корейтану бөлімі шетелдік жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатып отыр. Олардың көпшілігі ҚазҰУ білім беру бағдарламаларына демеушілік көрсетіп, шәкіртақылар бөліп береді. Сонымен қатар корейтануға деген талапкерлердің қызығушылығын арттыру үшін корейтану бөлімінде үнемі әр түрлі іс-шаралар оқу жылы бойы жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының президенті Назарбаев «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деп атап көрсеткен болатын. Менің болжауымша, Қазақстанның болашағы жарқын, себебі, Қазақстан Корея сияқты барлық күш-жігерін және инвестицияны экономика саласының дамуына ғана емес, сонымен бірге білім беру саласына да бағыттап  отыр. Білімді ұлт әрқашан қазіргі заман шарттарымен барлық жерде күресе алады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Салтанат қақпасы тек қана университеттің белгісі емес, сондай-ақ Алматы қаласының негізгі архитектуралық нышанының бірі. Бұл Салтанат қақпасын бейнелейтін «Мәңгілік Ел» мұраты мен ұраны, Қазақстан халқының  бірлігін сақтайтынына және мемлекеттің дамуына алып келетініне мен сенімдімін.

 

Ли Бенг Джо,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  шақыртылған профессор