Жарнама мәтіндерін аудару ерекшеліктері

07.12.2016

Көрулер: 5884

Шығыстану факультетінде «Жарнама мәтіндерін аудару ерекшеліктері» атты республикалық дәрежеде шеберлік сағаты өтті. Шараны қытайтану кафедрасының доценті Аида Кенжебаева «Аударма теориясы мен тәжірибесін заманауи оқыту әдіснамасы» пәні аясында ұйымдастырды.

А. Кенжебаева еліміздің түкпір-түпірінен келген қатысушыларды өзінің авторлық айрықша әдістемелерімен таныстырды. Сабақ барысында миға шабуыл, кейс-стади, аударманы оқытудың құзыреттік-бағдарлы әдістері және аударма теориясы мен тәжірибесінде қолдануға тиіс өзге де инновациялық әдістер мен технологиялар ұтымды пайдаланылды.

«Аударма ісі» мамандығының 1 курс магистранттарына жасаған баяндамасында дәріскер аудармашы мамандығының ерекшелігі мен қыр-сырына тоқталып, болашақ аудармашыларға сөздік қорын күнделікті байытып, есте сақтау қабілетін жаттықтырып отыру керектігін айтып, тез арада әрекет етіп дағдылануға кеңес берді.

Сарапшы қатысушыларға неғұрлым қысқа мерзім ішінде көлемді ақпаратты сүзгіден өткізіп, аударуға үйрететін тапсырмалар тізбегін орындатты. Сондай-ақ жарнама мәтіндеріндегі тұрақты тіркестерді белгілей отырып, лингвомәдени сөздерді дұрыс аударуға машықтандырды және олардың мәдени ерекшеліктеріне талдау жасап, аудару жолдарын көрсетті, сонымен қатар, жарнама мәтінін аударудағы критерийлермен таныстырып өтті.

Шараға ҚазҰУ-дың әріптес жоғары оқу орындарынан 40-тан аса оқытушы қатысты. Қонақтар арасында Л. Гумилёв атындағы Еуразия Ұлттық Университеті Конфуций Институтының директоры, с.ғ.к., доцент Қошанова С.Е., Қарағанды Ұлттық Технологиялық Университеті Конфуций орталығының директоры, т.ғ.к, доцент Филиппова Т.С., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Ұлттық универсиетінің филология факультеті қазақ тілі кафедрасының доценті Құрманова А.Қ., Шағырбаева Б.Қ. болды. Аталмыш ЖОО-дан басқа, шараға Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті қытайтану кафедрасының ұжымы, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің қытай тілі оқытушылары, Халық Шаруашылығы университеті лингвистикалық орталығының қытай тілі оқытушылары, Д.Қонаев атындағы Қазақ гуманитарлық университеті қытай және ағылшын тілі оқытушылары, Жүргенов атындағы Өнер академиясының оқытушылары, Қазақ Еңбек және Әлеуметтік қатынастар академиясы оқытушылары, Алматы көлік және транспорт колледжінің ағылшын тілі оқытушылары қатысты. 

Жоғары дәрежелі мамандар шеберлік сағат жайында өз әсерлерімен бөлісіп, А. Кенжебаеваның жұмысына өте жоғары баға берді. Сондай-ақ, тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік беретін осындай шаралардың маңыздылығын атап өтті.