Егемен Қазақстан жолындағы Қазақстан Республикасының дипломатиясы

07.12.2016

Көрулер: 5369

  

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті - Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан бастап дарынды дипломаттардың ұстаханасы.

Халықаралық қатынастар факультетінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Егеменді Қазақстан қызметіндегі Қазақстан Республикасының дипломатиясы» атты шара ұйымдастырылып,танымал қазақстандық дипломаттар А.Ш. Джамбуршин және Қ.И. Исағалиевпен кездесу өтті. 

Шараны Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының профессорлары М.Ш. Губайдуллина, Г.А. Мовкебаева, доцент Ж.К. Идрышева мен 2 курс магистранттары А. Старкова, М. Даркембаева ұйымдастырды.

Алғысөзді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің деканы К.Н. Шакіров алып, студенттер үшін қазақстандық дипломатия қайраткерлерімен кездесудің маңыздылығын атап айтты. 1992-1994 жж. Қазақстанның АҚШ-тағы Бірінші Елшісі, КСРО-ның Канададағы елшілігіндегі экс-кеңесшісі А.Ш.Джамбуршин мен тәуелсіз Қазақстанның СІМ-нің қалыптасуына қатысқан, КСРО Дипломатиялық академиясының түлегі  Қ.И. Исағалиев студенттерге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қазақстандық дипломатияның қалыптасуы жайлы ақпарат берді. Сонымен қатар, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтарға тоқталып, ҚР сыртқы саясатының бағыттары жөніндегі естеліктермен, дипломатиялық қызметтің алдағы дамуы туралы өз көзқарастарымен бөлісіп, болашақ мамандарға тәжірибелік кеңестер берді.

Қ.И. Исағалиев жоғары дәрежедегі мамандарды дайындауда екі және одан да көп тіл білу қажеттілігін айтып, сирек кездесетін тілдерді таңдауға жол сілтеді. Ә.Ш. Джамбуршин КСРО-ның Канададағы елшілігіндегі өз тәжірибесі туралы, КСРО-ның ыдырауы мен 1992-1994 жж. Қазақстанның АҚШ-тағы бірінші Елшісі қызметі мен әр елдегі дипломатиялық протоколдың ұстану ерекшеліктері жөнінде мардымды мағлұматтармен бөлісті. Студенттер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстанды ядролық қарудан  сақтау, дипломатиялық қызметке қабылдау кезіндегі гендерлік фактор мен  дипломатиялық байланыстарды орнатудағы тұлға рөлі сияқты көкейінде жүрген сауалдарға жауап алды.