Спорттық медицинаның өзекті мәселелері

03.12.2016

Көрулер: 3267

ҚазҰУ-да ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Спорттық медицинаның өзекті мәселелері» атты халықаралық конференция өтіп жатыр.
Конференция жұмысына Қазақстан, Ресей, Украина, Литва және Оңтүстік Кореяның спорт медицинасы және оңалту саласындағы жетекші мамандар, спорт федерациялары мен ұлттық командалар, Республиканың басқа да өңірлерінің спорт дәрігерлері, Алматы қаласындағы спорттық ұйымдар өкілдері, барлығы 90-ға жуық адам жиналған.
«Айта кетейік, біздің университетте жақсы спорт базасы бар. Бір жыл бұрын медицина факультеті ашылған. Осыған байланысты біз медицина мен спорт саласын біріктіруді мақсат еттік. Алдымызда тұрған бүгінгі міндет - спорт медицинасы тақырыбын талқылау. Біз спорт медицинасы әр кафедраға бөлінбей, тұтас болуын, яғни өзі бір жүйеге айналуын сөз етпекпіз», - деді жиында сөз алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ медицина факультетінің деканы Жанна Қалматаева.
Конференцияда Спорттық медицинаны ұйымдастыру және құқықтық қамтамасыз ету, спорттық медицинадағы клиникалық зерттеу және функционалдық диагностиканың қазіргі заманғы әдістерінің рөлі, спорттық медицинаның фармакологиясы, спорттық медицинаның допингтік емес фармакологиясы, спорттағы тыйым салынған әдістер мен құралдарды пайдаланудың құқықтық және клиникалық аспектілері. Допинг-бақылау, тақырыптары талқыланбақ.
«Қазақстандағы спорт медицинасы саласында спортшылармен бірге жүретін дәрігер мамандарды даярлау, оларды оқыту технологиясы мен жаңа оқу тәсілдерін енгізуде кемшіліктер бар. Бүгінде бұл салаға қызығып келушілер аз. Ал, елімізде аталған сала мамандарына деген тапшылық бар», - деді факультет деканы өз сөзін қорытындылағанда.

ҚазАқпарат