Мектеп оқушыларына арналған жапон тілі бойынша тегін Жазғы мектеп жұмысы өз мәресіне жетті

11.07.2016

Көрулер: 3446

Жапон тілі бойынша жазғы мектеп 20-25 маусым аралығында өтті. Іс-шараға әртүрлі мектептердің 9,10,11 сыныптың 20-ға жуық оқушысы белсене қатысты. Мектеп оқушылары бір апта бойы сабақтан қалмай, барша ынталарымен Жапон мәдениеті мен тілін үйренуге асқан қызығушылық танытты. Ал енді әрбір күнге тоқталамыз.

20 маусым күні Қиыр Шығыс кафедрасының жапонтану бөлімінің оқытушылары жазғы мектеп бағдарламасының ашылу салтанатын өткізді. Аға оқытушы Ләйлә Нұрсейтова жапонтану бөлімінің тарихын, даму стратегиясын, студенттерді 1 жылға жіберетін шетел тағылымдамалары және жапон университеттерімен кафедраның қарым-қатынасын баяндады. Japan Foundation бағдарламасы бойынша келген оқытушы Ониши Юми өз елінің «оригами» өнерінің жасалу әдісін үйретті. Мектеп оқушылары уақыттаырын өте қызықты әрі пайдалы өткізгендерін айтты.

21 маусым күні базалық жапон тілі сабағы басталды. 2-курс магистранты Багина Айтбай «кана» жапон азбукасын өтті. Ониши сенсей өз елінің ұлттық ойындарымен таныстырды. Жапон университетінің PhD докторы Ерлан Ахапов жапон елі туралы, жапон елінде оқыған кезеңдері жайлы дәріс оқыды.  

22 маусым күні аға оқытушы Жанар Амантай базалық шығыс тілін өткізді. «Катакана» азбукасының қыр сырларымен таныстырып, жазылу ретін өтті. Ониши сенсей «каллиграфия» өнерімен таныстырды. Оқушыларға өз аттарын иероглифпен жазғызып, көп жаттығулар жасатты. Сонымен қатар, тарих ғылымдарының кандидаты Ләйлә Тултаевна жапон елінің тарихының қыр сырларымен таныстырды. Бұл күннің де жоспары сәтті өтті.

23 маусым күні аға оқытушы Ақмарал Токкарина базалық жапон тілін өткізді. Ақмарал сенсей жапон тілінде амандасу, өз есімін жапон тілінде дұрыс айту, жалпы ауыз екі тілдің қыр сырларымен таныстырып жапон тілін меңгеруді енді бастаған оқушыларға арналған жапон тілінде фильм көрсетті. Ониши сенсей жапон елінің көне бай тарихы бар «шәй рәсімі» туралы баяндап, шынайы рәсім өткізді. Бұл күнгі жоспар да өз мәресіне жетті. Оқушылар өте ризашылықтарын жасырмады.

24 маусым күні базалық жапон тілі сабағын Цукуба университетінің докторы такаши Ниномия сенсей өткізді. Ниномия сенсей тұрмыста жиі қолданатын иероглифтердің жазылу ретімен мағынасын түсіндірді. Бұл күннің ең қызықты іс-шарасы Ониши сенсей, Ниномия сенсей, Ләйлә Нурсеитова сенсей Жапон елінің ұлттық тағамы «онигири»-ді жасап көрсетті. Сонымен қатар Ниномия сенсейдің шақыруымен Цукуба, Сайтама, Токио Шет Тілдер университетінің студенттері қонақ ретінде келіп, жапон тілінде өздерін таныстырып, өз оқулары жайлы айтып, қызықты уақыт өткізді. Оқушыларға бұл күн өте қызықты болды. Жапон тілінің жазғы мектеп бағдарламасы кәсіби бағдар бойынша өз мақсаттарына жетіп, жоспарланған барлық күндері сәтті өткізіліп, оқушылардың ризашылығына бөленді.

 

 

Ұйымдастырушылар алқасы:

Аға оқытушы Л.Д.Нүрсеийтова

Аға оқытушы А.М. Токкарина

Japan Foundation келген Юми Ониши

Цукуба университетінің докторы Ниномия Такаши