Егемен Қазақстан

05.07.2016

Көрулер: 2154

Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті ғылыми кеңесінің шешімімен «25 маусым – журфакта диплом тапсыру және шәкірттік уәде қабылдау күні» деп белгіленді. Енді жыл сайын дәл осы күні журналистика факультетінің түлектері жоғары білім алғанын растайтын диплом алып тұрып, жұмыс берушілер мен ұстаздар алдында шәкірттік уәде беретін болады.

Уәде мәтіні мынадай: «Мен – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі – жоғары білімді маман екендігімді растайтын дипломды ала отырып, Отаныма, Ата Заңыма, кәсіби қызмет әдебіне және өзімнің сүйікті университетіме адал екендігімді ерен еңбегіммен дәлелдеуге уәде беремін!».

Шәкірттік уәде мәтіні үш тілде дайындалып, алдын ала жұмыс берушілер мен ұстаздар талқысына салынған болатын. Мұндай шешім журналистика мамандығын алып жатқан шәкірттердің өз кәсібінің әдебі, Ата заңы, Отаны алдындағы жауапкершілігін арттыру үшін дәл қазіргі ақпараттық майдан асқынып тұрған заманда аса қажет болғандықтан қабылданған.

Үлкен салтанатпен өткен диплом тапсыру рәсіміне Президент Әкімшілігі баспасөз қызметі Алматы бюросының жетекшісі Валерий Жандәулетов, Мәжіліс депутаты Артур Платонов, «Мысль» журналының бас редакторы Сейдахмет Құттықадам, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлім, «Қазақ газеттері» ЖШС президенті Жұмабек Кенжалин секілді бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен бірге Сағымбай Қозыбаев, Кәкен Қамзин бастаған ұстаздар қауымы қатысты.

Жүздеген ата-ана факультет өмірінде тұңғыш рет жүзеге асқан бұл бастаманы қуана құптады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ