Ана тілі

01.07.2016

Көрулер: 2143

Болашақ журналистер диплом алды

Жуырда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлектеріне дип­лом тапсыру шарасы өтті. Биыл журналистика факультетін 103 түлек тәмамдап отыр. Болашақ журналистерге дипломдарын отандық БАҚ-тың белгілі өкілдері табыс етті. Салтанатты шараға журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев, ҚР Президентінің Алматы бюросының баспасөз қызметінің басшысы Валерий Жандаулетов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Артур Платонов, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Жұмабек Кенжалин, «Мысль» журналының бас редакторы Сейдахмет Құттықадам, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлім, «Ана тілі» газетінің бас редакторы ­Самат Ибраим, «Қазақстан» ұлттық арнасының продюсері Жаңыл Асылбекова, «Свобода слова» газетінің бас редакторы Жанна Ойшыбаева, «Радиоточка» газетінің бас редакторы Бекжан Идрисов және басқа да БАҚ қызметкерлері қатысты. Мерекені атап өту аясында баспасөз саласына еңбек сіңірген бір топ журналистер әл-Фараби атындағы ҚазҰУ медалі және Қазақстан журналистика академиясының дипломдарымен марапатталды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың кітапханасында өткен шараның соңы концерттік бағдарлама мен түлектер вальсіне ұласты.

Бекбол Естай