egemen.kz

18.05.2016

Көрулер: 1679

АЛМАТЫ

АЛМАТЫ. 18 мамыр. Алматы қаласында 21-22 мамыр күндері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің спорт кешенінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы және Зуқа батыр Cәбитұлының 150 жылдығына aрналған «Eр Жәнібек кубогы» атты шағын футболдан халықаралық турнир өтеді. Бұл туралы «Eр Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Шағын футболдан өтетін халықаралық турнирдің мақсаты –  ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде атап өту, қазақ жастарын рухты болуға, Отан сүйгіштікке, спортқа баулу. Футбол жарысына Франция, Түркия, Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде тұратын қазақ жастарынан құралған командалар, сондай-ақ, Алматы, Астана қалаларынан, еліміздің 5 облысынан жасақталған футбол командалары сынға түседі. Мәліметтер бойынша, жалпы саны 24 команда қатысады. Турнирге Алматы қаласының әкімдігі, дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, «Нұр Отан» партиясы, «Жезбұйда» жастар қоғамдық бірлестігі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қолдау көрсетеді. Зуқа Cәбитұлы 1866-1929 жылдары өмір сүрген. Өткен ғасырдың басында Шынжандағы Қытай билігі тағайындаған аймақтық әкімшіліктің басшыларына, халыққа зиянын тигізген ұлықтардың теріс әрекеттеріне қарсы шыққан. Сонымен қатар, Аспанасты еліндегі қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісін бастаған алғашқы батырлардың бірі. 1929 жылы күтпеген жерден қаза тапқан. Айнаш ЕСАЛИ Дерек: «Eр Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры. Фото: on-line.lg.ua.