Студенттік «Біз» театрының ұйымдастыруымен «Ғашықтар хикаясы» атты қойылымы қойылды

29.04.2016

Көрулер: 4451

ЖАСТАРҒА КӨТЕРІҢКІ КӨҢІЛ-КҮЙ СЫЙЛАҒАН

ҚОЙЫЛЫМ

Сәуір айының 27 жұлдызында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ- дың студенттік «Біз» театрының ұйымдастыруымен драмматург, әнші, актер Қанат Жүнісовтың «Ғашықтар хикаясы» атты қойылымы қойылды. Ө.А.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайының іші жастар мен үлкенді-кішілі қонақтарға толысып, бәрі дерлік күлікіге қарық болды.

Комедиялық жанрда қойылған қойылымға осы қарашаңырақтың студенттері мұрындық болып, көрермендерге жақсы бір кеш сыйлады. Қойылымда филология және әлем тілдері факультетінің 2 курс студенттері Аманбай Қадір, Бәкірамбек Ералы, Шамишева Динара, 1 курс студенттері Жетібаева Мадина, Тілес Қанат, Жабатова Көркем, журналистика факультетінің 1 курс студенттері Әмірбеков Бекарыс және Ахмет Жанерке, механика және математика факультетінің 2 курс студенті Қызайбай Әлібек сынды үйірме мүшелері өздерінің актерлік шеберліктерін көрсете білді.

Бір жарым сағатқа созылған қойылым басынан аяғына дейін күлкіге және шиеленісікен тағдырға толы дүниелермен сабақтасып жатты. Әр образды алып шыққан студенттер өздерінің рөлдеріне беріле, ынтамен ойнап шықты. Осы жастардың басын қосып, рухани құндылық жолында еңбек етіп, аталмыш қойылымды үлкен деңгейде шеберлікпен дайындап, көрерменге тарту еткен филология факультетінің 4 курс студенті, «Біз» театрының режиссері Сәкен Есенгелдиев дейтін азаматқа жұрттың ықыласы шексіз болды. Театр — көңіл көтерудің ғана орны емес, мәдени ошақ. Рухани жан дүниеңіз сергіп қалсын десеңіз «Біз»-ге келіңіз!

Марғұлан Ақан