Кафедра тарихы

ТҮРКІТАНУ ЖӘНЕ ТІЛ ТЕОРИЯСЫ КАФЕДРАСЫ

   Еліміз тар жолда тайғақ кешкен, тартысқа толы тағдыр талайының кезекті 31 жылдық тарихи парақтарын жауып, тәуелсіз мемлекет ретінде жүріп өткен жолын сын таразысына салып, сараптама жасайтын тұсқа келіп жетті. Қазақстанның адами әлеуетін құрайтын үлкен кеңістіктің бір бөлшегі екенін сезіне алатын қайсыбір саналы тұлға мыңнан бір мезетінің осы бір сәтінде терең тыныстап, соңғы отыз жылдық саналы ғұмырына антропоцентристік   көзқараспен, трансформацияланған жаңа санамен баға берер еді.

   Жаханды жалпағынан басам деп, жалт етіп өте шығар жастықтың желмаясынан түсе алмай қалған, уақыт атты желаяқты абайсызда көзден таса қылып алған жандар аз ба бұл жалғанда? Дөңгеленген дүниенің дүрмегіне нәпсінің ғана көзімен қарап, бергенінен алғаны асып жататын адамдар туралы да әфсана көп.

Бүгінде әлемдік адамзат тарихының сахнасына «Мәңгілік ел» ұғымымен таныла бастаған «Түркі әлемі» ғалам үшін құлақ түріп, назар аударарлық феноменге айналды. Шығыстық ғұлама Махмуд Қашқари сипаттама берік кеткен «көркем, сүйкімді, жарқын жүзді, әдепті, жүректі, үлкендерді, қарияларды құрметтейтін, сөзінде тұратын, мәрттік, кішіпейілділік, тағы сондай сансыз көп мақтаулы қасиетке ие» түркі жұртын адамзат әлемдік жүйенің аса маңызды құрамдас бөлігі ретінде қабылдай бастағаны кездейсоқ емес. Түркі тілдес халықтардың туыстығы мен бірлігін айшықтайтын тарихи-мәдени ортақ жазба мұраларға бүгінгі күннің көкжиегімен қарап, ғаламдық деңгейде зерттеуге назар аударылуы – уақыт пен кеңістік талабынан туындап отыр.

   Ұлттық тұтастығымыздың этнос ретінде қалыптасуын тану - тарихи санамыздың қайнар бұлағы болып табылатын көнетүркілік дәуірге, терең де теңбіл тарихи қазыналарымызға қарай жетелейді. Түркі жұртының даму тарихын нақтылау мақсатында көне түркі мәдени мұраларына, түркілік ежелгі жазба ескерткіштер тіліне, орта ғасырдағы жазба әдебиет тіліне зерттеулер жүргізіліп, ұрпақтар жалғастығы жолында жібін үзбей аман жеткен рухани мұраларды ұлттық құндылықтар ретінде зерделеуге «Мәдени мұра» сынды мемлекеттік бағдарламалар ұсынылды. «Мәңгілік ел» идеясын бағдар етіп, антропоцентристік таным тұрғысынан өзектілігіне ерекше мән беріле бастады.

   Аталған мемлекеттік бағдарлама мен идеяларды активтендіруде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті республикамыздың Жоғарғы Мектеп векторындағы ең жарқын брендтердің біріне айналып отыр. Еліміздің рухани-зияткерлік орталығына айналған, әлемді ғылым мен білімнің призмасы арқылы тануды мақсат еткен Университет концепциясы жан-жақты, бәсекеге төзімді, ғаламдық кеңістіктегі «толыққанды тұлға» талаптарына жауап бере алатын маман дайындауға бағытталған. Университет басшысы Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың қара шаңыраққа әкелген тың жаңалықтары мен жаңа жобаларының ең сүбелісі осы – түркі әлемі руханияты құндылықтарын маман дайындаудағы мемлекеттік идеологиялық бағдар ретінде жүзеге асыруға бағытталған.        

       Осыдан 66 жыл бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетіндегі жалпы тіл білімі кафедрасы жұмысын бастады. Кафедрада әр жылдарда қызмет атқарған ғалымдар мен оқытушылардың педагогикалық адал қызметтерінің арқасында кафедра талай жылдар бойы жемісті еңбек атқаруда. И.И. Мещанинов, С.Е. Малов, Ж.А. Аралбаев, К.А. Аханов, В.М. Никитевич сынды азулы ғалымдардың жұмыс орны болған аталмыш кафедра білімділер мен тіл жанашырларының ордасына айналғаны ақиқат.

Кафедра іргетасының берік, еңсесінің биік көтерілуіне зор еңбек сіңірген басшыларымызды ерекше атап өтуімізге болады. 1950-1961 жылдар аралығында доцент Ж.А. Аралбаев, 1961-1977 жылдар аралығында ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, тіл білімінің теориялық негізін жоғары оқу орындарына міндетті пән ретінде оқытылуының алғашқы негізін салған, әрі Қазақстан лингвистерінің ішіндегі ең алғаш жарық көрген «Тіл біліміне кіріспе» және «Тіл білімінің негіздері» атты алғашқы оқулықтарының авторы, профессор К.А. Аханов, 1977-1979 жылдар аралығында профессор В.М. Никитевич, 1979-1995 жылдар аралығында профессор А.С. Аманжолов, 1995-2009 жылдар аралығында профессор Э.Д. Сүлейменова басшылық еткен.

Кафедрада талай жылдар бойы еңбек етіп, бүгінде Қазақстанға өздерінің ғылымдағы мол жетістіктерімен танымал болған доцент В.В.Чернова, доцент Н.Н. Кока, доцент А.К. Керимов, профессор Ф.Ш. Оразбаева, доцент  Г.Н. Николаева, М.П. Кукушкина, Е.Н. Иванов, Э.К. Черьязданова, доцент С.М. Сагалович, профессор Н.Ж. Шәймерденова, профессор Р.А. Авакова, профессор Ж.С. Смағұлова, профессор Э.Н. Оразалиева, профессор  Е.Б. Саурықов, және т.б. ғылымға өзіндік үлестерін қосып жүрген ғалымдарымызды атап айтуымызға болады. Сонымен қатар кафедра құрамында араб тілі мен әдебиетінің мамандары еңбек етті: профессор А.Б. Дербісәлиев, доцент М.Н. Маженова, Г.Р. Рамазанова, Г.Е. Надирова, Ф.Х. Мамеко, Т.Н. Жемкова, Д.Н. Нуртазинова, Ж.С. Сейтметова және т.б. Аталған ғалымдар 1984 жылы ашылған араб филологиясы кафедрасының негізін құрып, кейін шығыстану факультетіне айналуына ықпалын тигізді.

Биылғы тәуелсіздігіміздің 31 жылдық тұғырлы меретойы қарсаңында әл-Фраби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетіндегі «Жалпы тіл білімі және Европа тілдері» кафедрасы «Түркітану және тіл теориясы» атауына өзгертілді. Бұл туралы шешім университеттің Ғылыми кеңесінде қабылданды.

Ширек ғасырға жуық тарихы бар, бірегей дәстүрі қалыптасқан кафедра қазіргі заман талабына сай «Лингвистика», ««Лингвистика және мәдениаралық коммуникация», «Компюьтерлік лингвистика» мамандығы бойынша магистратура және докторантура, «Түркітану», «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша үш деңгейлі (бакалавар, магистратура, докторантура), еуропа және шығыс (түркі) тиілдерін жетік меңгерген мамандар дайындайды. Кафедраның білім беру және ғылыми-зерттеудегі, сонымен қатар тіл теориясы, салыстырмалы және салғасытрмалы тіл білімі салаларындағы бай тәжірибесі,   әлем кеңістігіндегі 40-тан астам қазіргі түркі тілдерін, олардың тарихы мен мәдениетін, этнографиясын зерттейтін, тарихын көне түркі ескерткіштерді зерттеуден бастау алатын түркітанушы мамандар дайындайтын, жаңа тұрпаттағы кафедра болатыны сөзсіз.

Бүгін де Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан мен Азиядағы түркология саласы бойынша іргелі зерттеулерге ұйтқы бола алатын интеллектуалдық орталыққа айналып келеді.

«Түркітану» кәсіби біліктілігін беру құзіреті филология факультетіне, соның ішінде аталған кафедраға жүктелуі кездейсоқ емес. Отандық түркітану саласындағы жетекші мамандар, ірі түркітанушы ғалымдар осы факультетте шоғырланған. Ұлы Отан соғысы кезінде көне түркі жазуының білікті маманы профессор Сергей Малов пен тіл теориясының көшбасшысы профессор Игорь Мещанинов сынды ғалым-мамандар филология факультетінде түркітанудың түрлі салалары бойынша дәрістер оқыды. Кейін Әбдуәли Қайдар, Мархабат Томанов, Ғұбайдолла Айдаров, Әбжан Құрышжанов, Әрсен Ибатов, Алтай Аманжолов, Берікбай Сағындықұлы, ҚазҰУ-дың бүгінгі ректоры Жансейіт Түймебаев сынды белгілі түркітанушы ғалымдар өзіндік мектеп қалыптастырды.

Отандық түркітану бағытындағы ірі ғылыми еңбектер, оқулықтар, түркітану пәндеріне қатысты оқу бағдарламаларының авторы да осы ғалымдардық атымен тікелей байланысты. Бүгінгі таңда аталған ғалымдардың шәкірттері халықаралық, республикалық деңгейде танымал болған белгілі зерттеушілер, ұстаз-ғалымдар. Олар республиканың айтулы университеттерінде, ғылыми-зерттеу институттарында, шет елдерде түркітану мәселелерімен кәсіби деңгейде айналысып, зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Кафедраның жаңадан жасақталған шығармашылық ұжымы қайта жаңғырған кафедра жұмысын, ғылыми потенциалын жаңа деңгейге көтеріп, кешенді зерттеулер жүргізуге дайын.

Аталмыш кафедраның тарихы туралы айтқанда ең алдымен жүректерге жылылық пен үлкен құрмет сезімін ұялататын тұлға - ғылыми танымы терең, ізденіс жолының барлық сатыларынан сәтті өткен, тіл білімінің көптеген саласында түрлі ғылыми бағыттардың қалыптасуына жол салған, өзі қызмет еткен кафедрасын университеттің маңдайалды ғылыми лабораториясына айналдыра алған, бірнеше тілде жатық сөйлейтін, әлемнің саналуан тілдерінің материалдары негізінде жазылған еңбектердің авторы, академик ұстазымыз Алтай Сәрсенович Аманжоловты еске аламыз.  

 

Алтай Сәрсенович Аманжолов - ғылымда өз мектебін қалыптастырып, түркітану саласына жаңа ағым қосқан білгір маман, түркітануды зерттеп-зерделеген көнетүркі жазуының шығу тарихы, графикалық жүйенің даму динамикасына қатысты тұжырымдарымен ерекшеленетін қазақстандағы көне түркілік жазба мұрағаттар тілін зерттеуші санаулы ғалымдардың бірі. Әйгілі түрколог ғалым Алтай Сәрсенұлы Аманжолов есімі тек Қазақстан, ТМД елдерінде ғана емес, көптеген шетелдерге белгілі. Бұған дәлел ғалымның шетелдерде оқыған дәрістері мен Түркия, Қытай, Ресейден шыққан еңбектерінің дүниежүзіне таралуы. А.С.Аманжолов өзінің жарты ғасыр ғұмырын түркі филологиясына, жалпы түркітану, ата-баба жазуының этногенезі мәселелеріне, түркі халықтарының көне жазуының тарихына, оны оқудың тәсілдеріне, сөздердің мән-мағынасына көңіл бөлген, олардың жазу мәдениетінің құпия сырын ашуға еңбектенген. Ғалымның дәрістерін тыңдаған, ұлағатты сөздерін естіген шәкірттері бүгінгі таңда Қазақстанның   түкпір-түкпірінде қызмет атқаруда.

   Асыл байлықтың алтын қоры халықта екендігін, ондағы мәдени қордың әлі де қалтарыста қалып келе жатқан салаларына мән беріп, зер сала қарап, ғылымның көкжиегін кеңейтетін деректер табыла беретіндігін «осынша сырды шертетін атамекен – көненің көзі, рухани дем беретін қолдаушымыз да, қорғаушымыз да екені аян. Оның бедерлі белгілері мен қойнауы толған қазына ескерткіштерін қорғап, зерттеп, біліп, жанымызды жадыратар кеніштеріне ізгілікпен қарау парыз», – дейді Ұлы Қазақ елінің перзенті, патриот ғалым, филология ғылымдарының докторы профессор, «Еңбек Ардагері» медальнің иегері (1988), «Қазақтың тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының құрметті мүшесі» (1990), Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі (1995), Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Құрмет» орденінің иегері, (1999), Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының халықаралық сыйлығы мен Алтын медаль иегері (2000), Қазақстан Республикасы Өнер академиясының академиігі (2007), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2009) – Алтай Сарсенұлы Аманжолов. А.С.Аманжоловтың ғылыми зерттеулері тіл мен жазу тарихының көптеген мәселелерін қамтитын түркі филологиясы мен тіл білімі бойынша 200-ге тарта еңбегі жарық көрді. Ғалым филология ғылымдарының төрт докторын, жиырмаға жуық ғылым кандидатын дайындады. А.С. Аманжоловтың «Көне түркі жазуының тарихы туралы деректер мен зерттеулер», «Түркі филологиясы мен жазу тарихы», «Көне түркі жазуының тарихы мен теориясы» (Алматы, 2003, 2010 жж.) мен өмірінің соңғы уақыттарында жазып қалдырған «Түркі филологиясы негіздері», «Опыт изучения тюркских языков» (Алматы, 2012 қазан) атты сүбелі еңбектерінде көне түркі руникалық графикасына түбегейлі талдау жасалған, Қазақстан бойынша бірнеше эпиграфикалық материал берілген, түркі руникалық алфавитінің қалыптасу тарихына қатысты маңызды теориялық тұжырымдар айтылған. Сонымен қатар түркі руникалық графикасы нақты дәйектемелермен және Қазақстан аймағынан табылған эпиграфикалық материалдарға жан-жақты талдаулар жасау негізінде түркі руникалық әліпбиі генезисі жаңа көзқарастармен зерттелінген. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Біздің ұлы бабаларымыз Алтайдан Ақ теңізге дейінгі Ұлы далада өз билігін жүргізді. Бізге өшпес қаһармандық эпос және мол рухани қазына қалдырды. Тұңғыш рет әлемге өнеге болған ортақ шаңырақ – киіз үйді, темірді, шалбарды, жебені, етікті және үзеңгіні ойлап тапты» – деген қанатты сөздеріне тоқталсақ, Қазақ жерінің әлемдік өркениеттен аулақ болмағандығын тереңнен таныған ғалым зерттеулерінің маңызын түсініп, оның құндылығын бағалауымыз кейінгі тәуелсіз ұрпақтың парызы деп білеміз. А.С. Аманжолов көне түркі жазуы ескерткіштеріне ғылыми талдау жасай отырып, бұл жазудың аса бір құндылығы, ертедегі Қазақстан жерін мекендеген сақ тайпаларының тілі де көне түркі тілі болғанын дәлелдей келе, түркі руникалық жазуы арғы ата-бабаларымыз 1500 жыл бойы қолданған төл жазуы екенін дәлелдеген. А.С.Аманжолов көне түркі тілінің лексикалық, дыбыстық, грамматикалық ерекшеліктерін зерттеп, түркология ғылымына мол үлес қосқан тұлға. Түркі халықтарының мәдениеті дүниежүзі мәдениетімен ұштасып, бүгінгі және болашақ ұрпақтың асыл қазынасы болып отыр. Ғалым бүкіл өмірін, сарқылмас қазынасын көк түркінің баға жетпес мол байлығын зерттеу негізінде кейінгі ұрпақтың болмыс бітімі мен ой-санасына түрткі болатындай ұшан-теңіз еңбек қалдырды.

   Көне түркі руникалық ескерткіштерінің Қазақстандағы бірегей маманы, ардақты ұстаз, ғалым А.С.Аманжоловтың келер ұрпаққа қалдырған мұралары телегей теңіз. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші өзінің артынан қалдырып кеткен ғалым мұралары қазақтың рухын оятатын, қасиетті атамекеннің тылсым тарихын жаңғыртқан еңбектері жас буын өкілдерін өзінің ата-бабасының жазуы арқылы өз халқының тарихын тереңнен тануға, әрі сол кезеңдегі, яғни көне түркі дәуіріндегі ескерткіштер мен сол заманнан бізге жеткен рухани-мәдени құндылықтары мен мол жәдігерлері толықтай дереккөз бола алады.

   Ғалымның болашақ жас ғалымдарды ғылымның тазалығына, адалдыққа, Отанды сүйіп, ол үшін қызмет етуге, талмай еңбектенуге шақырған өсиеттері мәңгі өмір сүре бермек. Ғалым өмірінің соңғы жылдарында қазіргі түркітанудағы өзекті мәселелерді тізіп, зерттеп, болашақ түркітанушы мамандарға жол көрсетуші боларлық тамаша ғылыми зерттеу еңбектерін үлкен үмітпен, сеніммен қалдырып кетті.

   Қазіргі таңда кафедра жалпы және жеке тіл білімінің, түркітанудың әр түрлі салалары бойынша еңбектеніп келе жатқан, әрі ойлары пікірлес жоғары маманданған шығармашылық ұжымнан тұрады. Олар – қазіргі таңда өз елімізде, әрі елімізден тыс алыс елдердің түкпір-түкпіріне тараған есімдерімен және ғылыми еңбектерімен белгілі болған ғалымдар.

     Кафедраның тағы да бір мақтанышы ретінде ҚР ЖМ МҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Элеонора Дүйсенқызы Сүлейменованың есімін  үлкен ілтипатпен айтуға болады. Кәсіби қызметі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жалпы тіл білімі кафедрасымен байланысты (1970-1973 жж. аға оқытушы; 1974-1993 жж. доцент; 1994 жылдан бері профессор; 1995-2009 жж. кафедра меңгерушісі), 1993-1994 жж. Мэриленд университетінің профессоры, 1998-2000 жж. филология факультетінің деканы. Диссертациялық кеңес төрайымы (1997-2010 жж.); МАПРЯЛ Президиумының мүшесі (1999 ж. бері); КАЗПРЯЛ президенті (1998 ж. бері); ТМД мемлекеттері-қатысушыларының тіл және мәдениет жөніндегі қоғамдық кеңес мүшесі (Мәскеу, 2000 ж. бері); Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі (2011 ж. бері); ИНТАС ғылыми кеңесінің мүшесі (Брюссель, 2003), ИНТАС сарапшысы (Брюссель, 1996-1999), «Русский язык за рубежом» журналының Халықаралық редакциялық кеңес мүшесі (Мәскеу, 1999), "Russian Language Journal" (Washington, 2000). Э.Д. Сүлейменова жалпы (лингвистика онтологиясы және әдіснамасы, семантика, таным және тілдік қабілет) және салғастырмалы (тілдердің өлшемдестігі және лингвистика метатілі, контрастивтік талдау), әлеуметтік тіл білімінің (тілдік жағдаят, тіл саясаты, тілдік жоспарлау) іргелі және қолданбалы мәселелерімен айналысады.

Э.Д. Сүлейменова – қазақ, орыс, жапон, қытай және ағылшын тілдерінде жарық көрген 500 ден аса ғылыми еңбектердің авторы, оның ішінде 7 монография, 13 ұжымдық монография, 8 сөздік және анықтамалық, қазақ тілі бойынша 7 оқу кешені, орыс тілі бойынша ҚР БҒМ 5 оқу кешені бар.

Э.Д. Сүлейменова халықаралық ынтымақтастықты INTAS, МАПРЯЛ, ММЛУ ұйымдастыруымен ТМД мемлекеттері-қатысушыларының тіл және мәдениет жөніндегі қоғамдық кеңесі және ЕврАзЭС парламентаралық ассамблеясы, Славистердің Халықаралық комитеті және т.б.;  INTAS, ACTR/ACCELS, МАПРЯЛ және т.б. қаржыландыратын халықаралық жобалар; ММУ, ММЛУ, СПбУ, РХДУ және т.б. ынтымақтастық туралы келісімдерге сәйкес бірлескен ғылыми зерттеулер; халықаралық форумдарда баяндама жасау; халықаралық конференциялар мен симпозиумдар ұйымдастыру; АҚШ, Нидерланды, Германия және Ресей ғалымдарымен бірге Ph.D диссертацияларына ғылыми жетекшілік ету және т.б. жұмыстар түрінде жүзеге асырып келеді. АҚШ, Германия, Финляндия, Нидерланды, Испания, Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы және т.б. университеттерімен ынтымақтастықты дамыта отырып Э.Д. Сүлейменова әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың көптеген халықаралық бағдарламаларына зор үлес қосып келеді.

Профессор Элеонора Дүйсенқызы 19 ғылым докторын, 40 ғылым кандидатын, 6 PhD докторын дайындап, елімізде және шетелдерде танымал ғылыми мектеп қалыптастырды. Э.Д. Сүлейменованың Қазақстан ғылымын дамытуға қосқан үлесі әртүрлі өкіметтік наградалармен атап өтілді: «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгі (2001); «Еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін, сондай-ақ белсенді қоғамдық қызметі үшін» ҚР Құрмет грамотасы (2004); «ҚР құрметті білім беру қызметкері» төсбелгісі (2009); «Құрмет» ордені (2009), «Орыс тілін таралуына қосқан үлкен үлесі үшін» А.С. Пушкин медалі (2009), Қазақстан халықтары ассамблеясының «Бірлік» алтын медалі (2014), «Еуразиялық ынтымақтастыққа сіңірген еңбегі үшін» Еуразия университеттері ассоциациясының медалі (2015), «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сіңірген ерен еңбегі үшін» күміс медалі (2015), «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» медалі (2016), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі (2016).  Профессор Э.Д. Сүлейменованың ғылыми-зерттеу жұмысының өрісі кең, олар – жалпы тіл білімі, әлеуметтік тіл білімі, теориялық және қолданбалы лексикография, салғастырмалы тіл білімі. Ғалымның ғылыми-зерттеу кеңістігінің өрісін қазақ және орыс тілдері материалдары негізіндегі тілдерді меңгерудің теориялық және қолданбалы аспектісі құрайды.

Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы - мемлекет қайреткері, дипломат және кафедраның түркітанушы ғалым-ұстазы. Қазақстандағы түркология ғылымының белді өкілі, көрнекті ғалым, профессор Мархабат Томановтың жетекшілігімен қазақ тілінің тарихи грамматикасы бойынша ғылымдағы ізденістерін бастаған Түймебаев Жансейіт әлемдік деңгейдегі белгілі түркітанушылар - Ресей Ғылым Академиясының академигі Э.Р.Тенишев және Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Ә.Т.Қайдардың ғылыми мектептерінен өтті. Түймебаев Жансейіттің ғылыми шығармашылығы ұстаздары ұстанған ғылыми бағыттармен тығыз сабақтастықта өрбіді. Түймебаев Жансейіттің ғылыми-зерттеулерінің жалпы бағыттары: алтаистика саласында: түркі және моңғол тілдерінің өзара байланысы, қарым-қатынасы, алтай тілдерінің салыстырмалы морфологиясы, алтай тілдерінің тарихи лексикологиясы; алтаистика және түркітану ғылымдарының қалыптасу тарихы; түркология саласында: түркі тілдерінің салыстырмалы-тарихи грамматикасы, түркі тілдерінің тарихи лексикологиясы, түркі жазба ескерткіштерінің тілі, қазіргі түркі тілдері аралық деңгейдегі сипаттамалы грамматикалар; қазақ тіл білімі саласында: қазіргі қазақ тілінің грамматикалық құрылысы, қазақ тілінің тарихи грамматикасы, қазақ тілінің тарихи лексикологиясы, қазақ лексикографиясы және түркологиялық пәндерді оқыту әдістемесі.

   Түймебаев Жансейіт − алтаистикалық және түркологиялық ғылыми бағыттар бойынша жеке және авторлық бірлестікте 13 монографияның, 4 сөздіктің, 15 оқулық және оқу-әдістемелік құралдардың, 200-ден астам ғылыми мақалалардың, 5В021200 − тюркология (бакалавриат) мамандығына арналған 10 типтік оқу бағдарласының авторы.

   Түймебаев Жансейіт мемлекеттік-дипломатиялық қызметке ауысқаннан кейін де ғылыми ізденістерін жалғастырды, педагогикалық қызметтен қол үзбеді. 1993-2009 жылдар аралығында алтаистика және түркология салаларында әлемдік деңгейде жоғары бағаланған «Казахско-монгольские лексические параллели: материалы к этимологическому словарю казахского языка» (2005), «Проблема анлаутных-губных согласных в алтаиских языках (Ревизия фонетического закона Рамстедта -Пеллио)» (2005), «Становление и развитие алтайской теории и алтистики» (2006), «История тюрко-казахско-монгольских этноязыковых взаимоотношении» (2008), «Теоретические принципы и критерий историко-генетического разграничения тюркско-монгольских лексических параллелей» (2008), «Актуальные проблемы и исследования языков Центральной Азии. Туранский языковой союз» (2009) тәрізді іргелі ғылыми зерттеулерін жариялады.         Түркия Республикасының жетекші жоғары оқу орындарында «Түркі тілдерінің тарихы», «Қазіргі түркі тілдері», «Қазақ тілінің грамматикалық құрылысы» пәндерінен дәрістер оқып, Гази және Нида университеттерінің «Құрметті профессоры» атанды.

Түймебаев Жансейіт жақын және алыс шетелдерде өткен көптеген халықаралық форумдарда, ғылыми-теориялық және ғылыми-практикалық, конференциялар, симпозиумдар мен дөңгелек үстелдерге қатысып, 100-ден астам ғылыми баяндамалар жасады. Алтаист-түркітанушы ғалым Түймебаев Жансейіт жасаған ғылыми баяндамалардың арқауына алтаистика және түркология ғылымдарының, қазақ тіл білімінің өзекті проблемалары ғана емес, сонымен қатар жаһандану үдерісі жағдайындағы түркітілдес мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас, саяси-экономикалық серіктестік, ғылым-білім кеңістігіндегі өзара ықпалдастық пен ынтымақтастық, түркі әлемінің рухани - мәдени құндылықтарының бастау-арналары, бүгіні мен ертеңі мәселелері алынады. Бұл мәселелер Түймебаев Жансейіттің мемлекет қайраткері ретінде атқарып келе жатқан қызметтерімен тығыз байланыста екені сөзсз.

   Түркі халықтарының әр қайсысының ұлттық рухани-этномәдени құндылықтарын түркі өркениетінің құрамдас бөліктері ретінде әлемдік деңгейде насихаттау ісін қолға алған бірден-бір басшы да – Жансейіт Қансейітұлы болды. Түймебаев Жансейіт Қансейітұлының үш сатылы 021200 - Түркология мамандығын Қазақстан Республикасында оқытылатын мамандықтар тізбесіне енгізіп, мамандықтың бакалавриат, магистратура, докторантура бөлімдері бойынша ҚР МЖМБ Стандарттарының жасалуына, типтік оқу бағдарламаларының дайындалып, оқу процесіне енгізілуіне (ҚР БжҒМ № 598 бұйрығымен 2009ж. 25.12.) тікелей басшылық жасауын оның Түркі Кеңесі Саммиттері шешімдерін іс жүзінде жүзеге асырған шешуші қадамдарының бірі деп бағалауға болады.

   Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы негізін қалаған үш сатылы 021200 - Түркология мамандығының концептуалдық-пәндік және ғылыми-әдістемелік тұғыры оның авторлығымен «Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ баспасынан» жарық көрген 5В021200 - Түркология (Бакалавриат) мамандығы бойынша 10 типтік оқу бағдарламалар (авторлық бірлестікте: 2013, 2015), сонымен қатар «Түркологиялық оқулықтар сериясы» айдарымен «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген 10 еңбектен тұратын лингвистикалық түркология бойынша топтама (авторлық бірлестікте: 2015, 2016, 2017, 2018) арқылы беки түсті.

   Еңбек жолындағы марапаттары: «Құрмет» Ордені (2003), «Парасат» Ордені (2011), «Астанаға 10 жыл» медалі (2008), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі (2011), ), Түрік кәсіпкерлері мен өндірушілер Ассоциациясының «Түркия және Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан айрықша үлесі» (2011), Түркия туризмін дамыту бойынша халықаралық платформаның (TÜTAP) «Халықаралық қатынастардағы айрықша табысы үшін» (2011),   Халықаралық студенттер ойыны федерациясының (FISU) «Халықтар достығын дамытуға қосқан үлесі үшін» (2011) марапаттары, «Қазақстан Республикасының конституциясына 20 жыл» медалі (2015), «Қазақстан халықтары Ассамблеясына 20 жыл» медалі (2016).

Нұрсұлу Жамалбековна Шаймерденова – филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, Қазақстан орыс тілі және әдебиеті оқытушылары қауымдастығының (КазПРЯЛ) мүшесі, 200-ден астам жарияланымдардың авторы. Н.Ж.Шаймерденованың ғылыми жұмыстары негізінен төмендегі бағыттармен байланысты: русистика, тарихи лексикология және лексикография; түркі-славян тілдерінің өзара байланысы; оқулықтану, орыс тілін ана тілі және екінші тіл ретінде оқыту; әлеуметтік лингвистика; балалар әдебиетін дамыту, Қазақстандағы балалар оқуының мәселесі.

Бірінші бағыт бойынша дәрісханалар өткізіледі, силлабустар құрастырылды, кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды, ғылыми мақалалар, сөздіктер жарияланды, сондай-ақ «Глоссы как феномен текста» монографиясы ағылшын тілінде 2012 жылы Лондонда жарияланды (Алматы, 1997; 2-басылым, Мәскеу, 2018 жыл).

Екінші бағыт бойынша жұмыстардың мазмұны «Turco-Slavica: Тіл, этнос, біртұтас кеңістіктегі мәдениет» (Петропавл, 2011); «Еуразиялық кеңістіктегі түркі тілдері: қазіргі жай-күйі, үрдістері мен перспективалары» (Астана, 2012); «Түркі тілдері және этностар: тілдік және этнодемографиялық үрдістер» (Астана, 2015) сияқты маңызды жұмыстарда көрініс тапқан ғылыми зерттеулердің негізіне алынған Turco-Slavica проблематикасымен айқындалған; «Дүниежүзі түркологиясының тарихы» (Алматы, 2016), сондай-ақ орыс тіліндегі түркизмдер, тілдік байланыстар бойынша бірқатар ғылыми жарияланымдар.

Үшінші бағыт бойынша профессор Н.Ж. Шаймерденованың белсенді қатысуымен алғашқы сынақ оқулықтары әзірленді, қазақ, өзбек, ұйғыр тілдерінде оқытатын мектептерге арналған 9-сыныпқа «орыс тілі» (Орыс тілі) оқулығы (2005, 2007, 2013 жылдары шығарылған) оқуға енгізілді, сарапшы ретінде білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында дайындалған оқулықтармен жұмыс істеді.

Төртінші бағыт бойынша «социолингвистика, аудармалардың теориясы мен практикасы» зертханасының аға ғылыми қызметкері ретінде жұмыс жүзеге асырылады; «Қазақстан халықтарының тілдері «социолингвистикалық анықтамалығының» ұжымдық сөздіктері мен монографиялары жарияланды (2007; 2-басылым. 2020 ж.), «Қазақстан Республикасының мемлекеттік этносаясатының императивтері» ұжымдық монографиясы және мемлекеттік органдарға арналған аналитикалық материалдар мен әдістемелік ұсынымдар» (2012), сондай-ақ екі тілді Этносаяси сөздік шығарылды (Астана, 2014 ж.), Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі ретінде үлкен жұмыс жүргізілуде.

Профессор Н. Ж.Шаймерденова филология ғылымдарының 9 докторын, 27 кандидатын, 10-нан астам магистранттар мен PhD докторанттарын дайындап, заманауи ғылымға үлкен үлес қосты. Оның қызметі жоғары наградалармен атап өтілген, оның ішінде: А.С.Пушкин атындағы «РФ мемлекеттік медалі» (2007); «Достық ісіне қосқан үлесі үшін» Росзарубеж орталығының Құрмет белгісі (2008); «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2009), «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2010); ҚР Мәдениет және ақпарат Министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» (2014), РФ Сыртқы істер министрлігінің «Өзара қарым-қатынасы үшін» (2017), Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық орталығының (2018); «ҚР ҰАК Г. Х. Андерсен атындағы сыйлығы» (2017); «Лифт-2018» әдеби фестивалінің күміс медалі; Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалі (2018); Лев Гумилев атындағы ЕҰУ атынан «Лев Гумилев» медалі (2018).

     Мәдиева Гүлмира Баянжанқызының ғылыми және ұстаздық жолы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен байланысты. Осы жолға қадам басқаны кездейсоқ емес. Себебі, әкесі, Мәдиев Баянжан белгілі журналист, «Лениншіл жас» газетінде, «Қазақстан коммунисі» журналында қызмет атқарған. Қарымды журналист Нұрмахан Оразбек айтуынша, ұлт зиялылары Абай Бейсембаев, Сапар Байжанов Кәкім­жан Қазыбаев, Баянжан Мәдиев, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Тельман Жанұзақов, Бүркіт Ысқақов сияқты Әбілфайыз ағай да тұстас бір дәуірдің символына айналғанын байқадым. Анасы, Бектұрсынова Бүбіш, Қазақстанға еңбегі сіңген ұстаз, білім озаты. Мәдиева Г.Б., ата-анасы туралы тек ең жылы естеліктерді айтқанда, мейірімге толы, өте ынтымақты әрі тату отбасында өскендігін айтады. Гүлмира Баянжанқызының бүкіл өмірі білім беру, оқу ісі саласы, студент, магистрант, докторанттардың оқуы және тәрбиесімен тығыз байланысты. Ғылыми педагогикалық өтілі 35 жылдан асады.

   1979 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты филология факультетінің орыс бөлімін бітірген соң мемлекеттік тапсырыс бойынша Алматы облысы Нарынқол ауданының АКТУ-119-на жолдама алып, 1982 жылға дейін сол жерде ұстазтық етті. 1981 және 1986 жылдар аралығында С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) жалпы тіл білімі кафедрасының аға лаборанты қызметін атқарды.

     Ғылымға жол сілтеген ҚР КҒА академигі Алтай Сәрсенұлы Аманжоловтың жетекшілігімен «Шығыс Қазақстанның гидронимиясы» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын (1990), содан соң «Қазіргі Қазақстанның ономастикалық кеңістігі: құрылым, семантика, прецеденттілік, лемматизация» атты тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғады (1990 ж.).

   1991 және 1995 жылдар аралығында ҚР ҰҒА А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының ғылыми, содан соң аға ғылыми қызметкері болып жұмыс атқарды. 1996 жылдан бастап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жалпы тіл білімі кафедрасында өз қызметін жалғастырды: бастапқыда аға оқытушы қызметінде, 1997 ж. бастап доцент, 2007 ж. бастап профессор.

   2000 жылдың қараша айы және 2002 жыл, кейін 2009 және 2011 жылдар аралығында жалпы тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, екі кафедра (жалпы тіл білімі кафедрасы және шетел филологиясы кафедрасы) біріктірілген соң 2011 және 2021 жылдар аралығында жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Қазіргі таңда Мәдиева Г.Б. бұл кафедрада өз жұмысын профессор ретінде атқарып, магистратура және докторантура бөлімдерінде дәріс оқиды. Жыл сайын студенттік, ғылыми теориялық конференцияларға белсене қатысатын бакалавр, магистрант, докторанттардың ғылыми жұмыстарына жетекшілік етеді. Г.Б. Мәдиеваның ғылыми жетекшілігімен 1 докторлық диссертация, 8 кандидаттық диссертация және PhD докторы атағына 6 диссертация қорғалды.

   300 жуық ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектер жариялады, сонымен қатар оқу құралдары және монографиялар: «Ономастика теориясы және практикасы» оқу құралы, «Ономастиканың теориялық негіздері» (Ресей проф. В.И. Супрунмен бірлескен авторлықта) оқу құралы, «Таным мәтініндегі жалқы есім» монографиясы. Монография ҚР БҒМ РБК және РҒА Тіл білімі институтымен (Мәскеу) ұсынылған. Елеулі жетістіктерінің бірі – үйлесімді шығармашылық топтың құрамында қазіргі уақытта тұтынушылардың ауқымды аясында белсенді қолданысқа түсіп жүрген «Қазақ тілінің Алматы корпусы» жобасының әзірленуіне қосқан үлкен үлесі. Әр жылдарда ғылыми жобаларды орындау, конференцияларға қатысу және ғылыми тағылымдамалардан өту (Испания, Австрия, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Нидерланды) үшін Эрасмус Мундус, Эрасмус +, Русский мир қорының, Түркия Республикасының Сыртқы сауда Комитетінің, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің «Мемлекеттік тілді және Қазақстан халықтарының тілдерін дамыту» атты, т.б. аясындағы гранттар иегері.

   Тәуелсізді Қазақстанның ономастика тарихын жан-жақты әртүрлі шетелдік ғылыми орталықтарға, университтерге белсенді жариялайды: М. Ломоносов атындағы ММУ, Ресей; ММЛУ, Ресей; Амстердам университетінің фонетикалық зерттеулер институты, Нидерланды; UCL, Лондон, Ұлыбритания; РХДУ, Ресей; Вена экономика және бизнес университеті, славистика департаменті, Вена, Австрия; Валенсия политехникалық университетінің қолданбалы лингвистика орталығы (Валенсия, Испания); Joint National Committee for Languages – National Council for Language and International Studies (Вашингтон, АҚШ).

   Бірнеше жылдар бойы Мәдиева Г.Б. көптеген оқу, ғылыми және қоғамдық жұмыстарды белсене орындауда: ғалым хатшы (2000-2001), Д14 А.01.22 диссертациялық кеңес мүшесі, Қырғызстан Республикасы ҰҒА (Қырғызстан) Ш. Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институты жанындағы Д 10.17.547 диссертациялық кеңес мүшесі қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта «Известия Волгоградского государственного педагогического университета» (Волгоград, Ресей) журналының редакциялық алқа құрамының мүшесі, «Вопросы социолингвистики Московского института лингвистики» (Мәскеу, Ресей) редакциялық кеңес мүшесі, 1998 жылдан бастап «Аханов оқулары» атты жыл сайынғы ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырушысы. 2008 ж. және 2014 ж. ҚР БҒМ «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағы берілді, 2006 ж. «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ең үздік ғылыми-зерттеу жұмысы үшін» дипломымен марапатталды, факультеттің қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін факультет алғысымен марапатталды, «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» медалімен марапатталды, университеттің ғылыми өміріне белсене қатысқаны үшін алғыс хаттары мен мадақтамалары бар. Мәдиевой Г.Б. было присвоено Почетного профессора двух университетов: Восточно-Казахстанского государственного университета им. С. Аманжолова и Таразского инновационно-гуманитарного университета.

   Г.Б.Мәдиеваның барлық қызметі Тәуелсіз Қазақстанның қағидаттарын жүзеге асырумен байланысты. Қай жерде, қандай шетелдік университетте болмасын, ол әрқашан Қазақстанның Туын биік ұстайды.

Асылында, әр қадамын абайлап, ақырын жүріп, анық басатын, артында қалдырған игі істерін өзі де байқай бермейтін, бойындағы  ізгілікті төңірегіне тегін тарататын, жаны жомарт  жандар болады. Тумысында филология ғылымдарының докторы, профессор Раушан Әмірдинқызы Авакованы  осындай тұлғаларға жатқызсақ қателеспеген болар едік.

    Қарт Алатаудың бауырына тұмсығын тыға орналасқан, тұмса табиғаты бар  Алматыдай ерекше қалада дүниеге келіп, тәй басқан қадамнан азамат болар жасқа дейін астананың аурасымен өсудің де өз ерекшелігі бар сияқты. Саналы ғұмырын А. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздық етуге арнаған Роза ананың  ықпалы көп болды ма, талапшыл, арманшыл жастың жүрек қалауы болды ма – 1981-1986 жж. аралығында бұрынғы С.М. Киров, қазіргі Әл-Фараби  атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің қазақ тілі және әдебитеті мамандығын үздік дипломмен бітіріп шықты. Арасына уақыт салмай осы университеттің Жалпы тіл білімі кафедрасының күндізгі бөлімі аспиранты атанды. Болашақ ғалым алдағы бүкіл өмірінің  іргетасы болатын лингвистика әлемінің босағасына аяқ басып, фундаменталды классикалық филологияның майталмандарынан дәріс алды. Томанов Мархаббат, Сүйіншалиев  Қанғали, Каримов Хасан, Сайрамбаев Талғат, Зейнолла Қабдолов, Алтай Аманжолов, Әмен Қайдаров, Мырзабеков Сапархан, Қыраубаева Алма сынды тұлғалар бүгінде келместің кемесіне мініп кетсе де, жас ғалым қазақ филологиясында  аттары алтын әріппен жазылған аңыз адамдардың алдын көріп, аудиториясында отырды. 

    Раушан Амирдинқызының ғылым жолына жасаған алғашқы қадамы ескінің соңы, жаңаның басы болған мың тоғыз жүз тоқсан бірінші (1991) жылдармен тұспа-тұс келді. Азуы алты қарыс алып империя атанған – Кеңестік жүйенің көбесі сөгіліп, одақтас республикалардың бір-бірінен іргесін алшақтата бастаған кез еді. Қоғамдық үлкен өзгерістер болып, формациялар ауысып, жетпіс жыл қалыптасып, қанға сіңіп, бойға тарап кеткен идеологияның тас-талқаны шығып жатқан уақыт экономикадан бастап, ғылым-білім, өнер мен мәдениет деңгейінде де үлкен дағдарыстар туғызып жатты. Дәл осындай балапан басымен,  тұрымтай тұсымен кетіп жатқан кезеңде болашағы белгісіз, тұманды көрінген ғылымнан қол үзбей, академик Әмен Қайдаровтың  ғылыми жетекшілігімен  «10.02.02 – языки народов СССР (ұйғыр тілі)» мамандығы бойынша «Семантико-морфологическая характеристика глагольных фразеологизмов современного уйгурского языка» атты кандидатттық диссертациясын сәтті қорғап шықты.

   1991 жылдың желтоқсанындағы Қазақстан Республикасының Тәуелсіз мемлекет ретінде жариялауымен жас мемлекеттің жаңа даму жолы басталса, дәл осы жылы жаңадан ғана филология ғылымдарының кандидаты атанған Авакова Раушангүл Амирдинқызының тәуелсіз, дербес, азат Қазақстандағы ғылыми жаңа дәуірі мен өмірі басталды.

   Жылдарға жылдар қосылып, күн артқан сайын ежелгі көшпенділер даласын  түркілік рухты оятатын  «Мәңгілік ел» сарыны тербете бастады. Сарыарқаның даласы  Нұрсұлтандай нән қалаға айналды. Өз Атазаңы мен шекарасы бар, барлық атрибуттық символдары мен мемлекеттік тілі бар азат елдің алғашқы қадамдары оңай болмағаны белгілі. Білім мен ғылым – әрбір мемлекеттің жүрегі екенін ескерсек, жаңа туған нәресте-елдің жүрек соғысын қалыпқа келтіру де, бірізділікке түсіру де жеңілдікпен келмейтіні түсінікті. Тәуелсіздік алғаннан кейін ағартушылық жолында аянбай еңбек еткен, отандық  тіл білімі ғылымы мен Жоғарғы Мектеп саласында тоқтаусыз қызмет жасаған ғалымдар легінің алдыңғы толқынында тұрғандардың бірі де, бірегейі де – Раушангүл Амирдинқызы Авакова және оның замандас әріптестері болды.

   2003 жылы «Қазақ фразеологизмдерінің семантикасы» тақырыбында 10.02.02 – қазақ тілі мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғап, түркі, қазақ фразеосемантика сегментіндегі ірі ғылыми мектептерге негіз болатын  бағыттың іргетасын қалап берді.

   Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің  Жалпы тіл білімі кафедрасының доценті, 2004 жылдан  профессорлық  қызметін атқарды.

   2005-2007 жж. Халықаралық жоғарғы оқу орындарының келісімі бойынша Мәскеу лингвистикалық университетінде «Қазақ тілі орталығына» жетекшілік етіп, университет профессоры ретінде Мәскеу студенттеріне қазақ тілінен сабақ беріп, Абай тілінде сөйлете алды. Орталық 2003 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың, РФ ҚР Елшілігінің, әл-Фараби ат. ҚазҰУ-дың белсенді қолдауымен Орталық ашылып, 16 жылдан бері қазақ тілі екінші шет тілі ретінде оқытылып жүр. Проф. Р.А. Авакова Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшілігімен бірлестікте бірқатар дипломатиялық мәдени-ағартушылық іс-шаралардың көшбасшысы болды. Сол тұстағы еңбектері Ресей, ТМД, Қазақстандық БАҚ порталдарындағы көптегент сұхбаттарымен есте қалды. Р.А. Авакова ММЛУ-ға «Сіңірген еңбегі үшін» (2018) деген төсбелгімен марапатталды. 2007 жылы ғалым  «ҚР Үздік оқытушысы» грантының жеңімпазы атанды. 2008-2013 ж.ж. Әл-Фараби ат. ҚазҰУ-да  тұңғыш рет түркітану кафедрасын ашып, үлкен ұжымға жетекшілік етті, кафедра меңгерушісі болды. Түркітану саласындағы алғашқы кәсіби біліктілігі бар мамандарды оқытып шығарды.

   Авакова Раушан Амирдинқызы тәуелсіздік алғаннан кейінгі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ең ірі жобаларының бірі болған Халықаралық  «Болашак» стипендиясының иегері болу үлесін де бөлісті. 2013-2014 ж.ж. Америка Құрама Штаттарындағы Висконсин-Мадисон  университетінде ғылыми тағлымдамадан өтті. Осы тұста ерекше атап өтер мәселе – ғалым өзі тағылымдамадан өте жүріп, теңіздің арғы жағында тұңғыш рет қазақ тіліндегі Халықаралық конференция ұйымдастырып, Америка құрлығындағы ғылыми элитаға қазақ тіліндегі баяндамаларды тыңдатты.

    Бүгінгі таңда ғалым «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының меңгерушісі ретінде мыңдаған тіл теоретиктері мен түркітанушыларға кәсіби біліктілік беріп, әлемдік нарықта бәсекеге лайықты маман етіп шығару жолында аянбай еңбек етуде. Авакова Раушангүл Амирдинқызы 500–ден аса ғылыми еңбектердің авторы, атап көрсетсек: 5 –монография, 4- оқулық; 7 –оқу құралы , 3–оқу–әдістемелік нұсқау, 2– сөздік, 30 –аса жалпы тіл білімі, түркітану мамандықтары  пәні бойынша фундаменталды типтік бағдарламалардың   авторы. Ғалымның жетекшілігімен 13 ғылым кандидаттары  10.02.02 – қазақ тілі; 10.02.19 – тіл теориясы; 10.02.20 – салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салғастырмалы тіл білімі мамандықтары бойынша, 2 - PhD докторы дайындалды.   

    Жалпы тіл білімі және түркітану мәселелері, лингвистикалық мәдениеттану; этнолингвистика, қазақ және түркі тілдері фразеологиясы, сонымен қатар лексикогорафия теориясы, қазақ тілін екінші тіл және шет тілі ретінде оқыту және т.б. тіл білімінің көкейкесті мәселелерімен айналысуда ғалым қазақстандық ғылыми мектебін қалыптастырып келеді.

   Авакова Раушангүл Амирдинқызы мемлекеттік іргелі 5 ғылыми-зерттеу жобалардың жетекшісі болды. Тәуелсіздіктің туы желбіреп, азат елдің азаматтары өзінің даңғыл жолымен, өз тарихымен, өзінің ұлттық кодымен жаңа дәуірдің шымылдығын сыпырып, өзгеше салтанатпен болашақты бетке алып дамып келеді. Әзірге отыз  жылдық жас толқын тәжірибесі бар еліміздің бағыт-бағдары айқындалып қалды. Осы жолда Авакова Раушангүл Амирдинқызы сынды табиғатынан ғалым бітімді тұлғалар елдің ғылыми потенциалын көтеретін, интеллектуалдық мектебін қалыптастыратын алдыңғы қатар көшбасшылар болмақ.

Ибраева  Жанар Құлматқызы -  филология ғылымдарының докторы, түркітану және тіл теориясы кафедрасының профессорыЖанар Құлматқызы көрнекті ғалым, тіл білімі маманы, түркітанушы Құлмат Өмірәлиев пен педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Халық ағарту ісінің үздігі Бейсенбекова Аида Аршабекқызының отбасында дүниеге келген. Ол ата-анасы салған сара жолмен жүріп, олар нұсқаған сүрлеумен ілгері басып келеді. 

1999 ж. – «Национально-культурная специфика конвенциональных фразеологизмов с соматизмами (на материале русского, казахского и английского языков)» тақырыбында кандидаттық, ал  2010 ж. «Политическая лингвистика: билингвальное коммуникативное пространство» тақырыбында докторлық диссертацияларын сәтті қорғаған (ғылыми кеңесшісі ф.ғ.д., проф. Шаймерденова Н.Ж.). 2006 ж. қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағын иеленген.

Ж.К. Ибраеваның жалпы еңбек өтілі 25 жылды құрайды. Ғылым мен білім саласындағы алғашқы қадамдары еліміздің тәуелсіздік жылдарымен тұспа-тұс келген Жанар Құлматқызы осы күнге дейін Қазақстанның білімі мен ғылымын дамытуға бар күш-жігерін жұмсап жүрген қазіргі тіл білімі саласындағы алдыңғы қатарлы ғалымдардың бірі.

2002 жылдан бастап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, доценті, профессоры қызметтерін атқарып келеді. Жанар Құлматқызы кәсіби шеберлігімен, ізденімпаздық, жаңашылдық қасиеттерімен ерекшеленіп, шәкірттерінің ерекше құрмет тұтатын ұстаз ғалымдарының бірі болып табылады. Бакалавриат, магистратура, PhD  докторантурада лингвистикалық курстар бойынша дәріс оқып, практикалық сабақтар жүргізеді. Ж.Қ. Ибраеваның әр сабағы жаңашылдыққа толы. Ол әлем ғылыми кеңістігіндегі соңғы жаңалықтарды саралай отырып, дәрістер мен семинар сабақтарында студенттерге тың деректер ұсынып, ғылыми жаңалықтармен бөлісіп отыруға тырысады. Жанар Құлматқызы өзіне да, шәкірттеріне жоғары талап қоят тұра, өте қамқор және аса мейірімді. Талапшылдығы арқасында студенттерге терең лингвистикалық білім беріп, мейірімділігі арқасында әрбір шәкірт жүрегенін орын ала білген қамқор ұстаз.

Ж.Қ.Ибраева «Лингвистика» мамандығы бойынша мемлекеттiк бәрiне мiндеттi стандарттың (Э.Д. Сулейменова, Г.Б. Мадиевамен авторлық бірл.) және «Лингвистика» мамандығы бойынша жұмыс оқу жоспарының құрастырушысы, 15 типтік оқу бағдарламаларының авторы, «Лингвистика» білім беру бағдарламасының координаторы.

Ж.Қ. Ибраева ғылыми, оқу-әдістемелік жұмыстармен жемісті айналысып келеді. Осы уақытқа дейін 100 ғылыми, оқу-әдістемелік жарияланымдары, оның ішінде монографиялар, оқу құралдары, ҚР БҒМ ұсынатын басылымдарда және сонымен қатар «Scopus» халықаралық мәліметтер базасына енетін журналдарда ғылыми мақалалары жарық көрген.

Ж.Қ. Ибраева ҚР БҒМ талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендиясының стипендиаты (2006-2008); «ҚазҰУ үздік жас ғалымы-2008» байқауының жеңімпазы (2008);  «ЖОО Үздік оқытушысы» атағының иегері (2015 ж.); «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2019). Қазақ ұлттық университетінің дамуына қосқан үлесі мен ерен еңбегі үшін «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 80 жыл» (2016), «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен (2021 г.) марапатталды.

2014-2018 жж. «Лингвистика», «Филология» мамандықтары бойынша диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы; 2016-2018 жж. - Д.10.17.547 Диссертациялық кеңесінің мүшесі (Кыргызстан); 2019-2021 жж. «Лингвистика» профилі бойынша диссертациялық кеңестің төрағасы, 2021 ж. бастап «Филология» профилі бойынша диссертациялық кеңестің төрағасы (ҚазҰУ); 2020-2021 жж. -«ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы» ғылыми журнал редакциясы жауапты хатшысы қызметтерін атқарып келеді.

Таусоғарова Аяужан Қайратқызы - 2004 жылдан қазіргі уақытқа дейін түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті. 2000 жылы А.Қ. Таусоғарова 10.02.02 – қазақ тілі мамандығы бойынша «Өлең мәтіндерінің синтаксистік ерекшеліктері» тақырыбындағы филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясын сәтті қорғады (ғылыми жетекшісі – проф. Т.Сайрамбаев). 2007 жылы «Тіл білімі» мамандығы бойынша доцент ғылыми атағын алды. Ғылыми қызығушылық саласына поэтикалық мәтін интерпретациясы, сот-лингвистикалық сараптама, прагмалингвистика теориясы, екінші тілді меңгеру теориясы мәселелері енеді. А.Қ. Таусоғарова авторлығымен 1 монография – «Тілдік қақтығыс: заң тоғысы, тәжірибе, шешім» (2015) және бірлескен авторлықта 2 монография – «Ментальді маркерленген концептілер» (Э.Д. Сүлейменова, Р.С. Амренова, И.С. Каирбекова, 2014), «Масс-медиа: этнос имиджінің тілдік деректері» (Р.Д. Қарымсақова, Ұ. Парманова, Ж.А. Әлішева, 2018), 3 оқу құралы – «Өлең мәтіндерінің синтаксистік ерекшеліктері» (2004), «Сот-лингвистикалық сараптама мәселелері» (2006) және «Қорлау және жала жабу: сарапшының көзқарасы» (бірлескен авторлықта, 2013) және 60-тан аса ғылыми мақалалары отандық және шетелдік басылымдарда жұмыстары жарық көрді.

А.Қ. Таусоғарова 2008 жылдан бері «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау Халықаралық Қорында ақпараттық даулар бойынша мәтіндерге білікті филолог-маман ретінде лингвистикалық талдау жүргізуге жиі тартылады.  Доцент А.Қ.Таусоғарова ҚР Білім және Ғылым министрлігі қаржыландыруымен  4716/ГФ4  «Қазақ және орыс тілдеріндегі масс-медиа этностереотиптерінің контент-талдауы» ғылыми-зерттеу жобасына жетекшілік етті (2015-2017).

       Мәмбетова Мәншүк Құдайбергенқызы филология ғылымдарының кандидаты, түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті. 2001-2003 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тілдерді дамыту бөлімінің жоғары категориялы аудармашысы, 2003-2006 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті жалпы тіл білімі кафедрасында оқытушы, 2006-2008 жылдары аға оқытушы, 2008 жылдан бері жалпы тіл білімі кафедрасында доцент міндетін атқарушы, сонымен қатар 2011 жылдан бері қосымша кафедра меңгерушісінің оқу-ісі жөніндегі, ғылыми-инновациялық жұмыстар және академиялық мобильділік жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып келеді.

   Әртүрлі ғылыми басылымдар мен республикалық және халықаралық ғылыми конференциялар материалдарының жинақтарында 60-тан аса ғылыми мақаласы жарық көрді. Республикалық және шетелдік әртүрлі конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады. Скопус базасына кіретін журналдарға 3 мақаласы жарық көрді: «Kazakçada başlangiç-dönüşümlü (inhoatifhâl Bildiren) fiiller ve onlar üzerinde evre Belirleme: kazakça konuşurlarinin Tutumlari üzerine deneysel bir inceleme» «Turkbilig», қараша 2015/29. – 19-44 б. «Neologisms In Online Dictionaries As A Reflection Of Social Changes And Formation Of The Social Structure Of Society». International Journal of Scientific & Technology Research Volume 8, Issue 12, December 2019. – P. 1432-1435. «Linguistic features of the terminological system of Beauty industry». Journal Opción. 2019. Скопус базасындағы конференцияларда «Kazakh Official Cliches and the Issue of teachig them», «Teaching Fundamental of Corpus Discipline «The Introduction to Linguistics» on Basis of Drawings and Tables» тақырыптары бойынша баяндама жасады. 2019 жылдан бері «6В01704 – Шетел тілі: екі шет тілі», «6В02308 – Шет тілдері және мәдениетаралық қарым-қатынас», «7М01704 – Шетел тілі: екі шет тілі» (2 жылдық) «7М01704 – Шетел тілі: екі шет тілі» (1,5 жылдық), «8D01705 – Шетел тілі: екі шет тілі» оқу бағдарламаларының, «7М01705 – Шетел тілі: екі шет тілі» (РХДУ) қосдипломды оқу бағдарламасының координаторы. М.Қ. Мәмбетова 2016 жылдың 04 наурызында №78 ректордың бұйрығымен университеттің дамуына қосқан үлесі үшін «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Қортабаева Гүлжамал Қыдырбайқызы - «Қазақ поэтонимдерінің этнолингвистикалық сипаты», «Паспорт образовательно-профессиональной программы» атты оқу-әдістемелік құралдың (2015), «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» (2016), «Түркі ономастикасы» (2017), «Түркі мифологиясы» (2019) атты оқу құралдарының авторы. 100-ден астам ғылыми-танцымдық мақалалары ККСОН және Scopus базасына енетін журналдарға жариялап келеді.

        Түркітану саласы бойынша Түркиядағы Стамбұл университеті мен Айдын университетінде симпозиумда ғылыми баяндамалар жасады, шетелдік тағылымдамада Нидерландыда болған. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Когнитивно-лингвокультурологическая методология как универсиальная концептуальная основа современной теории иноязычного и полиязычного образования» (2011-2012), 0168 ГФ «Языковая картина мира тюркских языков» (2012-2015), АР05133201 «Контактология: түркі өркениетінің әлемдік  мәдениетке   ықпалы» (2017-2020) атты ғылыми жобаларға қатысушы. Қортабаева Гүлжамал «Айбергенов әлемі» (2012-2013), «Тамыр» (2015) атты журналдардың редакторлық қызмет атқарған. Университет туралы имиждік мақалалары республикалық, облыстық «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Түркі әлемі», «Маңғыстау», «Жаңа Өзен» және Түркияда шығатын газеттерге және «Таңшолпан, «Аңыз адам», «Айбергенов әлемі» журналдарына жарияланған.

         Түркия Республикасының Елшілігінің 2009), ҚР Білім және ғылым министрлігінің (2010) және Шет тілдер және іскерлік карьера университеті ректоры (2012), Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры (2015), Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры (2017) Құрмет грамоталарымен, Алматы қаласы әкімдігінің Мақтау грамоталарымен, Гейдар Алиев Атындағы Қор вице-президентінің және «Әзербайжан дүниесі» журналының арнайы  Алғыс хатымен марапатталған.

Түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті, кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық және халықаралық байланыстар бойынша орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты - Бектемірова Сәуле Бекмұхамедқызы. Сәуле Бекмұхамедқызының ел болашағы үшін атқарып жүрген елеулі істері өте көп. Оның жалпы тіл білімі және түркітану мәселелері, көне түркі тілі, этнолингвистика, лингвомәдениеттану, лексикология, семасиология және т.б. тіл білімінің көкейкесті мәселелері бойынша АҚШ, Венгрия, Испания, Түркия, Болгария, Ресей, басылымдары мен жоғары дәрежелі, халықаралық ғылыми-теориялық, конференцияларында талқыланып, ғылыми еңбек ретінде журналдар мен ғылыми жинақтарда ҚР БжҒМ Бақылау комитеті бекіткен басылымдарда, республикалық семинар, форумдар мен дөңгелек үстелдер материалдары негізінде жарияланды. С.Б.Бектемірова Thomson Reuters, Scopus базасындағы мақалалары, ҚР БжҒМ грифімен шыққан оқулығы, оқу құралдары, монографиялары, оқу-әдістемелік кешендері сынды автордың жарық көрген ғылыми еңбектері баршылық.  

   С.Б.Бектемірова 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті филология факультетінің «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бакалавриатты, 2000 жылы «тіл теориясы» мамандығы бойынша магистратураны, 2003 жылы 10.02.20 – салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салғастырмалы тіл білімі мамандығы бойынша аспирантураны бітірді. Ең алғашқы жұмыс тәжірибесін 2000-2001 жж. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті көркем-сурет факультетінде оқу шебері маманы қызметін атқарудан бастады. 2000-2003 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті жалпы тіл білімі кафедрасында сырттай аспирантура бөлімінде оқыды. 2005 жылдың маусым айында филология ғылымдарының докторы, профессор Р.Ә.Авакованың жетекшілігімен, 10.02.02 қазақ тілі мамандығы бойынша «Қазақ тіліндегі киноморфизмдер» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.

     С.Б.Бектемірова Кастамоно университеті, Ыстамбұл университеті (Түркия)Висконсон-Мэдисон университетінде (АҚШ), Батыс Венгрия университетінде (Венгрия); (Түркия); Вашингтондағы біріккен ұлттық тілдер комитеті (АҚШ) сынды әлемдік деңгейдегі оқу орындарынан ғылыми тағылымдамадан өтті. Бектемірова ҚР БжҒМ Ғылым комитеті Фундаменталды және қолданбалы зерттеу салалары бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған бірнеше гранттық жобалардың орындаушысы. Оннан аса еңбегі авторлық құқыққа ие. 2017-2018 жж. С.Б.Бектемірова «Қазақфильм» киностудиясы мен «Сатайфильмнің» режиссері А. Сатайдың «Томирис» фильмінде көне түркі тілі бойынша кеңес беруші, аудармашы, дыбысын қадағалаушы қызметтерін атқарды. С.Б.Бектемірова бакалавриат, магистрант, PhD докторанттардың ғылыми жетекшісі. Ғылыми-педагогикалық қызметінде ғылыми, оқытушылық, қоғамдық, ұйымдастырушылық жұмыстары үшін алған алғыс хаттары, допломдары, мақтау қағаздары сынды марапаттары жетерлік.

   С.Б.Бектемірова ҚР Білім және Ғылым министрлігі тағайындаған талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік шәкіртақы (2012), Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының университеттің дамуына қосқан үлесі үшін тағайындаған алтын медаль (2016), ҚР Білім және Ғылым министрлігі тағайындаған «Үздік оқытушы – 2017» байқауының жеңімпазы, «Үздік ғылым кандидаты» байқауының жеңімпазы (2020) секілді марапаттардың иесі. Қазіргі уақытта бүкіл адамзаттың білімін жетілдіру үшін барлық жағдай жасалған. Мүмкіндіктер заманы десек те болады. Оны жоғарыдағы орта буын өкілінің өмір жолындағы жеткен жетістіктері мен істеген еңбегінің нәтижесінен көруге болады. Өмір жолын адам өзі таңдайды деген осы!

     Кафедра шет елдік жоғарғы оқу орындармен терең ғылыми байланыстар орнатқан. Жыл сайын оқытушылар, докторанттар мен магистранттар алдыңғы қатарлы шетел университеттерінде, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарында тәжірибе алмасады, халықаралық ғылыми конференцияларға және әр түрлі ғылыми қоғамдастықтардың жұмыстарына, университет аралық жинақтардың редакциялық алқасына қатысады. Бүгінгі таңда кафедра таяу шетелдерден: М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен (Ресей), Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университеті (Ресей), Баку-славян университеті (Әзербайжан); алыс шетелдерден: Иоганнкеплер университеті (Австрия), Лиссабон университеті (Португалия), Кадис университеті (Испания), Мэриленд университеті (США), Индиана университеті (США), Амстердам университеті, Утрехт университеті (Нидерланд), Бирмингем университеті (Ұлыбритания), Гранада университетімен (Испания), Гиссен университеті (Германия), Стамбул, Анкара, Хаджеттепе, Билкент, Ерзинджан, Мәрмәр, Ататүрік, Анкара, Гази, Еге, Кастамону университеттері (Түркия), Донггук университеті (Корея) және т.б. университеттермен академиялық ұтқырлық және ғылыми мәселелер бойынша қарым-қатынасын нығайтуда.

Халықаралық байланыстар ғылыми конференцияларға қатысу түрінде, педагогикалық жұмыстармен тәжірибе алмасу, ғылыми дәрістерді тыңдау мен кеңестер, академиялық ұтқырлық бойынша студенттер алмасу арқылы жүзеге асырылады. Кафедра оқытушыларының 95% – факультеттегі оқу топтарының куратор-эдвайзерлері. Куратор-эдвайзерлер оқу жылында студенттік топтарға әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырады, факультеттік және университеттік іс-шаралар жүргізуге көмек, қолдау көрсетеді.

   Кафедрада 20-дан астам клубтар мен ғылыми-студенттік үйірмелер: «Жас лингвистер», «Түркі әлемі», «Роман-герман тілдері», «Ағылшын драмасының үйірмесі», «The school of new reporter», «Ономастика теориясы», «Ағылшын әндері үйірмесі», «Speechcraft», «Toast Masters club», «Сот-лингвистикалык сараптама», «Мұрагер» еріктілер қозғалысы жұмыс істейді. Орталықтар мен клуб жұмыстарына бакалавр және магистрлік білім жүйесінде оқитын тәлімгерлердің 100% қамтылған.

Әл-Фарабидің білімді ақылмен ұштастырғанда ғана адами болмысымызды сақтап қалатындығымыз туралы қанатты сөзін саналарына мықтап бекіткен кафедра ұжымы бүгінде белсенді, берекелі еңбектенуде. Ұстаздардың өнегелі тәрбиесі мен бір-біріне деген мейірімге, жылулыққа толы көзқарастары талай жанның жүрегін жылытып, көңіліне сенім ұялатары айқын. Аталған оқытушыларымыз жас буын өкілдерін тек біліммен ғана сусындатып қоймай, оларды толық қанды азамат етіп тәрбиелеуге, өмірлік жолды таңдауда әр адамның адами қадір-қасиеттердін бойына сіңіруге, жарқын болашақ үшін ерінбей, тынбай еңбек етулеріне қол ұштарын беріп, демеп отыратын жандар. Әрі білімді тәрбие құралына айналдыра білген кафедра ұжымы жыл сайын студенттердің біліктерін шыңдау мақсатында шығармашылыққа негізделер кештер: «Түркі жазуы мейрамы», «Славян жазуы мейрамы», білгірлерді сынар сағаттар: «Үздік лингвист», «Тіл өнері», «Шет тілдер апталығы», «Vagitus» студенттер журналын ұйымдастырып отырады. Әр оқытушының өзіне тән өзіндік әлемі, тартымды талғамы, рухани мол байлығы, айналасына деген мейірімі мен мол шапағаты өзінше ерекшеленіп тұрады. Сыпайылықты жандарына серік қылған, ғылымға адалдықты берік ұстанар ғалым-ұстаздар – өз шәкірттеріне ғана емес, жалпы ғылымның ертеңін күйттеп, елдің еңсесін түсірмеуді армандайтын алғыр азаматтарға айнымас үлгі.

   Кафедра мүшелерінің тынымсыз еңбектері мен адал қызметтерінің арқасында 2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Үздік кафедра» байқауының «Ғылыми жетістіктері үшін» номинациясы бойынша жеңімпаз атанғанып, үлкен марапатқа ие болғандығын тілге тиек етуімізге әбден болады.

   Сонымен бірге ҚР Білім және ғылым министрлігінің жыл сайын өткізілетін «ЖОО-дағы үздік оқытушы» конкурсына қатысып, кафедра оқытушылары (филология ғылымдарының докторы, профессорлар Э.Д. Сүлейменова, Р.А. Авакова, Г.Б. Мәдиева, Ж.Қ. Мәдиева, С.Б. Бектемирова және талантты жас ғалымдардың стипендия иегерлері ретінде (филология ғылымдарының докторы, профессор Шайкенова Л.М., филология ғылымдарының докторы, профессор Ибраева Ж.К., PhD доктор Д.А. Карағойшиева, филология ғылымдарының кандидаты С.Б. Бектемірова және т.б.) жеңімпаз атанғанын да зор мақтанышпен айта аламыз.

  • ·          Кафедраның негізгі бағыттарының жаңаруы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылымды дамыту тұжырымдамасымен толығымен сәйкес жүзеге асырылып келеді. Кафедра оқытушыларының, докторанттарының, магистранттарының ғылыми зерттеулері төмендегідей шеңберде жүргізіледі: «Салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салғастырмалы аспектілердегі тіл бірліктері» жоспарлы мемлекеттік бюджеттік тақырып;
  • ·     2003-2005 жж. Қазақстан Республикасы ғылым қорының іргелі зерттеулер бағдарламасына енгізілген "Динамика функционального развития государственного языка и эффективность новой языковой политики РК: 1991-2001" тақырып (Э.Д. Сүлейменова, Н.Ж. Шаймерденова, С.Ю. Сон, Ж.С. Смағұлова, сонымен қатар К.Ш. Құсаин (ҚР ҰҒА Тіл білімі институты), Б.Х. Хасанов (Қазақ қыздар педагогикалық институтының гендерлік зерттеулер орталығы);
  • ·               "The Lexicographical Description of Loanwords in Kazakh" INTAS-96-0073 (ИНТАС (International Association for the promotion of cooperation with scientists from NIS халықаралық жобасы; үйлестірушілер Х. Бушотен, Нидерланды и Л. Йохансон, Германия), бұл жобаны дайындауға 1996-1999 жж. Э.Д.Сүлейменова, Р.А. Авакова, Г.Б. Мәдиевалар қатысты;
  • ·          Интернетке арналған қазақ тілінің Модулін құру жөніндегі Халықаралық жоба ( 1999-2003), оған ACTR/ACCELS (М. Лекич), Индиана университеті (У.Фиерман), Чикаго университеті (Д. Ақанова), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Э. Сүлейменова), Қазақ мемлекеттік заң академиясы (К. Қадашева), ҰҚК қазақ академиясы (А. Алдаш) қатысты;
  • ·          Түркия мәдениет министрлігінің "YENI TYRKIYE" халықаралық жобасы (жобаның үйлестірушісі Х.Д. Акараджа, Анкара), бұл жобаға 2001-2002 жж. Э.Д. Сүлейменова, Р.А. Авакова және т.б. қатысты;
  • ·          АCTR/ACCELS "Six Language Test Development Project Kikongo / Hausa / Yoruba / Kazakh / Uzbek / Tajik" халықаралық жобасы; орындау мерзімі – 2008-2009; жұмыс тобы – Э.Д. Сүлейменова, Д.Х. Ақанова, Д.А. Қарагойшиева, Ж. Күзембекова;
  • ·          "Русский мир" қорының «Создание комплекта адаптированных учебных пособий по морфологии русского языка для филологических специальностей университетов Республики Казахстан» атты халықаралық жобасы; орындау мерзімі – 2008-2009; жоба жетекшісі – Э.Д. Сүлейменова; жұмыс тобы – О. Алтынбекова, Л. Екшембеева, З. Сабитова, Ю. Куличенко;
  • ·          "Создание и адаптация учебников по русскому языку и литературе" халықаралық жобасы; грант беруші – «Санкт-Петербургский государственный университет» федеральдық мемлекеттік жоғары кәсіптік білім беру мекемесі; орындау мерзімі – 2007-2008;   

    Кафедра ғылыми және педагогикалық халықаралық байланыстарды қолдауды жалғастырып келеді. Шетелдік ғалымдарды докторлық және кандидаттық диссертацияларға оппонент болуға шақыру қаржылық қиындықтар туындататыны белгілі. Осыған қарамастан ресми оппонент ретінде белгілі социолингвист профессор А.О. Орусбаева (Қырғызстан, Бішкек); проф. А.М. Карапетьянц (М. Ломоносов ат. ИСА МГУ), проф. Т. Тань-Аошуань (М. Ломоносова ат. ИСА МГУ), проф. В.И. Аннушкин и В.А. Мамонтов (А.С. Пушкин ат. Институт, Мәскеу), проф. Е.Ю. Протасова (Хельсинки университеті, Финляндия), проф. А.А. Залевская (Тверь университеті) және т.б.

     Кафедра оқытушылары Қытай, АҚШ, Түркия жоғары оқу орындарында жұмыс істеді, Чехия, АҚШ-та оқыды, АҚШ, Қытай, Түркия, Венгрия, Словакия, Словения, Болгария, Нидерланды, Германия, Финляндия, Чехия, Польша, Украина, Белоруссия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б. Халықаралық конгрестер мен конференцияларда баяндама жасады. Халықаралық ғылыми ынтымақтастық аспиранттар мен докторанттарға ғылыми жетекшілік етуден де көрінеді: проф. А.С.Аманжолов, Э.Д. Сүлейменова, Н.Ж. Шаймерденова, доц. Р.А. Авакова, Г.Б.Мәдиева және т.б. Қытай, Корея, Жапония, АҚШ, Германия, Испаниядан келген аспиранттардың ғылыми жетекшісі және кеңесшісі болды.

     Кафедрада 9 – филология ғылымының докторы, 11 – филология ғылымдарының кандидаты, 13 – PhD докторы, гуманитарлық ғылымдар магистрі, оқытушылар мен аға оқытушылар санын құрайтын 78 ұстаз қызмет істейді.

   Биыл Тәуелсіздігімізге 31 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған жас мемлекеттің тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тәуелсіздіктің  орта жолынан асқанда әрбір саналы қоғам мүшесі  «Отыз  бір жылда біз қайда келдік?», «Беталасымыз, мақсаттарымыз айқындалды ма?»,  «Жеке басым мемлекетіме не бере алды?» деген сауалдарға жауап іздегені дұрыс. Отыз  бір жылдық өткел – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет.

   Жас мемлекеттің аяғынан тік тұрғанша түрлі дағдарыстардан өтетіні белгілі. Дағдарыстың әсері қоғамның барлық саласына салқынын тигізбей кетпейтіні де түсінікті. Әсіресе, мемлекеттік құрылымның  генераторы, қозғаушы күші болып табылатын ғылым мен білім секторында мұндай құбылыстар анық байқалады. Осындай еліміздің ағарту саласындағы сын сағаттардан  сүрінбей өтуге себепші болған тұлғалар – бүгінгі Жоғарғы мектептің профессорлық-оқытушылық құрамы болды. Ғалымдар жүріп өткен отыз бір жылдық ілім жолына үңілер болсақ – қым-қиғаш қиындығы мен тартысы мол, сауалы мен сұрағы көп парақтарға тап боламыз. Нәтижесінде, өз ұстанымы мен даму көкжиегі бар, еңсесі тіктелген, ұлттық рухқа негізделген, екінші демі ашылған  фундаменталды ұлттық  ғылымның, ұлт ғалымдарының қалыптасып шыққанын көріп отырмыз. Қуатты елдің иесі – білімді ұрпақ.