Дәстүрге айналған танысу кеші

25-қыр-23

Көрулер: 464

Қиыр Шығыс кафедрасының жапонтану бөлімінде біраз жылдан бері қалыптасқан бір жақсы дәстүр бар – оқу жылының басында жоғарғы курс студенттері оқуға жаңадан түскен студенттерге арнап танысу кешін өткізеді. Студенттер арасында өзара достық қарым-қатынас пен сыйластық орнауына сеп болатын өте жақсы дәстүр.

         Биыл да бөлімнің 2-курс студенттері осы кешті ұйымдастырып, «шығыстану», «шетел филологиясы» мамандықтары бойынша жапонтану бөліміне түскен 23 студентке қоса, Жапониядан ҚазҰУ-ға оқуға келген 15 шақты жапон студентіне де тамаша көңіл-күй сыйлады.

         Студенттер қолымен әсем безендірілген аудиторияда кешті ашқан деканның оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ү.Ә.Әмірбекова, Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі А.Б.Абаған және жапонтану бөлімінің тәжірибелі ұстазы С.К.Боранқұлова сынды оқытушылар жапонтану, жапон тілі деген әлемге жаңадан қадам басқан студенттерге ақ жол тілеп сөз сөйледі.

         Әр курс түрлі жолмен қызықты етіп өздерін таныстырғаннан бөлек, ән-би, ойынмен кешті қыздырды. Мысалға, кештің негізгі ұйытқысы болған 2-курс студенттері Дария презентация арқылы өз курсын ерекше мазмұнда таныстырса, Абен домбырамен күй шертіп, Анель қобыз тартып, Дима мен Мөлдір жапонша ән айтып, Амина, Айкөркем, Әсел, Ділдә төртеуі юкатамен жапонның биін билеп, Малика Kahootпен Жапонияға қатысты тартымды ойын ойнатты. Сондай-ақ, жазда Бункёгакуин университетіне оқуға кеткен Аяла мен Мирас Токиодан видеожолдау арнады.

Жапон студенттері де қалыс қалмай, Цукуба университетінен келген Риса Икезое қазақша «Алтынай» (Мөлдір Әуелбекова) әнін шырқаса, Токио халықаралық зерттеулер университетінің студенті Такуму Санно домбырамен «Көрұғлы» күйін тартып берді. 1-курс студенттері де тартынбай жапонша сөйлеп, жапонша ән айтып, семпайларын тәнті етті. Барлығы дерлік Жапонияға оқуға барып қайтқан 4-курс студенттерінің сахнадағы бейнесі, 3-курс студенті, факультеттің Студенттік деканат басшысы Ажардың сөзі кохайларына шабыт пен сенім сыйлағаны анық.  

Кеш дастарқансыз, ал ойындар жүлдесіз болған жоқ. Кешке қатысқан әр адам әртүрлі әсермен қайтса да, бір жылылық сезініп қайтқаны сөзсіз.