ЮНЕСКО-Бейімдеу қорының аймақтық алмасу бойынша «Reducing vulnerabilities of populations in the Central Asia region from glacier lake outburst floods in a changing climate (GLOFCA)» үшінші халықаралық семинары

26.03.2024

Көрулер: 109

2024 жылдың 6 және 7 наурызында Тұрақты дамудың 13 және 15 мақсатын жүзеге асыру шеңберінде метеорология және гидрология кафедрасының оқытушылары, магистранттары және студенттері Алматыдағы ЮНЕСКО кеңсесі ұйымдастырған «UNESCO-Adaptation Fund GLOFCA Third Regional Exchange Workshop: Progress towards installation of Early Warning Systems» атты халықаралық семинарға қатысты. Семинарға әлемнің түкпір-түкпірінен келген апатты құбылыстардың қаупін басқару саласындағы жетекші зерттеушілер мен сарапшылар, Орталық Азия елдерінің төтенше жағдайлар министрліктерінің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

 

 

GLOFCA жобасы апатты құбылыстардың қаупін азайтуға, төтенше жағдайларға және климаттың өзгеруіне бейімделуге жауапты мекемелер мен мемлекеттік қызметкерлердің бақылау, аналитикалық және әрекет ету потенциалын нығайтуға, жергілікті қауымдастықтар деңгейінде және гендерлік аспектілерді ескере отырып оқыту және ақпараттандыруға, сондай-ақ қажетті мониторинг стратегияларын пайдалана отырып, ерте ескерту жүйелерін құруға бағытталған.

 

 

Кафедра оқытушылары мен студенттері аймақтың тұрақты дамуының мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға және оларға қол жеткізуге белсенді атсалысуда. Соның бір мысалы ретінде сел қаупін басқарудың интеллектуалды ақпараттық жүйесін айтуға болады. Осыған орай, семинарда метеорология және гидрология кафедрасының аға оқытушысы, г.ғ.к., А.К.Мусина «Adapting the mudflow database for the Talgar basin» тақырыбында баяндама жасады. Өз баяндамасында ол сел тасқындарының қалыптасуында жедел шараларды тиімді қабылдау және уақтылы әрекет ету үшін мәліметтер базасын құру мен және жаңарту қажеттілігі мен маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, сел қауіптілігі туындаған жағдайда оңтайлы шешім қабылдау үшін қажетті мәліметтерді анықтау, жинау, өңдеу және талдауды қоса алғанда, мәліметтер базасын басқа сел қаупі бар алаптарға адаптациялау алгоритмін ұсынды. Сондай-ақ, жобаның мүшесі болып табылатын метеорология және гидрология кафедрасының аға оқытушысы Ж.Т. Райымбекова және кафедра магистранттары «Engaging students in GLOFCA hazard assessment and modelling» тақырыбында GLOFCA қауіптіліктерін модельдеу және бағалау бойынша Фараби университетінің студенттерін зерттеуге бейімдеу нәтижелерімен бөлісті.