Жапон тіліндегі шешендік өнер

04.03.2019

Көрулер: 1738

ҚазҰУ-да дәстүрге айналған Қазақстан бойынша жапон тілінен шешендік өнер сайысы болып өтті.

Қазақстандағы Жапония елшілігі, Қазақстан жапон тілі оқытушылары қауымдастығы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен өткен сайыс Жапония мен Қазақстан арасындағы тығыз дипломатиялық қарым-қатынастардың айғағы деуге әбден болады. Сайысқа Қазақстандағы жапон қауымдастығы, Қазақстандағы жапон кәсіпкерлері қауымдастығы, Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығы, Жапон қоры демеушілік жасап, Жапонияның Цукуба университеті, “Теракоя” қоғамдық ұйымы, Sony Electronics компаниясы, қазақстандық “New & Rare Resources” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зор қолдау көрсетті.

Шарада сөз алған ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов ұйымдастырушылар мен демеушілерге алғыс білдіріп, сайыскерлерге сәттілік тіледі.
Сайысқа Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығынан барлығы 10-нан астам сайыскер қатысты.

Сайыста Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тацухико Касаи, Қазақстандағы жапон қауымдастығының төрағасы М. Хиросуке, Қазақстандағы жапон кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы М.Тошиаки және жапон тілі оқытушылары әділ қазылық етті. Байқау нәтижесі бойынша бас жүлде - Жапонияға жолдаманы ҚазҰУ студенті Балтабай Сандуғаш жеңіп алса, 2-ші орынды Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенті Сейфуллаев Ернүр, 3-ші орынды тағы да ҚазҰУ тәлімгері Тапенова Гүлден иеленіп, Батырхан Құрмансейіт атындағы арнайы жүлдені Бақыткелді Сәулет жеңіп алды. Сайыс соңында басқа да орындар бойынша анықталған жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.